Әрбір ата-ана шаңырағында шыр етіп дүниеге келген сәбиіне ең алдымен лайықты есім тауып, сол есімді баласына қоюға асығатыны сөзсіз. Кейбір зерттеушілер адамның есімі оның өмірінде елеулі орын алады деген пікір айтады. Дей тұрғанмен де адамның бақытты ғұмыр кешуі оның есіміне байланысты емес. Алайда әрбір ата-ана баласына жақсы есім қоюға барын салатыны белгілі. Сондықтан біз бүгін ерекше сәби есімдерін сіздердің назарларыңызға ұсынуды жөн көріп отырмыз.
АБАЙ – қазақ есімі, ел ағасы. Абай есімінің мағынасы әр түрлі: абайлағыш, байқағыш, ойшыл. Бұл есім қазір халық арасында жиі қойылады.
АБЗАЛ – араб тілінен алынған - ардақты, аса қадірлі, ең құрметті.
АБЫЛАЙ – араб тілінен алынған есім - абыл, әбіл — ата, әке. Әбділмәмбет деген есімнің қысқарған түрі.
АДАЙ – көне түркі тілінен алынған - балапан. Бала, сәби, перзент деген ауыспалы мағына береді.
АЙБЕК – қазақ есімі - ай + бек — берік, мықты. Сәби ғұмырлы, беделді болсын деген тілекпен қойылған есім.
ӘБДІРАХМАН – араб тілінен алынған рахман — рақымды, мейірімді, кішіпейіл. Мейірімділіктің құлы. Қысқартылып Әбдірақ, Әбіш деп айтылады.
ӘБУ – араб тілінен алынған абу — әке.
БАҚТИЯР – иран тілінен — бақытты, кұтты.
БАУБЕК – өмір-жасы ұзақ, өмірлі болсын, табанды жігіт болсын деген тілекпен қойылған есім. Синонимі — Бекбау.
БАУЫРЖАН – ағайынға, туған-туысқа жан-тәнімен берілсін, жанындай жақсы көрсін, бауырмал болсын деген тілекпен қойылған есім.
МАҒАУИЯ – араб тілінен - сау-саламат; құтылған.
МЕЙРАМ – мереке. Бала өмірі шат-шадыман, мерекеге толы болсын деген тілекпен қойылғаны байқалады.
МҰҚАҒАЛИ – көне түркі тілінен муқа + араб тілінен алынған ғали ; аса күшті, зор батыр.
НАРИМАН – иран тілінен алынған нари - батыл, ержүрек + ман, яғни батыл, ер адам.
НЕСІПБАЙ – өз бақыты, өз тағдыры бар, байлыкқа кенелген.
РУСЛАН – көне түркі тіліндегі Арыслан есімінің орыс тілінде өзгерген түрі.
САЙРАН – бала өмірде бақытты өмір сүрсін, сайрандап жүрсін деген тілекпен қойылған есім.
Бұдан басқа да есімдер толып жатыр. Қандай есім қоям десеңіз де өз еркіңіз. Бірақ та әдемі, әсерлі, көркем есім қою сіздің міндетіңіз екенін ұмытпаңыз. Егер отбасыңызда сәби дүниеге келіп жатса, жоғарыда айтылған есімдерді қоюға кеңес береміз.