Жауабы табылмас төрт сұрақ

Бір күні үндістандық бір саудагердің келіні ауылдан недәуір алыстағы құдықтан су алуға барады. Ол шелегін құдықтан енді ғана тартып шығарған кезде, құдықтың басына төрт жолаушы келеді.

"Қаталап шөлдеп кеттім, біраз су бересіз бе?" дейді жолаушының біреуі әйелге.

Әйел суды берерін де, бермесін де білмейді. Суға жалаң киіммен келген, оның үстіне су ішетін ыдыс та жоқ еді, сонымен ол:

"Кім боласыз?" деп сұрау тастайды.

"Жолаушымын" дейді әлгі адам.

"Дүниеде жолаушы екеу болады, сіз оның қайсысы боласыз?" дейді келіншек. Жолаушы бұған жауап қайыра алмай қалады. Саудагердің келіні:

"Сұрауыма жауап қайтармасаңыз су іше алмайсыз",-дейді.

Оның артынан екінші жолаушы су сұрайды. Келіншек одан да:"Кім боласыз?" деп сұрайды.

"Мен бір мүсәпірмін",-дейді ол.

"Дүниеде ескеруге татитын мүсәпір екеу болады, сіз соның қайсысы боласыз?"

Екінші адам бұған үндей алмай қалады да, су іше алмайды.

Үшінші адам да алдыңғы екеу секілді сұрауға кезігеді, ол өзін надан адам едім дейді. Саудагердің келіні одан:

"Дүниеде надан екі түрлі болады. Сіз оның қайсысы боласыз?" деп сұрайды. Бұл сұраққа ол да үндемей қалады. Соңғы кезек төртінші адамға келеді. Ол өзін ақымақ адам едім дейді.

"Екі ақымақтың қайсысы боласыз?" дейді келіншек. Ол да бұған үн қатып жауап бере алмай қалады.

Саудагердің келіні суын тартып болып көтеріп: "Шөлдеп тұрған болсаңыздар маған еріп үйге барыңыздар. Барлығыңыз су іше аласыздар" дейді.

Төрт жолаушы лажсызден оған еріп жүреді.

Үйіне келген соң ол шелегін қойып, әдемі киімдерін киіп, есік алдындағы қалтқыға су алып шығады. Жолаушылар суды қанып ішеді де жолына түседі.

Саудагер мұны қалтқының ана жақ басында тұрып көріп қалады да, іштей күбірлеп:"Ұлым үйде жоқта келін бөтен адамдарды үйіне ертіп келгені не деген өрескелдік, біреу-міреудің көңілі бұзылып, сұғы қадалса өзін түзей алмас" дейді.

Саудагер патшаға барып келіннің қылығын дәттейді. Патша шабарманын жіберіп, келінді ордаға алдырады.

"Күйеуің үйде жоқ кезде төрт бірдей еркекті үйге ертіп келгенің қалай?"

Саудагердің келіні мұны былай түсіндіреді:

"Шөлдеп келе жатқан жолаушыға бір ұрттам су беру әйел затының борышы. Суға барғанда жалаң киіммен барған едім. Құдық басында оларға су беріп тұру өрескел көрінетін болды, сонымен оларға жауабы табылмас сұрау қойып, оларды үйге ертіп келдім, бірақ сұрауыма олар жауап бере алмайтын еді.

"Сен оларға қандай сұрау қойған едің?" дейді патша. Ол қойған сұрауларын қайталай айтып шығады. Бұған патша да, уәзірлері де жауап қайтара алмайды. Қатты қысылған патша сұраулардың жауабын оның өзіне айтқызады.

Ол былай дейді: "Бірінші сұраудың жауабы былай болуы тиіс: әлемдегі екі жолаушы дегенім күн мен ай. Екінші сұраудың жауабы сиыр мен келін ғана бейшара, үшінші сұраудың жауабы су мен тамақ, олар ақымақ адам секілді тек адамдардың қарнын тойдырып, шөлін қандыруды ғана біледі, төртінші адам өзін ақымақ адаммын дейді, бірақ мен оған екі ақымақтың қайсысы боласың дегенде ол жауап бере алмады".

"Әлемде екі ғана ақымақ бар дейсің бе?" деп сұрайды патша таңғалып, - "ол екеуі кім?"

"Көңіліңізге келмесе, бұл сұраудың жауабын айтып беремін",-дейді келін.

"Орда ішінде сұрауға жауап бергенде кібіртіктеудің қажеті жоқ" дейді патша.

"Қазір екі ақымақ бар, оның бірі менің қайын атам, ол кісі істің мән-жайын ұғыспай, ордаға менің үстімнен дәт айтып келді. Енді бір ақымақ - сіз, келіннің қоғамдағы намысын ескермей, мені сарайға шақырып отырсыз",-дейді.

Патша бетінен жер басқандай болып қатты ұялады. Десе де бұл әйелге іштей қатты риза болады.

Дайындаған: Сұңқар Ақбоз

Сурет: telegraph.co.uk