Иммунитеттің жұмысы көптеген факторларға байланысты. Оған күйзеліс, ұйқы сапасы, экология және тамақтар мен сусындар әсер етеді. Кей тамақтану әдеттері иммунитетті әлсіретіп жібереді. Сондықтан егер иммунитетіңізді тонуста ұстағыңыз келсе, рационыңызды түзеткен жөн.
Ішімдікке салыну
Алкоголь ішу ағзаның жұқпаға қарсы иммунды жауабын басып, иммунитетке жағымсыз әсер етеді. Алкогольді қаншалықты жиі және көп ішсеңіз, ағзаға жұқпаны анықтап, оған әсер ету үшін көбірек уақыт қажет болады. Оған қоса, алкоголь қоректік заттарды шайып тастап, олардың сіңуіне кедергі келтіреді. Мысалы, ол иммунитет үшін ең маңызды микроэлементтің бірі — С дәруменінің сіңуін нашарлатады.
Рационда қанттың көп болуы
Қанттың көп мөлшері жұқпамен күресуге қатысатын жасушалар — лейкоциттерге жағымсыз әсер етеді. Сондықтан рациондағы қанты бар өнімдерді барынша азайтуға тырысыңыз.
Рационда тұздың көп болуы
Тұз да қант секілді ағзаға жаман әсер етеді. Көп мөлшердегі тұз қабынуды шақыруы мүмкін. Ол иммунитеттің үнемі «жауынгерлік әзірлік» күйінде тұруына әкеледі. Бұл кезде ол қарқынын азайта алмайтын, көптеген сағат жүгіруге мәжбүр марафоншыға ұқсайды. Содан соң оның күші таусылып, құлайды. Дәрігерлердің ойынша, тұз ағзаның сыртқы қауіп-қатерлерге әсерін басып тастайды. Сондай-ақ тұзды көп қолдануды созылмалы аурулардың пайда болуымен және иммундық аурулардың асқынуымен байланыстырады.
Жемістер мен көкөністер жемеу
Кей адамдар қайта өңделген өнімдермен, фастфудпен тамақтанып жүре береді. Олардың ағзасына пайдалы микроэлементтер түспейді. Жемістер мен көкөністер барлық дәрумендер, минералдар және антиоксиданттардың ең көп бөлігін береді. Олар иммунды жүйені тонуста ұстауға және жұқпалармен күресуге көмектеседі. Оған қоса, жемістер мен көкөністер ас қорыту жүйесінің сапалы жұмысымен қамтамасыз ететін жасұнықтарға бай. Ол ішектердің пайдалы микрофлорасының жылдам көбеюіне мүмкіндік береді. Ал микрофлора өзін жақсы сезінген сайын иммунитет те күшті болады.
Шай мен кофені көп ішу
Әдетте, шайды, әсіресе, көк шайды денсаулыққа пайдалы сусын ретінде ұсынады. Кофені де мөлшермен ішу ағзаға пайдалы. Олардың құрамындағы маңызды заттар — антиоксиданттар қабынуға қарсы әсерге ие. Бірақ сондай-ақ олардың құрамында кофеин де бар: ол көп мөлшерде ұйқыны бұзады, қабынудың пайда болуына әкеледі және иммунитетті нашарлатады. Әсіресе, қант қосылған шай мен кофені көп ішу иммунитетке өте зиян.
Жоғары сұрыпты ұннан дайындалған пісірмелерді көп жеу
Жоғары сұрыпты ұн пісірменің жақсы көтерілуіне және ауызда еритін жұмсақ қамыр дайындауға мүмкіндік береді. Бірақ мұндай тазартылған көмірсулардың гликемиялық индексі өте жоғары және олар қандағы қант деңгейі мен инсулиннің артуын шақырады. Ал ол қабынуға әкеледі. Сондай-ақ жоғары сұрыпты ұннан дайындалған өнімдер ішектердегі бактериялық тепе-теңсіздікті шақырады. Ол да иммунитетті түсіреді. Сондықтан 1-ші және 2-ші сұрыпты ұн қолданыңыз. Ал тұтас дәнді ұн қолдансаңыз, тіптен, жақсы.