- Негізгі бет
- Жаднама
- Жаңа жұмысқа жылдам...
Жаңа жұмысқа жылдам бейімделуге көмектесетін кеңестер
Жаңа жұмысқа бейімделу қиын болуы мүмкін. Себебі танымайтын адамдар ортасына тап боласыз, жаңа міндеттерге бейімделесіз және бұл салада тәжірибеңіз болса да қосымша дағдылар үйрену керек болады. Жаңа жұмысқа бейімделу жеңіл өтуі үшін және ол тұлғалық әрі мансаптық нәтижелер әкелу үшін мына кеңестерді қолданыңыз.
Өз пікіріңізді айтудан ұялмаңыз
Көпшілік жаңа жұмысқа бейімделу кезінде өз пікірін айтудан қорқады. Себебі оны әріптестері мен бастығы қалай қабылдайтынын білмейді. Сондықтан ұсынысы немесе идеясы бола тұра үндемеуді жөн көреді.
Өз ойыңызды айту үшін қолайлы сәтті күтпеңіз. Бастысы, оны дұрыс жеткізуді үйреніңіз. Идеяны бөлісуге және әңгімелесушінің көз алдында жақсы әсер қалдыруға көмектесетін бірнеше кеңес ұсынамыз:
- Идеяларыңыз бен ұсыныстарыңызды талап немесе жалғыз дұрыс ой ретінде емес, жай ғана сіздің пікіріңіз ретінде жеткізіңіз;
- Басқаларды талқылауға шақырыңыз;
- Басқа ұсыныстар сізге онша емес көрінсе де, оларды дөрекі және қатты сынамаңыз;
- Диалог үшін ашық болыңыз;
- Бірдеңені білмейтініңізді мойындаудан және нақтылаушы сұрақтар қоюдан ұялмаңыз.
Әріптестеріңізбен араласуға тырысыңыз
Әдетте жұмысқа бейімделу кезінде қолымыздан келетінін және жұмысқа қатысты сұрақтарда біліктілігімізді көрсетуге тырысамыз. Ал әріптестермен жақсы танысып, араласуға мән бермейміз немесе уақыт болмайды.
Бірақ әріптестермен араласу міндеттерді орындау немесе мақсатқа жету секілді маңызды емес деп ойлаудың қажеті жоқ. Әріптестер қажет кезде қолдау көрсете алады және жұмысқа қатысты кей маңызды сұрақтарда кеңес бере алады.
Сондықтан үзіліс кезінде жаңа әріптестеріңізбен сөйлесуге және бірдеңе сұрауға ұялмаңыз. Олардан не ұнайтынын, қай жақтан келгенін, қандай жоба істеп жатқанын немесе қандай іспен әуестенетінін сұраңыз. Өте жеке сұрақтар қоюдың қажеті жоқ. Ал мамандық немесе жұмыс жайлы әңгімелесуге болады.
Өзіңіз жайлы ұмытпаңыз
Жаңа жұмысқа бейімделу өте көп жаңа ақпаратпен және жұмыстың көптігімен байланысты болса да, өзіңіз жайлы ұмытпаңыз. Түскі асқа берілетін үзілісті пайдаланыңыз және күні бойы монитор алдында отыра бермей, арасында көзіңізді демалтып тұрыңыз. Жұмыста сергек жүру үшін және берілген тапсырмаларды жақсы орындау үшін ұйқы режимін сақтаңыз. Физикалық белсенділік жайлы да ұмытпаңыз: жаңа жұмыс орнында өзіңізді жақсы сезіну үшін оның да пайдасы бар.
Бұл жұмысты бұрынғымен салыстырмаңыз
Әріптестермен әңгімелесу кезінде жаңа жұмысты бұрынғымен салыстыра бермеңіз. Әсіресе, бұрынғы жұмысты қызықты немесе табысты санасаңыз, олар сіздің жұмыстан не үшін шыққаныңызды түсінбейді немесе ашуларына тиеді.
Әрине, бұрынғы тәжірибеңізге негізделе отырып, конструктивті ұсыныс жасай аласыз. Алайда, оны қарсы қойып салыстыру ретінде емес, тек өз пікіріңіз ретінде айтыңыз.
Оған қоса, үнемі салыстыру сізді күнделікті шаруалардан алаңдатады. Сондай-ақ, жаңа жұмыс орны жайлы жағымсыз және алдын ала пішілген пікір қалыптастырады. Кейін сіз ойлағандай болмай шығуы әбден мүмкін.
Өзіңіз бақылай алатын нәрсеге ғана назар аударыңыз
Біз өмірде болатын барлық жағдайды, соның ішінде кей жұмыс аспектілерін бақылай алмаймыз. Мысалы, көп күш пен уақыт кететін үлкен және қиын жоба пайда болуы мүмкін. Немесе енді ғана үйренген кеңседен басқа жерге көшу керек болуы мүмкін.
Икемді болыңыз және өзіңіз бақылай алатын нәрсеге жауапкершілікпен қараңыз. Үлкен жоба қиын болса да, онда сіз орындай алатын аспектілер бар. Ендеше, жалпы жұмыс көлемін ойлап, уайымдай бермей, қолыңыздан келгенін жасай беріңіз. Ал жаңа кеңседе бірінші кезекте ыңғайлы әрі жайлы жұмыс орнын ұйымдастыру керек. Олай болса, өзіңізге ұнайтындай етіп жұмыс үстелін безендіріп алыңыз.
Кішкентай жеңістерге қуана біліңіз
Жетістіктеріңіз үшін өзіңізді мақтауды ұмытпаңыз. Оны күнде істеуге себеп табыңыз. Мысалы, жұмысты уақытында тапсырдыңыз немесе өз ойыңызды жақсы жеткізе алдыңыз. Себебі өзіңізді мақтау арқылы алға қарай жылжуға және жұмысыңызды жақсырақ орындауға мотивация аласыз. Оған қоса, ол сіздің өз-өзіңізді бағалауыңызға және көңіл күйіңізге жағымды әсер етеді.
А. Жапатова