Тоқтыққа үш жолмен жетуге болады: еңбекпен, тілемсектікпен және ұрлықпен...
* * *
Соңғы екеуі кездейсоқ тоқтық. Кездейсоқ келген жеткіліктілікті, байлықты ұстап қалу қиын, тіпті мүмкін емес. Желмен келген несібе желмен ұшып кетеді.
Нан қарынды іздемейді, қарын нанды іздейді. Бірақ, тоқшылықтың құлы болма. Әңгіме тоқшылықта емес, тоқшылықта өмір сүруде.
"Тойсаң тоба қыл" деген қазақ ата-бабамыз. Қанша бай болсаң да қарапайымдылықпен өмір сүр. Өзіңе тыныш болады.
* * *
Тентектің екі түрі бар.
Біреуі біреуге қиянат жасайтын тентектік, екіншісі, біреудің қиянатын көтере алмай жасалатын тентектік. Тек менікі дұрыс деп тентектік жасауға болмайды. Біздің кей зиялыларымызда, нақтырақ айтқанда, өзін белігілі адаммын деп есептейін кісілерімізде, тек менің ғана айтқаным дұрыс деу бар. Жалпы, біреудің айтқаны дұрыс болып тұрғанның өзінде, айтқанды ғана орындау адамның қабілетін кемітеді. Ойлау қабілеті шектелген адамның өмірі қызықты болмайды. Ол жаппай құбылысқа айналса, ондай елдің болашағы бұлдыр.
Тегінде, бүркіт жұмыртқасын қақаған суықта жарады, балапанын дауыл тұрған кезде ұшырады. Өмірдің басты мақсаты - бойындағы барды бере білу. Ұшатын құсқа көмек оның қанаты енді қатайып келе жатқанда керек.
Құлдық психология жігеріңді құм етеді, жалтақ болып жаман үйренесің. Балтық жағалауындағы елдерге барсаңыз, адамдары алшаң басып, мен өз елімдемін, өз елімнің қожасымын дегені сөз ісі мен қимылынан сезіліп тұрады. Рух көтеріңкілігі деген осы.
Дайындаған: Әкежан Дәкен
сурет: lebanondebate.com