Ерте тұрып, уақытыңызды үнемдеңіз

Бірде Марк Аврелий: "Таңертең ерте тұрсаңыз, көп нәрсені жаңадан бастауға мол мүмкіндік аласыз", - дейді. Біз бұл жазбамызда ерте тұрудың адам өміріне пайдалы әрі тиімді екенін айтқымыз келіп отыр.

1. Жоспар құрыңыз. Егер ерте тұрып, бүгінге жоспар құрып алсаңыз, уақытыңызды да үнемді пайдаланасыз. 

2. Бір стақан су. Таңертең су ішуді ұмытпаңыз. Диетолог Донна Гейтс "The Body Ecology Diet" деген кітабында адамдарға таңертең суды көбірек ішуге кеңес береді. Себебі су ағзаны әртүрлі аурудан сақтайды. 

3. Таңғы жатығу. Таңғы жаттығу барысында сіздің бұлшық етіңіз бен сүйектеріңіз тез оянады. Бірақ ұйқыдан тұра салысымен жаттығу жасау оңайға соқпайды. Алайда зерттеу нәтижелері таңғы жаттығудың күйзелісті жеңіп, қанайналымды жақсартатынын көрсетеді. 

4. Музыка тыңдаңыз. Өзіңіздің күніңізді музыка тыңдаудан бастаңыз. Себебі музыка арқылы көңіл-күйіңіз көтеріліп, жаныңыз рахаттанады және алдағы күнге ерекше күш-қуат аласыз.

5. Күліңіз. Күлкінің адам өміріне, денсаулығына қаншалықты пайдалы екенін жақсы білесіздер. Күлкі айналаңыздағы адамдарға сенімділігіңізді білдіреді. Сонымен қатар табысты адамдардың басым көпшілігі белсенділікті ұнататынын ұмытпаңыздар. 

6. Үйіңізді ретке келтіріңіз. Өмір қайнап жатыр. Кейде күнделікті күйбең тіршіліктің қамымен жүріп, үй-күйіңізді ұмытып кететін кездер болады. Киім-кешектеріңіз бір бұрышта шашылып жатса, ыдыс-аяғыңыз жуылмаған күйінде тұрады. Жұмыстан шаршап келгендіктен, бұл заттар көбіне ертеңге қалып жататынын жасырмайсыз. Сондықтан ерте тұрып, үйіңізді ретке келтіріп қойсаңыз, жұмыстан келгенде де көңіл-күйіңіз де көтеріңкі болып, таза жерде тамаша демаласыз. 

7. Ең ауыр істі бірінші бітіріңіз. Ауыр істерді артқа қалдырып, ұсақ-түйек шаруалардан күннің бірінші жартысында құтылып алған дұрысырақ деп ойлайтын шығарсыз. Бірақ керісінше ауыр істі бірінші бітірсеңіз, қалған шаруаларыңыз да оңай шешіледі.