Хобби табыс көзіне айнала алады

Хобби – жұмыстан соң тынығуға, шығармашылықпен айналысуға арналған керемет әдіс. Жабырқаған көңіл де көтеріледі, күні ұзақ жауырынға мінген шаршауды түсіруге септігін тигізеді. Жақсы ермек жақсы кәсіп көзі бола алады. Әрине, ол үшін түгесілмейтін қиял мен таусылмайтын шабыт керек. Қандай хобби табыс көзіне айнала алады? 

Комикс салу

Қазақ сурет өнерінде комикс кенжелеп келеді. 10-15 жастағы мектеп балаларының басым көпшілігі комикс өнеріне жақын келеді. Шетелдік комикс әдебиеттерін оқып жүреді. Егер қазақи стильмен керемет туынды жасасаңыз, қызықпайтын адам болмас, сірә. 

Табыс көзіне қалай айналдыруға болады? 

Алғашында комикстеріңізді әлеуметтік желілерге жүктеңіз. Өнеріңізге қызығушы адамдарды жинаңыз. Уақыт өте сізге материалдық көмек беретін демеуші табасыз. Мүмкіндік болса, суреттеріңізді футболкаларға, бокалдарға басып шығарыңыз.

Блог жазу 

Алдымен қоғамды не алаңдатады, қазіргі трендте не жүріп жатыр, халыққа не керек деген сауалдарды жиып-теріп алыңыз. Айтар кеңестеріңізді түрте жүріңіздер. Қызықты тақырыптарды да жадыңыздан қалдырмаңыз. Бар ойыңызды блог ретінде жазып жүріңіз. Кейін өз аудиторияңыз жиналады. Оқырман саны артса, тіптен жақсы. 

Табыс көзіне қалай айналдыруға болады? 

Іздесеңіз, серіктестік бағдарламалары табылады. Оларға сіз жарнама жасасаңыз, олар ұсынған тауарды тегін алуға мүмкіндік болады немесе олар сізге жарнама жасайды. 

Корректура 

Көше жарнамаларынан, дүкен маңдайшаларынан қате тапқанды жақсы көрсеңіз, оқып отырған газет-журналдан ілік тауып алатын болсаңыз, тілді жақсы меңгерсеңіз, шешен сөйлеп, шебер жазсаңыз, өз қызығушылығыңыз кәсіпке айнала алады. Мүмкіндік болса, арнайы курстан өтіп, біліміңізді шыңдап алсаңыз болады. 

Табыс көзіне қалай айналдыруға болады? 

Ғаламтордан корректорларға арналған жұмыстар іздеп көріңіз. Газет-журналдарға түйіндемеңізді беріңіз. Оларға толық мүмкіндігіңіз бен қарым-қабілетіңізді танытыңыз. Өз бағамыңызды алдын ала шегелеп қойыңыз, мысалы, бір бет тексерсем, мынадай ақша аламын. Өзіңізге бек сенімді болсаңыз, жұмысқа қабылдауы сөзсіз. 

Тәтті пісіру

Асүйде анаңыздың үйретуімен пісіре алатын немесе неше түрлі эксперименттен өзіңіз үйренген тәттілерді өз пайдаңызға шеше аласыз ба? Оның үстіне, қазір туған күн, мерекелерде тортты сатып алғанға қарағанда, арнайы тапсырыспен жасаған тиімді.

Табыс көзіне қалай айналдыруға болады?

Безендірілуі қиын торттарды жасап үйреніп, суреттерін әлеуметтік желілерге жүктеп, таратсаңыз, тапсырыстың астында қаласыз. Алғашқы тұтынушылар сізден торт алғанын айтып, желілерде хабар таратса, сізге қарай көпшілік ағылатын болар. Уақыт өте белді аспаз атансаңыз, арнайы курс ашып алсаңыз артық етпесі анық.

Тоқыма өнері

Тоқу өнері де кейін қалып келеді. Бұрын әжелер осы өнермен кілемшелер тоқитын. Қазір дайын нәрсеге қол жеткізу оңай болды ма, әлде уақытын басқа нәрсеге арнағысы келе ме, әйтеуір, тоқымадан біразы алыстады. Егер осы өнерге қабілетіңіз болса, біліміңізді одан әрі шыңдап алыңыз. 

Табыс көзіне қалай айналдыруға болады? 

Алдымен білмейтін дүниелеріңізбен танысыңыз. Видео-дәрістер түсіріп, оқырман жинаңыз. Адам толды-ау дегенде, тоқыма өнеріне баулитын арнайы курс ашыңыз. Бастапқыда кішкетай қыздарға үйретсеңіз, кейін қабілет-қарымыңыз артып, ниеті бар үлкендерге үйретіңіз.