Еңбек демалысын қайда өткізетінін қазірден жоспарлап жүргендер бар шығар, бірақ кедергіге тап болмас үшін еңбек демалысын дұрыс рәсімдеу де маңызды.
Уақытын таңдаймыз
Компанияда алты ай жұмыс істеген кез келген қызметкер құрметті демалысқа шығуына құқылы. Әр қызметкер жарты жыл өткен соң, басшылыққа екі апта бұрын ескертіп, кез келген уақытта құрметті демалысын пайдалану мүмкіндігі бар. Егер ол қарсы болмаса, саяхаттауға жинала берсеңіз болады.
ҚР Еңбек кодексі №251
101-бап. Жыл сайынғы негізгі ақылы еңбек демалысының ұзақтығы
Егер қызметкерлердің жекелеген санаттары үшін басқа нормативтік құқықтық актілерде, еңбек шартында, ұжымдық шартта және жұмыс берушінің актілерінде көп күн саны көзделмесе, қызметкерлерге ұзақтығы күнтізбелік жиырма төрт күн болатын жыл сайынғы негізгі ақылы еңбек демалысы беріледі.
Еңбек шарты тоқтатылған кезде жыл сайынғы ақылы еңбек демалысын (жыл сайынғы еңбек демалыстарын) пайдаланбаған немесе толық пайдаланбаған қызметкерге жыл сайынғы ақылы еңбек демалысының (жыл сайынғы еңбек демалыстарының) пайдаланылмаған күндері үшін өтемақы төлемі жүргізіледі.
Жыл сайынғы ақылы еңбек демалысы қызметкердің тынығуына, жұмыс қабілетін қалпына келтіруіне, денсаулығын нығайтуына және қызметкердің өзге де жеке қажеттіктеріне арналады және жұмыс орны (лауазымы) мен орташа жалақысы сақтала отырып, белгілі бір күнтізбелік күндер санына беріледі.
Егер сіз жұмыс берушімен шарт жасаспай жұмыс істеп жатқан болсаңыз, яғни жалақыны конвертте алып жүрсеңіз, онда еңбек демалысына байланысты мәселе туындауы мүмкін. Өйткені құжат бойынша жұмыс берушімен сізді заңды тұрғыда ештеңе байланыстырмайды, сол себепті құрметті демалысыңызды талап ете алмайсыз.
Демалыс аралығы
Егер алдыңғы демалыстан кейін үш ай өтсе тағы демалыс ала аласыз ба? Еңбек кодексіне сәйкес жыл сайынғы демалыс жұмыс жылының кез келген уақытында беріледі. Алайда ұжымның демалыс графигіне байланысты қызметкерлер арасында кезек сақталуы қажет.
Демалыс күндеріне түсетін еңбек демалысы
Кеңес Одағында 28 күндік бір айлық еңбек демалысы бөлінбейтін, сол себепті оның ішіне демалыс күндері кіре ме, кірмей ме деген сұрақ туындамайтын. Қызметкер сол уақытқа түсетін барлық демалыс күнімен есептегенде 28 күнді бір-ақ алатын. Ал қазіргі уақытта демалысты бөлуге болады, және көбі бес күнге – дүйсенбіден жұмаға дейін аралыққа рәсімдейді. Осылайша қызметкерлер жеті күн демалып, сенбі мен жексенбіге түсетін еңбек демалысының екі күнін үнемдеп қалады. Алайда көптеген компаниялар бұл «қулыққа» қарсы және демалыс күндерін қосуды да талап етеді. Талап етуге құқылы ма?
Еңбек кодексі бойынша әр қызметкерге 24 күн еңбек демалысы тиесілі, бірақ оны қанша бөлікке бөлуге және әрқайсының ұзақтығы қанша болуы тиіс екені айтылмайды. Тек демалыстың бір бөлігі екі аптаны толық қамтуы, яғни 14 күннен кем болмау керек екені баяндалады. Демек, жұмыс беруші қарсы болмаса қызметкер демалысын бірнеше бөлікке бөліп ала алады.
