Уақыттың қалай жылдам өтіп кететінін көбіне байқамай қаламыз. Көзді ашып-жұмғанша жаңа жыл да келе қалады. Көп жағдайда жаңа жылға бір-екі күн қалғанда дастарханға қажетті азық-түлік, жақындарға арналған сыйлық және өзімізге мерекелік киім қарауға кірісіп, уақыт та, қаражат та жетпей қалады. Сондықтан кей нәрселерді қараша айында жоспарлап тастаған жөн.
1. Сапарыңызды алдын ала жоспарлап, билет сатып алыңыз
Жаңа жылды басқа қалада өткізуді ойласаңыз, билетті қараша айында алып тастаған жөн. Біріншіден, желтоқсанда билет болмай қалады. Екіншіден, желтоқсанда билет бағасы әдеттегіден қымбат болып кетуі мүмкін.
2. Достарыңыз бен отбасы мүшелеріне сыйлық таңдаңыз
Сыйлықтарды қараша айында сатып алудың артықшылықтары:
- Жақындарыңызға арналған жақсы сыйлықты ойластыруға уақыт болады;
- Шопингке арналған уақытты өзіңіз таңдай аласыз және үлкен кезекте тұрмайсыз;
- Ешқайда асықпағандықтан заттардың бағаларын салыстырып, тиімдісін таңдау мүмкіндігі болады;
- Бюджетті дұрыс жоспарлай аласыз.
- Интернет-дүкеннен сыйлық тапсырыс беруге қорықпайсыз. Себебі оның келіп үлгеретіндігіне сенімді боласыз.
Ал жаңа жылдық атмосфераны сезінгіңіз келсе, тәтті сыйлықтар мен шырша ойыншықтарын желтоқсан айында асықпай алсаңыз болады.
3. Жаңа жылдық қойылымдарға билет алыңыз
Балаларыңыз бар ма? Ендеше, жаңа жылдық концерттер мен қойылымдарға билетті қараша айында алып тастаңыз. Себебі бір ай бұрын жақсы бағаға жақсы орындар алуға мүмкіндік болады. Мұндай билеттерді жақындарыңызға сыйлық ретінде де беруге болады.
4. Жаңа жылды қарсы алатын жерден орын брондаңыз
Жаңа жылды үйден қарсы алмайтын болып шешсеңіз, баратын мейрамханаңыздан орын брондаңыз. Желтоқсанның ортасында орындар қалмай қалады. Ол жерге кімдермен бірге барасыз? Мысалы, достарыңызбен хабарласып, бірге бір үстелден орын алуға тырысыңыз.
5. Жаңа жылдық фотосессияға жазылыңыз
Мерекелік атмосфераны сезінудің және жағымды естеліктер қалдырудың бір әдісі – жаңа жылдық фотосессия. Фотографтар желтоқсан айына арналған жазбаны қараша айында ашып қояды. Ертерек фотосессияға жазылудың бірнеше артықшылықтары бар:
- Күні мен уақытын өзіңіз таңдай аласыз;
- Фотосессия ертерек болса, суреттер жаңа жылға дайын болады;
- Суреттерді туыстарға арналған сыйлыққа қолдануға болады. Мысалы, әжесіне естелік ретінде немерелерінің суреті бар кәдесый дайындап беру.
6. Мерекелік кешке киетін киіміңізді ойластырыңыз немесе сатып алыңыз
Әр әйел мерекелік кеште әдемі киініп жүргісі келеді. Көйлегіңіз өзіңізге жарасымды болса, көңіл күйіңіз де көтеріңкі болады. Егер жаңа жылдық кешке жаңа көйлек аламын деп шешкен болсаңыз, оны қазірден бастап алып қойған жөн. Әйтпесе, басқа шаруаларды шешіп жүргенде көйлек қарауға уақыт та, ақша да болмай қалуы мүмкін. Жаңадан алмайтын болсаңыз, қай көйлегіңізді киетініңізді ойластырып қойыңыз.
7. Мерекелік дастарханды ойластырыңыз
Жаңа жылды үйден қарсы алатын болсаңыз, дастарханыңызға не қоятыныңызды алдын ала ойластырып, қажетті азық-түлік тізімін жасап қойыңыз. Балалардың ойында отбасымен бірге өткізген мерекелік отырыстар, жыл сайын қойылатын бірдей тағамдар жылы естелік болып сақталып қалады. Сондықтан түрлері ерекше әрі дәмді тағамдар мен десерттердің рецептілерін іздеңіз. Мерекелік дастарханға арналған печенье немесе торт пісіру процесіне балаларды араластырыңыз. Мысалы, безендіруді тапсырыңыз.