- Негізгі бет
- Жаднама
- Жан дүниенің тыныштығы:...
Жан дүниенің тыныштығы: 7 заңдылық
Жан тыныштығы – жақсы өмір сүрудің жаршысы. Өйткені алаңсыз, уайымсыз өмір сүру – бұл сіздің жетістігіңіз. Ал шынымен де жетістікке жетіп, бақытты өмір сүру формуласын қалыптастырған болсаңыз сіз аталған жеті заңдылықты білуіңіз керек. Немесе өзіңіздің ішкі жан тыныштығын сақтау ережеңізді бізге ұсынып көріңіз.
«Ойлар орындалады»
Не ойласаң соның іске айналуы – заңдылық. Бұл бірініші заң. Сіз жаман ойдан арылмасаңыз алдыңыздан келеңсіздіктер шыға береді. Сеніңіз. Бұл ақиқат. Джеймс Аллен: «Адам – ми» деген. Ендеше миымызда орын алып жатқан кез келген дүние істің нәтижесі. Жақсы өмір сүргіңіз келсе жақсы ойлаңыз. Қандай жағдай болмасын жақсы нәрсені ойлау сіздің бақытты өмір сүруіңіздің кепілі.
«Қанағатқа қарын тойсын, бұл қалыпты жағдай»
«Құмырадағы толып тұрған су, тамшылардың жиынтығынан келген». Бұл бір тәмсіл ғана болуы мүмкін. Бірақ берер мағынасы көп. Қазақ «жылқы құлыннан, теңге тиыннан» деп бекер айтпайды. Әр нәрсеге аз болса да қанағат танытып, сабырлы болу сіздің алдағы уақыттағы ұлы жеңісіңіздің айнасы. Ралф Уолдо Эмерсон: « тегінде әрбір шебер тек қызушылық танытушылар болған» дейді. Яғни, сіздің сәл ғана талабыңыз бен қызығушылыңыз бір істің қайталанбас шебері қылуы мүмкін.
«Кешіру»
Кешірім – іште жатқан үлкен ұлылық. Бірақ осынау ұлылықты сыртқа шығару үшін тәкәппарлықтың алдынан өту керек. Нәпсіңізді тежей алсаңыз сіз бәрін жеңесіз. Кешіре білу де өнер. Өйткені кешірім сұрау үшін бүкіл жан дүниеңіз тыныштықта болу керек. кешіре білуі біреуге бақыт сыйлаумен тең. Бұл заңдылықты әр күн сайын әр әрекет сайын қайталап дағдыға айналдырған әбестік болмас.
«Сіздің әрбір әрекетіңіздің өз мәні бар»
«Айтылған сөз атылған оқпен тең» деген бар. Ендеше сіздің әрбір сөзіңіздің іске айналар кезі бар және оның өзіне тән мәні мен мағынасы да жоқ емес. Сондықтан не істесеңіз де ойланып барып істеуге тырысыңыз. «Жеті рет өлшеп бір рет кесіңіз»
«Түсінуге тырысыңыз»
Стефан Кови: «бірінші түсініп көріңіз, содан кейін барып өзіңізді түсінгенін қалаңыз». Бұл айтыла салған тәмсіл емес, пайдасы бар дүние. Өйткені өзгелерді түсіну арқылы сіз өзіңізді де тани аласыз. Өзгені көп тыңдаңыз. Және жай тыңдап қоймаңыз түсініңіз. Сіздің ойыңыз жетіп екі түсінік бір-бірімен табысқан кезде барып әрекетке өтіңіз. Ал бұл түсініктер сіздің жан дүниеңізді тыныштығын сақтауға көмектеседі.
«Өзіңізді жеңе біліңіз»
Дәл қазір сіз қандай ой ойлап отырсаңыз сол ойдың жетегінде кетесіз. Ал ойлаған ойға күш түсіріп, оны бақылай білсеңіз сіз әр ісіңізге жауап бере аласыз. Будда: «адамды құртатын оның жауы емес, өзі» дейді. Ендеше өзіңізді іштей жеңу сыртқы ортаңызбен тығыз байланысқа түсуіңізге әсер етеді. Бұл заңдылық жетеудің ішіндегі ең қиыны.
«Жан дүниенің үйлесімділігімен өмір сүріңіз»
Жан дүниенің үйлесімділігін іштен іздеңіз. Ол сізге сырттан келмейді. Сырт көздің не сырттың әңгімесі сіздің тыныштығыңызды қалыптастырмайды. Өйткені олардың айтуымен сіздің жүрегіңіздің қалауы екі түрлі. Сондықтан айтқанға еріп емес, қалаумен қалап күн кешіңіз. Ал жан дүниенің үйлесімділігі дегеніміз – сіздің тыныштығыңыздың кепілі.
М. Ақан