Еңбек демалысының ұзақтығы
Демалыстың минималды ұзақтығы 24 күнді құрайды. Ұзартылған еңбек демалысына:
жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының педагог қызметкерлері үшін ұзақтығы күнтізбелік 56 күн; оқу-әдістемелік қызметкерлері қамтамасыз ету, мектепке дейінгі және қосымша білім беру ұйымдарының педагог қызметкерлері үшін - күнтізбелік 42 күн; азаматтық қызметкерлер күнтізбелік 30 күн демалу құқығына ие.Сонымен қатар, Еңбек кодексінің 103-бабына сәйкес жыл сайынғы ақылы еңбек демалысының ұзақтығы қолданылатын жұмыс режимдері мен кестелеріне қарамастан, еңбек демалысы күндеріне тура келетін мереке күндері есепке алынбай, күнтізбелік күндермен есептеледі. Яғни, демалыс мерзіміңізге мерекелік күндер түсетін болса, ол күндерді есепке алдыртпауыңызға толық құқығыңыз бар. Яғни, 56 күн демалыстың ішінде, мысалы Астана күні түссе, онда 57 күн демала аласыз.
Еңбек демалысы үшін өтемақы төлемі қалай есептеледі?
Жыл сайынғы ақылы еңбек демалысы қызметкердің соңғы 6 немесе 12 айлық табысына сәйкес есептеледі. Жұмыс істемеген мейрам күндері мұның ішіне кірмейтіндіктен, сол күндер үшін ақша аударылмайды.
Ережеге сәйкес бес күндік, сондай-ақ алты күндік жұмыс аптасында орташа айлық жалақыны есептеу белгіленген қосымша ақылар мен үстемеақылар, сыйақылар және еңбекақы төлеу жүйесінде көзделген тұрақты сипаттағы басқа да ынталандыру төлемдері ескеріле отырып, тиісті кезеңдегі орташа күндік (сағаттық) жалақының есебінен нақты жұмыс істелген уақыт үшін жүргізіледі.
Бәрін мазалайтын сұрақ: демалыс өтемақысы қалай есептеледі? Оларды есептеу үшін он екі айдың жалақысын (кейде жұмыс істеген ай) он екі айдағы жалпы жұмыс күндеріне бөліп, еңбек демалысы күніне көбейтеді. Есептеу формуласы шамамен мынадай:
(айлық жалақы1+айлық жалақы2+айлық жалақы3+...айлық жалақы12) / (он екі айдағы жалпы жұмыс күні) * (еңбек демалысы күндері) = қолға алатын сома
Алайда, ескере кететін жайт, ай сайынғы төленетін міндетті зейнетақы жарнасы мен жеке кіріс салығы, сонымен қатар орташа жалақы мөлшерін шегеру сынды төлемдер еңбек демалысы өтемақысын есептеуде де ескеріледі.
Еңбек демалысы өтемақысы демалысқа үш күн қалған уақытта төленуі тиіс!
Еңбек демалысына шықпас бұрын...
Ұжымды жерге қаратып кетпес үшін екі апта бұрын жұмысыңызды әріптестеріңізге үйретіп, не тапсырып кетіңіз. Көбі алдағы демалысты ойлап, босаңсып, маңызды жұмыстарды атқарып кетудің орнына саяхатты ұйымдастырып, интернеттен қандай көрнекі орындарға баруға болатынын қарап, жоспарлап кетеді. Кетуіңізді сауатты түрде ұйымдастырыңыз.
Демалысқа 14 күн қалғанда:
Сізді алмастыра алатын, поштаңызды тексеріп, жұмысқа байланысты сұрақтарды шешетін адамды тағайындап кетіңіз. Сіз жоқта ешқандай мәселе туындамас үшін әріптесіңізге уақыт бөліп, бүге-шігесіне дейін түсіндіріп қойыңыз.
Ең маңызды деген жұмыстарды өзіңіз атқарып кетуге тырысыңыз, ал аяқталмаған жұмыстардың тізімін әріптесіңізге қалдырыңыз. Саяхаттап жүргенде әріптестеріңіз хабарласып мазаңызды алмас үшін әріптестеріңізге нұқсаулықтар ретін жасап кеткеніңіз жөн.
Электронды поштаңызды бүге-шігесіне дейін тексеріп, маңызды хатты өткізіп алмағаныңызға көз жеткізіңіз.
Сурет: otvetin.ru, stranyplanety.ru, airwingover.ru
Дайындаған: Анар Мұстафина