- Негізгі бет
- Жаднама
- Ғалым Боқаш. Мектеп...
Ғалым Боқаш. Мектеп жасындағы жас тілшілерге нұсқаулық
«Дарын» мемлекеттік Жастар сыйлығының, «Алтын Жұлдыз» сыйлығының, Қазақстан Республикасы Президентінің Бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы сыйлығының лауреаты, шығыстанушы-журналист Ғалым Боқаш Massaget.kz-те мектеп жасындағы жас тілшілерге арнайы нұсқаулық берді. Журналист боламын деген әрбір талапкер бұл кеңесті жадында ұстауы тиіс. Сондықтан да, кеңестерін толықтай бергенді жөн санадық.
Мектеп жасындағы жас тілшілерге нұсқаулық
Әуелі «мақала» (арабша «жазба» деген сөз) деген өте жайылыңқы ақпараттық жанрды ықшамдап алайық. Үнемі ойда ұстайтын екі нәрсе бар. Біріншіден, нақты не жазатынымыз анық болсын: жаңалық па, репортаж ба, комментарий ме, сараптама ма, шолу ма, адами хикая ма? Екіншіден, осы аталғандардың қайсысын таңдасақ та, оқиға, я құбылыс туралы жазбамызда «кім?», «не?», «қайда?», «қашан?», «неге?», «қайтіп?» деген алты негізгі сұраққа жауап табылсын.
Ал кеттік. Бүгін мынадай оқиға болды делік: А. атты 11-сынып оқушысы «ҰБТ-ға дайындық кезінде депрессияға ұшырап, мектепке келуден бас тартты» деген хабар тарады. Шешесі ұлының «тым қатты талап қою» құрбанына айналғанын, сынып жетекшісі айлар бойы оны «ең жоғары балл алмасаң, бәрімізді масқара қыласың» деп қысып келгенін айтады. Директор мен сынып жетекшісі ондай мәліметті жоққа шығарып азар да безер болады. «Күйзеліске ұшырады» деп сипатталған баланың шешесі мектепте мұғалімдермен сөзге келіп қалды, шу-шұрқан болды. Бүгін болған оқиға ретінде бұл хабарды мектептің ақпараттық вебсайтына (шартты түрде атын «Мектеп Таймз» деп қояйық) жаңалық ретінде шұғыл түрде жазу тиімді.
ЖАҢАЛЫҚ – 250 сөзден аспайтын, «кім?», «не?», «қайда?», «қашан?», «неге?», «қайтіп?» сұрақтарына анық жауап беріп, оқиғаны ықшам және бейтарап түрде, жай сөйлемдермен баяндайтын хабар. Жаңалықтың құрылымы мынадай: (5-8 «кілт сөзден» тұратын) қысқа тақырып, (бірден оқиғаны нақты сипаттайтын) кіріспе сөйлем, (оқиғаның растығын кем дегенде екі дерек көзі арқылы айғақтайтын, барлық қатысушылардың пікірін қамтитын) баяндау бөлімі, (осы немесе осыған ұқсас оқиғалар мен маңызды қосымша мәлімет беретін) бэкграунд.
Оқушы «ҰБТ үшін депрессияға ұшырады» деп хабарланды (7 сөз)
Мамырдың 7-і күні Пәленше қаласындағы Түгенше мектептің A атты 11 сынып оқушысы «ҰБТ (Ұлттық бірыңғай тестілеу) тапсыру алдында депрессияға ұшырап, мектепке барудан бас тартты» деп хабарланды (25 сөз).
Оқыс оқиға туралы сол күні мектеп басшылығына келіп баяндаған А-ның шешесі D ханым «таңғы сағат 7.00 шамасында бөлмесінде өкіріп жылап отырған ұлын көріп, қатты шошып жедел жәрдем мен полиция шақырғанын» айтады. D ханымның сөзінше, «соңғы бірнеше ай ішінде мінезі күрт өзгерген А өзін депрессияға жеткізген – сынып жетекшісі B» деп санайды. «Балам ең жоғарғы балл алмаса, бүкіл мектепті масқара қылады дегендей сөздер айтылған» деді D ханым. Ал B ханым A-ға ешқандай қысым жасамағанын айтады. Шешесі «туыстары күзетіп отыр» деп сипаттаған А-дан нақты не халге ұшырағаны туралы тікелей хабар алу мүмкін болмады. Бүгін таңертең оны тексерген Пәленше қалалық ауруханасының терапевті C ханым «Мектеп Таймзға»: «Баланың жүйкесі қатты әлсіреген. Невротикалық бұзылу байқалады. Кем дегенде бірнеше ай емделу керек» деді. А-мен бүгін сөйлескен учаскелік полицей D мырза: «Оқиға тексеріліп жатыр. Қорытындыны ата-аналар мен мектеп басшылығына хабарлаймыз» деп жауап берді (135 сөз).
Пәленше қалалық білім басқармасы Түгенше мектебін соңғы бірнеше жыл бойы «ҰБТ бойынша нашар көрсеткіш иеленді» деп сынап келеді. Мұндай бағамен келіспейтін мектеп директоры E ханым «мектепті «үздік белгімен» бітірушілердің керісінше көбейгенін» уәж етеді. A – биылғы «үздік белгіге» үміттілердің бірі саналып келген. Былтыр мамыр айында Түгенше мектебіндегі ҰБТ-ға дайындық кезінде бірнеше мектеп оқушысының денсаулығы күрт нашарлап, жедел жәрдем шақырылған еді. Жоғары оқу орнына түскісі келетін соңғы сынып оқушылары ҰБТ тапсыруға міндетті (70 сөз).
Барлығы – 237 сөз
Бұл жаңалықтағы басты дерек көзі – A деген оқушы болуы тиіс еді. Бірақ онымен сөйлесу мүмкін болмағандықтан, оның әлі кәмелетке толмаған бала екенін ескергендіктен оның атынан сөйлеген шешесі дерек көзі ретінде қабылданады. Бірақ тілшіміз оқушының шешесінің айтқандарын шындық ретінде қабылдай сала алмайды. Үнемі тырнақша ішінде көрсетіп отырады. Тақырып та солай қойылады, Өйткені A мен оның шешесі нақты адамды айыптап тұр, олардың мәлімдемелеріне қатысты тексеру енді басталады, оның қорытындысы қалай болып шығатыны әлі белгісіз.
Кез келген осыған ұқсас оқиғада айыптаушы тарап пайда бола қалса, тілші айыпталушы тарапқа да міндетті түрде пікірін айтқызуы тиіс. Мұны журналистер ауызекі тілде «баланс» деп атайды. Нақты мына мысалда айыпталушы тарап – сынып жетекшісі мен мектеп директоры.
Жалпы жаңалық жазу кезінде әйгілі америкалық журналист Лестер Маркельдің мына бір сөзін есте ұстау қажет: «Не көріп тұрсаң, сол – жаңалық. Не біліп тұрсаң, сол – бэкграунд. Нендей сезімде тұрсаң, ол – сенің жеке пікірің». Ал кәсіпқой журналист жаңалық жазу кезінде өз сезімі мен эмоциясының жетегінде кетіп, оқиға туралы жеке пікірін жаза алмайды. Өйтетін болса, ол жаңалық емес, мүлдем басқа жанрға айналады. Өмірлік тәжірибесі мен кәсіби біліміне сүйеніп, жеке пікірін, яғни комментарий жазатын деңгейге жету үшін журналиске біраз тер төгу қажет. Ол туралы келесі нұсқаулығымда түсіндірмекпін.
Дайындаған: Ардақ Құлтай
Сурет: Жеке мұрағаттан
А. Құлтай