- Негізгі бет
- Жаднама
- Жас фотографтарға нұсқаулық:...
Жас фотографтарға нұсқаулық: дұрыс түсіреміз!
Қыз бала суретке қалай түсуі керек?
Фотоаппараты бар әрбір адам «Суретке түсіріп жіберші» деген өтінішті бір рет болса да тыңдады. Иә, көп қыз суретке түскенді жақсы көреді. Және сол сурет әдемі болмаса, қыз сізге ренжиді. Ренжитіндейі де бар. Себебі жарық пен ракурсты, басқа да заңдылықтарды дұрыс таңдасаңыз сізге өкпелейтіндердің қатары кемитін еді.
Көбінде жарық жерлерде, тіпті күн астында суретке түсіргеніңіз дұрыс. Әсіресе таңғы я кешкі уақытта күннің өткір сәулесінде түсірсеңіз суретіңіз ешбір монтажсыз-ақ әдемі болып шыға келеді. Бірақ күн астында түсіргенде адам бетінде көлеңке қалуы мүмкін және көз тым қысылып қалуы да ғажап емес.
Тағы да бір мәселе – қызды қайда түсіруіңіз керектігі. Обьект артында қандай фон болғаны жөн? Мұнда сізге көмекке диафрагма келеді. Егер диафрагманы ашып, жарқылдақты (вспышка) пайдаланбасаңыз, суретіңіз ашық әрі артқы фон бұлыңғыр бола түседі.
Бастысы сурет экспозициясын қалпына келтіруде қателеспесеңіз болды.
Көріп отырғандарыңыздай, барлық сурет көбінде көз деңгейінде. Ең бір сәтті ракурс осы болып табылады. Расында да, егер көз деңгейінен сәл биік түсірсеңіз, қыздың бойы кіші болып қалады, ал төмен түсіреңіз, қыздың бойы ұзын әрі басы кіші болып көрініп қалады.
Егер суретке түсіп тұрған бойжеткен бірінші рет фотосессияға келіп тұрса, онда сізбен көптеген түсініспеушіліктер болатынын түсініңіз. Шын мәнінде обьективте сіздің досыңыз немесе танысыңыз мүлдем басқа адам болып шығуы мүмкін.
Сол үшін сіздің басты мақсатыңыз – фотоаппарат оған бөтен емес екенін ұқтыру. Ол өзінің сұлулығын сезініп, өз-өзіне деген сенімі болуы қажет. Бұл үшін оған тікелей қалай тұрса әдемі болатынын, қандай жағдайда бетіне керемет күн сәулесі түсетінін айтып отырып түсіру.
Фотосессияға шыққанда тек бір киіммен емес, екі-үш киім алуын ұсыныс етіңіз. Тек киім ғана емес, алма, шам, тіпті ұялы телефон да жақсы деталь бола алады.
Отбасылық альбомды толтырайық!
Отбасылық альбом түсіргіңіз келсе, назар аударатын бір жәйт бар: клиент сіздің дұрыс жасаған композицияңызға емес, өзінің түр-әлпеті қалай шыққанына қарайды. Тіпті кәсіби фотографтар түсірген суреттің өзі адамдарға ұнай бермейді.
Сондықтан бір ракурстан түсіргенде бірнеше кадр түсіріңіз. Егер бір ғана кадр түсірсеңіз, сол кадрдағы өз бейнесіне көңілі толмаған адамға басқа сурет түрлерін ұсына алмайтын боласыз.
Балаларына үзіліс жариялаңыз. Себебі бірнеше рет суретке түскен соң олар шаршайды. Ата-аналарына да демалыс жариялап, олардың бір-бірімен сөйлесіп, ойнап отырған сәттерін сырт көзбен түсіріп алуыңызға не кедергі? Отбасын түсірген кезде көптеген фотограф жылап, көңілі толмай, шаршап отырған баланың көңілін өздері тапқысы келеді. Бірақ түсініңіз, сіз оларға тым бөтен адамсыз. Бұл істі ата-анаға қалдырғаныңыз жөн.
Отбасылық сурет түсіргенде көптеген жағдай талап етілмейді. Оның үстіне отбасындағы ата-аналар өз балаларын белгілі бір позада көп тұрғыза алмайды. Бұл процесс балалар үшін қызықсыз екенін де ескеріңіз.
Далада түсірілген суретте қыз баланың шашы өзгелердің бетін жауып қалмауын қадағалаңыз. Ал бастысы, шаштың әйелдің өз бетін көлегейлеп қалмауына аса назар аударыңыз.
Суретке түсіргенде отбасы отырып та, тіпті жатып та суретке түсе алатындай жағдай жасаңыз. Отбасы – бір ұжым. Жанұяның әрбір мүшесінің бір-бірімен өзара үйлесімді түсуі үшін де біраз тер төгуіңіз керек болады.
Той-думанды қалай түсіру керек?
Қазіргі таңда әрбір фотограф той суретін қалай түсіру керек екенін білетін болар. Бұл нарықта қаншама ақша айналымда жүргенін де білеміз. Бірақ бұл жанрды түсіру оңай деуге келмес.
Той суреттері біркелкі болмауы керек. Адам көзін жалықтыратын қызылкөз суреттер сіздің де альбомыңызда өте көп. Мұндай нәтиже болмауы үшін әрбір мәселеге жауапкершілікпен қараңыз.
Бастысы қазақтың тойларын түсіргенде түрлі салт-жоралғылардың орындалып жатқан сәтін қалдырмай түсіріңіз. Себебі той – қазына. Оның қай ұлттың тойы екенін көрген адам бірден тануы керек. Оның үстіне, салт-жоралғылар суретіңізді әрлі ете түседі.
Той алдында жастар қаланы аралауға шығады, сонда көптеген детальді пайдалануыңызға болады. Мысалы қаладағы сәнді жерлер, ескерткіштер, әсем табиғат орындары суреттеріңізге жақсы фон бола алады.
Бұл суреттерде біз сіздерге тек кейбір идеяларды ұсынып отырмыз. Бірақ сіз өз жағдайыңызға байланысты басқа да ойларыңызды жүзеге асырып көруіңізге болады.
Жастардың отбасылық өмірге алғаш қадам аттауына жауапкершілікпен қарамасаңыз болмайды. Себебі бұл альбомды олар өмір-бақи сақтап, жыл сайын ақтарып көретін болады.
Қыз баланы көтеріп тұрған жігітті түсіргенде оларды толық кадрға кіргізгеніңіз жөн. Және обьектінің кадр ортасында болуын қадағалаңыз.
Қыз балаға гүл сыйлап тұрған сәт, көлікке отырып жатқан сәт, көлікте кетіп бара жатқан сәт, гүл шоғын басқа қыздарға лақтыру ойынын ойнап жатқан сәт сияқты көптеген идеяны орындап көріңіз.
Қалыңдық киімін киген қыз бен қымбат көлік жақсы жарасады. Сурет мәні де адамдарға қуаныш сыйлайтын болады. Сондықтан көлікте отырған немесе кетіп бара жатқан көліктегі қыздың қолындағы гүлді түсіріп алсаңыз да керемет сурет шығады.
Көңіл-күйді дәл бере алу үшін олардың обьективке тік қарап тұрғанына қарағанда достарымен бірге күліп-ойнап жүрген сәттерін беріңіз.
P.S. Бастысы - суретке түсіруге шығар алдындағы бір күнде фотоаппарат жадын босатып, қуаттап қойыңыз!
Автор: Ардақ Құлтай
Сурет: иллюстрация
А. Құлтай