Бір көргеннен ғашық болу дегенді біз үнемі естіп жүреміз. Бұл жағдайдың ғылым жағынан да дәлелденетіндігін ойлап көрмеген боларсыз. Жақында жапон ғалымдары адамға ғашық болу үшін қанша уақыт қажет екенін есептеп шығарды. Олардың айтуынша, бір адамға өлердей ғашық болу үшін бір секундтың бестен бір бөлігі ғана жеткілікті көрінеді. "Сонда адам өз таңдауын соншалықты тез жасайтын болғаны ма?" деген заңды сұрақ туындайды. Әрине, ғашық болуға тез таңдау жасалады екен. Өйткені, бұл бұйрықты беруге адам үлкен миының 12 бөлігі бірдей атсалысады екен. Олар дофамин, адерналин, окситоцин тәрізді гормондарды жасап шығарады екен.
Сондай-ақ, ғалымдар махаббаттың әр түріне үлкен мидың әр түрлі бөлімдері жауап беретінін де анықтаған. Мысалы, ана мен бала арасындағы махаббатқа «ортаңғы ми» жауап берсе, қатты ғашықтық дертіне шалдыққан адамға өзін-өзі бағалауына жауап беретін ми бөліктері ерекше белсенді әрекет етеді екен. Сондықтан, өле ғашық болып жүрген азаматтарымыздың өмірі белсенді, жарқын күлкіге толы болады. Дене бітімін де, бет-әлпетін де басқаша бағалап, өзгеше ұстауға, жасауға тырысады. Аталған зерттеушілердің мақаласында махаббат сезімін мүлде басынан өткізіп көрмеген адамдардың жүйке ауруларына шалдығу салыстырмасы жоғары болатындығы да айтылған.
Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы
Сурет: rayli.com