Мыңдаған идеялар туындап жататын алуан әлемде фильм атты өлкенің де үлесі бар. Бүгінгі қоғамдағы түрлі жағдайлар мен тарихи-әлеуметтік құбылыстардың әсерінен режиссерлердің санасында түрлі-түрлі қиялдар туындайды. Ол қиялдың жемісі осы фильмді түсіру және оны көрерменге жеткізу. Дегенмен режиссердің қанша жылғы еңбегін үш сағатқа сидырып, сізге ұсынып отырса, сіз оның өзін тез-тез жылжытып жарты сағатта көріп тастасаңыз, әділеттілік болмас.
Фильм көрудің бірнеше қағидасын оқып көріңіз. Кинотеатрға бармай-ақ, көрген фильміңізден ләззатаныңыз. Сізге пайдасы тиері анық.
1. Тыныштық
Ең бірінші тыныш әрі жайлы жер табыңыз. Фильмді көрмес бұрын өзіңізге керек әрі ыңғайлы орынды табу ойлануға әрі жүйелі түрде назарды бір арнаға тоғыстыруға көмектеседі.
2. Жанр таңдай біліңіз
Кез келген фильмді таңдай салу жалпы кино саласына деген жеккөрушілік тудыруы мүмкін немесе жалыға бастайсыз. Фильмнің жанрна аса мән беріңіз. Әсіресе, биографиялық, драма мен комедия аралас, триллердің аздаған тұздығы бар, атыс пен шабыстан гөрі танымдық және психологиялық дүниелерге қарай үңіліңіз. Қатты күйзеліске немесе қорқуға апаратын фильм табиғатыңызға сай келмесе деніңіздің саулығына тікелей әсер етеді.
3. Түрлі жанрдағы 10 фильм таңдап қойыңыз
Бір жанрға қатып қалу деген заңдылық жоқ. Барынша әртүрлі жанрдағы фильмдерді көріңіз. Көзбен көрген әрбір бейне мен сюжет санаңызда өріледі. Ол қиялдау көкжиегіңізге пайдасын тигізеді. Сондықтан екі күн сайын бір фильм қарауға уақыт тауып, тізім жасап қойыңыз. 10 түрлі жанрдағы фильмді көріп болған соң, сараптама жасай да біліңіз. Яғни кинодан алған әсеріңізді бөлісе білу.
4. Фильмді алға жылжытып көруден қашыңыз
Өзіңіз таңдап алған фильмнен қызықсыз көрінген жерін жылжытып жіберіп, тек қызық тұстарын көру «фильмді көрдім» деген сөзді жоққа шығарады. Әрбір нысан мен сөзге мән беру арқылы, актерлердің шеберлігіне сүйсіне отырып көре білу де маңызды рөл ойнайды. Фильмдердің диалогтарында айтылатын кей сөздер өмірлік ұстанымыңызға да айналуы ғажап емес. Тез-тез жылжытып көру кезінде сіз ең маңызды деген жерлерді ескерусіз қалдырасыз әрі фильмнің негізгі мағынасын да аша алмайсыз.
5. Фильмді шынайы деп көріңіз
Көрермендердің көпшілігі фильмді ойдан құралған, оны актерлер мен актрисалар ойнайды деп өздеріне жалған сенім қалыптастырып алып жатады. Әрине фильм шеберлікке жасалған сюжет болғанымен, оған шынайы қарау арқылы сіз үш сағаттық уақытыңыздың далаға кетпегенін сезінесіз.
6. Фильмді бөліп көрмеңіз
Бір фильмді көруге оқталсаңыз, оны ешқашан екі бөліп көрмеңіз. Әрине, ол сериал болса ғана, осылай етуге болады. Ал толыққанды біртекті фильмді өз уақытында көріп тастаған жөн. Өйткені сіз оған екінші рет оралмауыңыз да мүмкін. Оралып келіп көрген күннің өзінде әсеріңіз мүлде басқаша болмақ.
Аталған қағидаларды сақтай отырып, бір фильмнен алған әсеріңізді көп уақытқа дейін ұмытпайсыз.
ХХІ ғасырдың көзбен көріп, дыбысын еститін «кітабы» сізді зеріктірмесін десеңіз, пайдалы кеңесті пайдаға асырыңыз.