- Негізгі бет
- Жаднама
- Жарлылардың жанары...
Жарлылардың жанары
Портер Лайре(Франция)
Япыр-ай, бұл күндері менің сенен неге суына бастағанымды білсең етті! Бір өзің түсініп жетпесең, менің тілмен жеткізуге дәтім барар емес. Олай дейтінім, өзіңді бұл пәнидегі желектілер ішіндегі жаны кірбеңдіктен ада ең жарқын образ деп қарап келгемін.
Бір мақсатты бетке алып, жүрегіміз бен тілегіміз бір арнада тоғысқан екеуімізге ғана ортақ шаттыққа толы қайран күндеріміз-ай деші!.. Енді барлығы көрген түстей елеске айналды. Қазір тек қиялдауды ғана алданыш етемін. Әрине, мұнымды ешкім де сөге көрмес. Өйткені пенде атаулы жүзеге аспас қиял кешуге бейім ғой. Иә, кештерде, әбден қалжырап болдырғаныңда көше бұрышындағы жаңадан салынған кофехананың алдына келіп отырушы едік, енді ғана сырлап жатқан болса да бұл орта өзінің көзге таңсық көркемдігін пәш етіп, жайнап тұрушы еді ғой, кофехананы нұрға бөлеген газ шырақтарының күшті сәулесі сауда думанының басталғандығын әйгілеп, көз жауын алар әппақ шынымен әдіптелген там қабырғаларындағы жарқырауық кристалдарға, дөдеге мен діңгектердегі алтын жалатылған әшекей оюларға барынша шағылысатын-ды. Мұндайда былшық бет даяшы қарғы баулы итті тырмыса тартып ұстайды… Мәртебелі ханымдардың анау ойма нақыштардан қорланған қыранның қолға қонған сиқын көріп мәз бола күлісуі; онда және қор қыздары мен перизаттар жеміс толтыра төбелеріне көтеріп алған шарбақтан Геппер мен Дженни митер* қос қолын созып, кішкентай шарап күбісі мен түрлі формадағы мұз кесектерін алғандары бейне бір аңыз бен тарих өзара астарласып, қорқаулардың сауық-сайранын әйгілегендей еді. Бір кезде тура қарсымыздағы көше бойына қолына бала жетектеп, құшағына қызыл шақа нәресте ұстаған, бурылданған сақал-шаштары жүдеу жүзін басып кеткен қырықтар шамасындағы бір адам келе қалды, балаларын кешкі ауада сергітуге алып шыққан көрінеді. Киімдері жұбына жеткен, селкеусіз жанарлары кофеханаға алуан әсермен таңырқай қадалады.
Әке жанарында «Ойпыр-ай, неткен көркем, недеген сәулетті, бүкіл кембағалдардың байлығы осында ағылып кірген екен-ау, тегі!» деген таңырқаушылық менмұндаласа, ересек баланың жанарында «Пай-пай шіркін, неткен тамаша! Бірақ, мұнда біз сияқтылар кіре алмас-ау!» деген таңданыс толқиды. Тіпті, анау бөбектің жаутаңдаған кіршіксіз жанары да дүниеге деген қызығушылығын аңғартқандай еді.
«Шаттықтан жаның тазарып, көңілің бір сәт жай табар» деп ақындар бекер жырламаған шығар-ау! Сол кештегі сол бір таңданысқа бейім жанарлардың алдында ерек тебіреністе тұрып, өзімнің аста-төк, сауық-сайранға салынып келген ұятсыз күндерімнің намысына қажала бердім.
Сүйіктім, сонда мен сенің жанды еліктірер нұрлы жанарыңа қадалып, өзім ойлаған осы бір беймәлім әсер алауын көріп қалсам екен деген үмітпен қаншалық қарағаным есіңде ме? Ал сенің маған: «Анау бір топ оңбағанның сұқтана тесіреюін-ай, бұл арадан қарасын өшірші!» дегенді айтарыңды кім ойлаған?! Әне, осыдан бастап өзара іңкәрлық сезімдеріміз тоғысқанымен, ізгілік санамыздың түйіліспеуі арамызға мәңгі түсініп жете алмайтын азап әкелерін ұға алмадың-ау, аяулым!?
* Аңыздарда айтылатын шарап басқарушы қыз бен жігіт
Аударған: Р.Сабырбай
Дайындаған: Сұңқар Ақбоз
Суре: nipic.com
M. Auelkhan