- Негізгі бет
- Жаднама
- Жас журналиске жәрдем:...
Жас журналиске жәрдем: сұхбат алу
Сұхбат – журналистиканың талдамалы жанрларының бірі. Ол қоғамда өзіндік орны бар, белгілі ортада танымал тұлғамен жүргізіледі. Сұхбат алуға дайындықты тұлғамен таныстықтан бастау қажет.
Журналист бәрін білуге міндетті емес, бірақ сұхбаттасар адамы жайында толық ақпаратқа қанық болмаса, білімсіздігін танытады. Үлкен тұлға алдында ұятты болмас үшін, алдын ала кітапханаға барып (немесе интернет арқылы) сол кісі жайында жазылған газет-журнал, кітаптарды шолып шығыңыз. Қажетті жерлерін түртіп алып, қояр сұрақтарыңызды ойластырыңыз.
Алғашқы сұрақтар кісінің тұлғалық қасиетін ашуға арналғаны абзал. Тақырыпқа қатысты маңызды сұрақтарды үшінші кезекке қойсаңыз болады. Сұрақтар реті де бір-бірімен байланысып тұруын қадағалаңыз. «Иә», «жоқ» деп бір сөзбен шорт кесіп, қысқа қайыратын мардымсыз сұрақ емес, толық жауап беретін нақты сұрақ қойыңыз.
Бұл кісімен әңгімелесу кімге қандай пайдасын тигізерін саралаңыз. Өзіңізге ғана емес, өзгелерлеге де қызықты боларлық сұхбат жүргізіңіз. Адамның жеке өміріне, отбасына байланысты өсекке айналар мәселелерді айналып өтіп, жетістікке жету жолын сұрап, өнеге боларлық келелі кеңес құруға талпыныңыз.
Байқасақ, көбінесе сұхбат беріп отырған кісі сұрақ қойылғанда, жауабын: «Бұрын да бірнеше рет айтқанмын», «Үнемі айтып жүрмін» деп бастайды. Бұрын жауап берген сұрағын қайта қойып, ыңғайсыздық тумас үшін, берген сұқбаттарын толық оқып, бейне нұсқаларын көріп, танысқаныңыз дұрыс.
Жариялайтын басылымыңызға байланысты, орта есеппен, 6-7 сұрақ дайындаңыз. Әңгіме барысында тағы да сұрақтар туындауы мүмкін. қосымша сұрақтар артық болмайды. Сұхбаттасушыңыз сөйлеп отырғанда, көңіліңізді басқа ешнәрсеге бұрмай, жауабын мұқият тыңдаңыз. Себебі үшінші сұраққа жауап беріп отырғанда, жетінші сұрағыңыздың да жауабын қамтып кетуі мүмкін. Сондайда өтіп кеткеннен кейін қайта сұрап, «жаңа айттым ғой» дегізбей, сол сәтте жауапқа қанағаттанарлықтай қосымша сұрақ қойып үлгеріңіз.
Бір сұраққа толық жауап алмай жатып, екінші сұрақты қоюға асықпаңыз. Мұның жағымсыздығын Әзілхан Нұршайықов «Ақиқат пен аңыз» романында Бауыржан Момышұлының сөзін былай келтіреді: « – Сізден интервью алайын деп едім,– дейді. Бір мәселенің төңірегіне топтап, жүйелеп әкелген сұрақтары да жоқ. Сәл ойланған болып: «Сіздің мына мәселе жөнінде көзқарасыңыз қалай?» деп кекең ете қалады. Ал «көзқарас» деген философиялық ұғым. Сондықтан оған кеңірек жауап берейін десең, ол айтып отырғаныңның аяғын тындырмастан екінші бірдеңені сұрайды да тағы кекең ете қалады. Құйрығы шошаңдап бұтақан бұтаққа секірген сауысқан сияқты!
Аузынан шыққан сөзін қаймағын бұзбаған қалпында сөзбе-сөз жазып қоймаңыз. Ауызекі сөйлеу стилін публицистикалық стильге түсіріп, өңдеңіз. Бастауыш пен баяндауышын орнықтырып, сөйлемнің басы мен аяғын тұтастырыңыз. Сөйлем мағынасын өзгертіп алмайтындай етіп, өз сөзіңізді қосып, көркемдеуге де болады. Асығыстық болмас үшін, сұхбатты жариялардан бірнеше күн бұрын жүргізіп, сұхбат берген кісінің өзіне бір оқытып алған жөн.
@. @assel_assanova