Халық жаппай тұтынатын танымал тауарлар

Бүгінде тауар да, тауар өндіруші компания да көп. Десек те, халық жаппай тұтынатын тауарлар өз алдына бір төбе. Біз оларды арзан, ыңғайлы болғаны үшін де жақсы көреміз. Көре қалсақ, бір күн болмаса, бір күні керек болып қалар деп жанынан айналып өтпей, сатып аламыз. 

Қажетімізге жарап жүрген танымал тауарларды кім шығаратынын біле жүрсек, артық болмас.

Бұл пакет Қазақстанда өте танымал деуге болады. Көшеде 15 минут өткен-кеткен адамды бақылап тұрсаңыз, әр үшінші адамның қолынан осы пакетті көруге болады. "Aygen" пакетін Өзбекстан патенттеп алған. "Aygen Collection" Өзбекстаннан мыңдаған тиражбен шығады. 

Мынадай шашқыстырғыштар әрбір қызда бар екеніне күмәніміз жоқ. Түрлі-түсті түріне қарағанда, қыздар осы қара түстісін көп қолданады. Мұндай шашқыстырғыштар бізге Қытайдан әкелінеді.

Нокианың ел арасында "кірпіш нокиа" деп аталып жүрген үлгілері кез келген адамда бар десек, қателеспейміз. Бүгінде қымбат, сенсорлы телефонмен қатар, кірпіш нокиа ұстау сәнге айналды. Осы бір сенімді телефонның тарихын тағы бір рет еске салар болсақ, нокианың барлық үлгісі Финляндиядан шығады. Nokia фирмасының негізін салған – Фредерик Идестам. 

"Cello maxriter" қаламын шығаратын Үндістаның "Селло" атты фирмасы әлемдегі ең ірі қалам фирмаларының бірі. Фирма тек қаламсап емес, кеңсеге қажетті басқа заттар шығарумен де айналысады. Солардың ішінде мына қолжетімді қалам біздің көп қолданатын заттарымыздың қатарында деуге болады. 


Осы жолдарды оқып отырған әр адамның үйінде мынадай ала сөмке бар шығар. Өйткені базар десе, ала сөмке еске түседі. Бұл сөмкенің түр-түрін өндіруші ел – Қытай. Қытай базарының сәнін келтіріп, әлемді жаулаған арзан әрі қолжетімді, ішіне не салсаң да сыя беретін ала сөмкені айырбастайтын дүние бұл күні табылмай тұр. Тіпті, ала сөмке Louis Vuitton-нің сән көрсетілімінен де жылт етті. 

"Рексона" дезодоранты кең таралғаны соншалық, бұл дезодорантты пайдаланбағандар кемде-кем. Дезодорантты "Юнилэвэр" атты тұрмыстық тауарлар шығаратын британ-нидерланд компаниясы өндіреді. 


Біз тұтынатын біржолғы ыдыстарды "Комус" атты Ресей компаниясы шығарады. Штаб пәтері Мәскеуде орналасқан.

Автор: Мейіргүл Оңғарова

Cурет: krasota.uz, vista-centr.ru, ebay.com, .o-pen.ee,

kmvtorg.com, top-kosmetika.ru, finance.obozrevatel.com