Жаңа идея тудыру және оны жүзеге асыру сіз ойлағандай оңай емес. Себебі қарапайым дүниені ойлау басқа, идеяны жетілдіру басқа нәрсе. Ал ешкімнің басына келмеген ой табу үшін не істеу керек? Біз сізге идея генераторы болуға алып келетін сегіз әдісті ұсынамыз.
1. Күніне кем дегенде әртүрлі бағыттағы төрт кітап оқыңыз (психология, бизнес, классика, фантастика, детектив, кәсіби, тіл үйрену, оқулық).
2. Күніне он идеяны қағазға түсіріп отырыңыз. Не жайында екені маңызды емес. Бастысы идеяның пайда болуы. Ұмытпай жазып қойыңыз. Бәлкім ол бизнес-жоспар болуы мүмкін әлде үлкен бір жоба. Күніне он идея жазу арқылы сіз бір ай ішінде мыңдаған идеяның авторы атанасыз. Тек атанып қоймайсыз, солармен жұмыс жасайсыз. Қолыңыздан келмегенін тастап, келесі идея бойынша жұмыстанасыз.
3. Миыңыздың екінші жартысын іске қосыңыз. Бұл әдісте сізге сурет салу керек немесе майлы бояумен пейзаж салатын арнайы үйірмеге бару керек. Себебі пейзаж салу өте ауыр жұмыс. Ол мидың қалыпқа түсуіне көп көмек көрсетеді.
4. Жоқтан бар жасаудың қажеті жоқ. Бар дүниені бар деп қабылдаңыз. Қандай жағдай болмасын шынайы әрі әділ болыңыз. Өткенге өкініп қиялдаудың, болашақта үміт күтіп отыра берудің қажеті жоқ. Бүгін болуы керек істі бүгін тындыруға тырысыңыз.
5. Идея тудыруды үйреніңіз. Бұл, әрине, үлкен мәселе емес. Сіз күніне жаңа ойларды ашу үшін адамдармен сөйлесіп, қарым-қатынас орнатасыз. Жоспар құрасыз. Бірақ сізге өзгеріс керек. Ал жаңа өзгеріс жаңа ойдың тууына алып келеді. Ең қарапайым әдіс, компьютердің пернетақтасына қадалып отыра бермей, бір уақыт қаламмен жұмыс жасап көріңіз.
6. Өзіңізді қинамаңыз. Тәулік бойына жұмыс жасап, оймен арпалысудың қажеті жоқ. Себебі ой адамды жеп қояды. Сондықтан арасында міндетті түрде демалыңыз. Бұл ұйқы жайында емес, ұйқы өз уақытымен жүруі абзал. Бұл таза ауаға шығу, отбасымен бірге болу.
7. Ғаламторға кіріңіз. Иә, біз сізге мүлде ақпарат көзінен алыстаңыз деп айта алмаймыз. Себебі ғаламтордағы түрлі видео-сабақтар, сайттар идеяның толық ақпараттануына септігін тигізеді.
8. Бала күніңізде жақсы көрген нәрселердің тізімін жасаңыз. Бұл нағыз идея генераторы болуға әкелетін жол. Себебі бала күнінде адам арманшыл келеді. Әрі ол ойлардың көрінісі көз алдыңызда сұлбаланып тұрады. Бала күніңізде жете алмаған армандарыңыз қазір орындалады. Оған сіздің толық мүмкіндігіңіз бар. Сондықтан алдымен осылардан бастаңыз.