Әлем үнемі өзгеріп тұрады. Сол секілді адамдар жейтін тағамдар да өзгереді. Оған адамдардың қалауы, сән, экология ерекшеліктері және экономика әсер етеді. Көптеген ғалымдар адамзат 100 жылдан кейін қалай тамақтанатынына байланысты болжамдар жасап жатыр. Ендеше, қандай теориялар бар?
Етті лабораторияда өсіреді
Болашақта адамдар етті лабораторияда өсіруі мүмкін. Мысалы, ол туралы New Harvest жасушалық ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының атқарушы директоры Иша Датар жиі айтып жүр. Тірі жануар жасушасының үлгісін алып, содан соң оларды қоректік заттары бар сұйық ортаға енгізу арқылы лабораториялық ет шығарылуы мүмкін.
Қаптамалар жеуге жарамды болады
Әлемдегі барлық ғалымдарды планетаны ластайтын пластикалық қалдықтар мазалайды. Бұл жағдайда көмектесуі мүмкін бір әдіс - тамаққа арналған қаптамаларды экологиялық ету. Көпшілік ғалымның ойынша, болашақта жеуге болатын қаптамалар шығуы мүмкін. Бұл қалдықтардың азаюына ықпал етуі мүмкін.
Алайда мұндай қаптама қазірдің өзінде бар. Мысалы, Do Eat белгиялық компаниясы печенье, бутерброд және басқа да өнімдерге арналған су мен крахмалдан тұратын қаптама шығарды. Оның дәмі жоқ. Егер оны жегіңіз келмесе, тастай беруге болады. Ол пластикке қарағанда толықтай ыдырайды.
Жәндіктерді жейтін болады
Азия мен Африканың кей елдерінде жәндіктерді ғасырлар бойы жеп келеді. Олардан жасалған тамақтар Австралия, Мексика, Бразилия және АҚШ-тың кей штаттарында тараған. Ғалымдардың ойынша, болашақта жәндіктерді бүкіл әлемдегі адамдар жеуі мүмкін. Себебі оларды өсіруге ресурс аз кетеді.
Тамаққа арналған 3D-принтер әр үйде болады
3D-принтермен тамақ дайындау - болашақта өнімдерді шығаруды жылдамдататын технология. Ғалымдардың ойынша, ол дәмді тамақтарды қолжетімді етеді және қарт кісілердің өмірін жеңілдетеді. Қазірдің өзінде көптеген компаниялар 3D-баспа арқылы өнімдер шығарып жатыр. Мысалы, 2016 жылы Barilla маркасының шиі макарондарын өндіретін принтер ойлап табылды. Сондай-ақ ғалымдар 3D-принтермен шоколад, жасанды жемістер және басқа өнімдер шығара алды.