Адам туа сала жазушы не журналист болмайды. Жақсы жазу, сауатты жаза білу – жүре келе қалыптасатын, дамитын қасиет. Бұл жазбамыз журналистика саласынан жаңа ауызданып не осы іске жаңадан қызметке орналасқан жандарға арналады.
Көркем тіл. Жазбаңызда жақсы ой айтылғанымен, «су татып тұрса», яғни тұзсыз, дәмдеуішсіз, сылдыр сөз болса, оқырмандар келесіде сізді оқығысы келмейді. Жазба тақырыбы жұтынып, тілі шұрайлы болғанда ғана жоғары бағаланады. Сондықтан бос уақытыңызда кітаптан ажырамаңыз. Жай оқып қана қоймай, ішіндегі теңеу, эпитет секілді көркем сөздерді көшіріп жазып алып, өңін өзгертіп өз жазбаңызға қолдансаңыз да болады.
Сауатты жазба. Сөйлем құрылысы, сөз қолданысы жөнінен қате жібергіңіз келмесе, мектеп оқулықтарына көз жүгіртіп, ескермеген ережелеріңізді қайталап шықсаңыз болады. Ал оған қарағанда тағы бір тиімді тәсілі – көркем әдеби стильде жазылған кітаптарды, публицистикалық стильде жазылған газеттердегі мәтінді толығымен көшіріп жазу. Бір қарағанда, еріккеннің ермегіндей боп көрінуі мүмкін. Бірақ үзбей, үнемі көшіріп отырсаңыз, нәтиже байқалады.
Компьютерде соқыр терім тәсілін меңгергенде, пернетақтаға қарамаймыз ғой. Әріптерді тез әрі дұрыс тереміз. Бірақ пернетақтада Й-ден кейін қандай әріп десе, Ц екенін, А әрпі В мен П әрпінің ортасында екенін жатқа айта алмаймыз. Ол саусақтарымызда жатталып қалады. Сол секілді көшіріп жазғанда да өзіңіз елемеген ережені саусақтарыңыз жаттап, сөздер мен сөйлемдерді қатесіз құруға көшіру әдісі жақсы көмектеседі.
Өз ісіне махаббатпен қарайтын, жұмысын жақсы көретін, жан-жүрегімен беріліп қызмет ететін адам үнемі ой үстінде жүреді. Табан астынан тақырып табуға тырысады. Жақсы идея адам санасына түнгі мезгілде немесе көшеде жүргенде, табиғат аясында сап ете түседі. Осыдан қалыс қалмай, ойды мида пісіріп, жылдамырақ қағазға түсіріңіз.
Алдымен, міндетті түрде тақырыбын түртіп алыңыз. Адамдармен сөйлесіп отырған кезде де біреу кенет «Бұл неге олай?» деген секілді сауал тастаса, сол сіздің жазатын тақырыбыңыз болады. Бір адамға қызықты ақпарат, кем дегенде басқа он адамға қызығушылық туғызады. Қойын дәптеріңізге не телефоныңызға тақырыбын жазып алсаңыз, асықпай зерттеп жазасыз. Уақытты тым созып жүруге де болмайды. Бүгін сіздің ойлағаныңызды, ертең өзге жазып шығаруы ықтимал. Сондықтан ойға алған ісіңізді мезгілінде межелеуге тырысыңыз.
Тақырып таңдалған соң, өзге тілдегі ақпараттарға жүгініңіз. Бірнеше сайттан не кітаптан сол туралы ақпаратқа қанық болған соң, өзіңіз ой қорытып жазыңыз. Орыс материалын тура солай аударып жазып, "дайын асқа тік қасық" болмағайсыз. Кем дегенде 3-4 сайтты ашып, мәліметтермен танысыңыз. Олар көбінесе абзац басындағы сөйлемді, негізгісін қарамен белгілеп қояды. Кейде осыны ғана оқып алсаңыз жеткілікті. Тақырып туралы негізгі қор жинақталған соң, орыс мәтіндерінің тар аясынан кең көкжиекке шығып, өз көзқарасыңызбен көсіле жазыңыз. Сонда ділімізге (менталитет) сай, шынайы жазба туады.
Ең бастысы, оқырман алдындағы зор жауапкершілікті сезініп, мақала соңында өз аты-жөніңіз жазылып тұрғанына ұялмайтындай жазба жариялаңыз.