Халқымыз тіл-көз тиюден қатты жасқанған. Тіл-көз тимес үшін барынша салт-жоралғы жасап, баласы мен жақсы көретін адамын қорғаған. Дінде де тіл-көз тию ұғымы бар.
Тіл-көз тиюден сақтанудан бөлек тіл-көз тигенде емделудің де жолын тапқан. Тіл-көз тигеннің белгісі анық байқалады. Адамның ыстығы көтеріліп, денесі күйіп-жанады. Тіл қатты тисе денесі қарайып, көгеріп, бала болса көзін ашпастан жылап, бірден әлсірей бастайды. Кейбір түсініксіз жағдайда ауырған адамның арқасының алақандай жері қарайып кетуінен тіл-көз тигенін білуге болады деген сенім бар.
Ал көз тигенде адам құсып, көзі кіртиеді, ішіп өтіп, денесі қызады.
Тіл-көздің жеңіл түрін емдеуге негізінен аштау (ащылау), дем салу, үшкіру, ұшықтау, түкірту сияқты ем-дом тәсілдері жасалады.
Тіл-көз тиген баланы емдеу тəсілінің бірі аштау немесе ащылау деп аталады. Ауырған баланы көбінесе жасы үлкен əйел аштайды. Емдеудің бұл түрі – күл, тұз, жұмыртқа, кебек немесе нан сияқты заттар арқылы атқарылады. Көзі немесе сөзі өтіп кеткен адамды тауып соның бір дүниесінен қиқым алып түтету немесе сол адамның өзіне түкірту орын алған.
Тіл-көз тиюдің ауырырақ түрлерін емдету үшін молда арнайы дұға оқып үшкіріп емдеген. Тілдің аса ауыр сұғына қарсы бақсыларға "тіл кестіру" шарасын жасатқан. Бұл тәсіл бойынша емдейтін бақсы дертке ұшырағанды оңаша үй тіккізіп, жеке ұстап, ешкімге көрсетпей емдейді. Дұға оқып, ұшықтап емдеудің белгілі уақыты аяқталған соң құрбандыққа мал шалып, ел-жұрттан алғыс алады. Соның өзінде көбінесе ел жиналған жерге баруға тыйым салады.