Жастарға айтар 101 ақыл #7

Егінші өз күрішін ұрлап тоқтатпаған бір топ маймылды ұстаудың әдісін былай тауыпты: ол бір бөтелкеге күріш салып, ағашқа іліп қойыпты. Қараңғы түскенде бір маймыл ағаш түбіне келіп, күрішті алу үшін бөтелкеге қолын сұғыпты. Бірақ, күрішті уыстап алған соң қолын бөтелкеден тартып шығара алмапты. Сөйтіп ашқарақ маймыл уысын жазбай сол қалпында таң атқанша тұрыпты. Екінші күні егінші келіп маймылды ұстап алса да, ол уысын жазбай күрішті ауызына салыпты.

Сен сөзсіз Дарвиннің біртіндеп дамуы туралы айтып, адам маймылдан өзгерген жоқ, одан әлдеқайда ақылдымыз, біз маймыл сияқты емеспіз деуің мүмкін. Егер әлгі күрішті ақшаға, сұлу әйелге, биік мансапқа айналдырса не болады?

Ендеше, маймылды алжастырған не? Ашылған аран. Аран ашылып кетсе, қарапайымдылық күрделілікке, жеңіл ауырға, шаттанған көңіл қаяу тартуға өзгереді.

***

Бір бақташы бала тау арасынан алтын қойған үңгірді байқапты. Өмірінде мұндай көп алтынды көрмеген ол тек бір кесек алтын ғана алыпты. Осы бір кесек алтын оны өмір бойы бақытқа кенелтіпті.

Мұны естіген бір бай әлгі үңгірді іздеп тауып, қойны-қонышын алтынға толтырса да көзі тоймайды. Әлгі тауды тасымен қоса көшірмек болыпты. Сонда тау иесі тіл қатып: «Араныңды ашпа, қараңғы түсіп кетсе, қақпа жабылып, алтын түгіл жаныңнан жұда боласың» депті. Бай мұны елең құрлы көрмепті.

Алтынды өлермендене тасып жатқанда гүрілдеген дауыс шығып, қақпа жабылып, бай үңгірдің ішінде қалыпты.

Адамдардың көбі өмірде ананы-мынаны қуып, әмір көрмейді, тыным таппайды, ең соңында өзіне тәуелді нағыз дүниеге қолы жетпей өтеді. Өйткені, олардың араны ашылған. Егер бір адамның арманы өзінің өміріне нұр шұғыла шаша алмаса, оның нендей маңызы болмақ? Өз өміріне ізгілікпен қарау ең үлкен игілік, атақ-абырой мен мүддеден аулақ, тіпті құр алақан қалсаң оқасы жоқ, тек қуанышқа жақын жүрсең ғана болғаны, менің көңілім жұбаныш табады. Өйткені, сенің шат-шадыман жүруің – менің ең зор арманым, маған бұдан артық байлық керек емес.

Оқи отырыңыз:

Эмиль Беккет. Жастарға айтар 101 ақыл #1

Жастарға айтар 101 ақыл #2

Жастарға айтар 101 ақыл #3

Жастарға айтар 101 ақыл #4

Жастарға айтар 101 ақыл #5

Жастарға айтар 101 ақыл #6

Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы

Сурет: 201980.com