Егер әлеуметтік желілердегі қорқынышты жаңалықтар ағынына кіріп кетсеңіз, ал достарыңыздың жіберіп жатқан хаттары одан сайын үрейлендірсе, сіз — жалғыз емессіз. Себебі бұрын-соңды әлем тарихында адамдар мұндай көп ақпарат құралдары қоршаған жерде өмір сүрген емес. Егер өзіңізді қолға алып, күнделікті жаңалықтарды сүзгіден өткізбесеңіз, ол ағзаңызға қауіп төндіруі мүмкін.
Зерттеулер бойынша, сандық технология заманында шамамен төрт адамның үшеуі ұйықтар алдында және ұйқыдан тұрған бойда жаңалықтарды/әлеуметтік желілерді тексереді: нәтижесінде, өздерін жабырқаңқы сезінеді. Техас университетінің профессоры Мэри Макнотон-Кассиллдің айтуынша, бұл біздің ақыл-ойымызға әсер етіп, депрессия, мазасыздық және ашу сезімін шақырады. Психолог бұл қысымды «тоқтаусыз табиғи апатпен» салыстырды. Ендеше, «жаман» жаңалықтарды үздіксіз оқу физиологиялық деңгейде неге әкеледі?
1. Үнемі «жаман» жаңалықтар оқудан күйзеліс созылмалы түрге айналады.
Күйзеліс — адам үшін үйреншікті сезім. Оны арасында бастан өткеру — қалыпты нәрсе. Бұл қысқа мерзімді эмоция, әдетте, жылдам кетеді. Мұндай күйзеліс адамға қауіпті жағдайды бақылауға көмектеседі. Ол бір апта немесе одан да ұзаққа созылса, оны созылмалы күйзеліс деп атайды. Әлсін-әлсін қорқынышты жаңалықтар оқу осы созылмалы күйзелісті тудырады. Сіз оған үйреніп кетсеңіз, ол қауіпті психикалық проблемаға айналады.
2. Үнемі «жаман» жаңалықтар оқудан кортизол гормондары бөлінеді.
Дене күйзеліске гормандар бөлу арқылы әсер береді. Бұл гормондар бастапқыда миыңызды өткір әрі сергек етеді, бұлшықеттерді тонусқа келтіріп, жүрекке көбірек қан жібереді. Бұл реакциялар қысқа мерзімді түрде жақсы. Дене осылай қорғанады. Алайда күнделікті негатив жаңалықтарға әсер беру кезінде осы реакциялар кортизол деңгейінің артуын шақырады. Бұл гормон бүйрек үсті безінде түзіледі және тікелей артериялық қысым мен зат алмасуға әсер етеді. Нәтижесінде, жоғары қан қысымы, жүрек жеткіліксіздігі, ас қорытудың бұзылуы, семіздік және тіпті, диабет пайда болуы мүмкін.
3. Үнемі «жаман» жаңалықтар оқудан есте сақтау нашарлайды.
Дәрігер Элмер Уэрттің зерттеуі бақылаусыз ақпараттық негативтен пайда болған күйзеліс адамның есте сақтауына әсер ететінін көрсеткен. Соның ішінде, ол «кеңістіктік есте сақтауға», яғни, біздің кеңістіктегі заттарды табу және байланыстыру қабілетімізге жауап беретін есте сақтау типіне әсер етеді. Кеңістіктік есте сақтаудың өзгеруінің қарапайым мысалына үйдің немесе көліктің кілтін қай жерге қойғанымызды ұмытып қалуды жатқызуға болады. Созылмалы күйзеліс қаншалықты ұзақ созылса, есте сақтау соншалықты қысқа бола түседі. Ми құрылымының бұлай өзгеруіне де кортизол кінәлі.
Ендеше, «жаман» жаңалықтар әсерімен қалай күресуге болады?
Уақытша ұялы телефонды сөндіріп тастаңыз. Өкінішке орай, мұны айту ғана оңай. Себебі біз ұялы телефонды автоматты түрде қолданамыз. Ең болмағанда, арасында хабарлама келуін сөндіріп тастау керек. Сондай-ақ, ұйықтауға 1-2 сағат қалғанда ұялы телефонды «мазаламау» режиміне қою ұсынылады.
Төтенше жағдайдың өзінде позитивті ойлауды қолдануды үйреніңіз. Әр нәрседен үміт сәулесін іздеңіз. Позитивті ойлау күйзеліспен күресуге көмектесіп қана қоймай, депрессия деңгейін төмендетуге және иммунды жүйені қатайтуға көмектеседі. Күйзелісті басқара білу маңызды. Бұл проблеманы шешуге нақты жоспармен кірісіңіз.