Экран алдындағы жұмыс гигиенасы

Экран алдында жұмыс істеу өмір салтымыздың бір бөлігіне айналды. Кейде жұмыс уақытынан кейін де компьютер алдында отыруға тура келеді. Бұл көздің көру қабілетінің нашарлауына әкеп соғуы мүмкін. Сондықтан бірнеше ережені ұстанғаныңыз абзал. Balbal.kz экран алдында жұмыс істеу гигиенасы жөнінде материал дайындады.

Қаріптің өлшемі

Ұсақ қаріп көзіңізді ауыртады. Қажетті тұсын көру үшін экранға жақын отыруға тура келеді. Мұның әсерінен басыңыз ауырып, тез шаршап қаласыз. Сондықтан компьютердің қаріпін өзіңізге ыңғайлап алған жөн. Мәтінді немесе көлемді ақпаратты оқу керек болса, қағаз бетіне шығарып алғаныңыз дұрыс. Бұл көзіңізді ауыртпайды, әрі уақытыңызды да үнемдейді.

Жарық

Тым қараңғы не шамадан тыс жарық экран көзіңіздің шаршауына әсер етеді. Жарықтың қараңғы болуы жазуды не суретті көруге бөгет болады. Ал тым жарық экран көзді шаршатады. Жасаурап, тітіркенуіне де себепкер болуы мүмкін. Көзіңіз үшін ыңғайлы жарық деңгейін қолданыңыз. Әдетте, бұл бөлменің немесе сіз отырған мекеменің жарығымен бірдей болады.

Күн сәулесінің түсуі

Монитор бетіне түскен күн сәулесі сіздің жұмыс істеуіңізге бөгет жасайды. Мұны шешудің үш жолы бар:

Мониторға арналған арнайы қорғаныш пленкасын сатып алуға болады. Мұндай пленкалар кұн сәулесін шағылыстырмайды;

Мониторды немесе ноутбукты күн сәулесі түспейтін жерге орналастырыңыз;

Арнайы компьютермен жұмысқа арналған көзілдірік тағу.

Монитордың орналасуы

Бұл да өте маңызды. Жұмыс барысында экранның тым жоғары не төмен орналасуы сізге бірнеше ыңғайсыздықтарды тудырады. Басыңызды қатты көтеріп немесе еңкейіп отыруға тура келеді.

Диагоналі 20 дюймнен кем емес мониторды қолдансаңыз, оның жоғарғы тұсы көздің деңгейінен 5-7 см жоғары болу керек. Егер кіші болса, көз деңгейінен төмен орналасқаны жөн.

Мониторды шалқайтып орналастырыңыз. Астыңғы бөлігі үстіңгісіне қарағанда сізге жақынырақ болуы керек. Сонымен қатар монитор тең ортада тұруы қажет.

Көзіңізді тынықтыруды ұмытпаңыз

"20/20/20" әдісін пайдаланыңыз. Жұмыс барысында әр 20 минут сайын өзіңізден 20 метр қашықтықта орналсқан затқа 20 секунд қарап тұрыңыз.

Демалу техникасын қолдануға да болады. Ыңғайлы орын тауып, арқаңызды түзу ұстаңыз. Көзіңізді жұмып, мұрын арқылы терең демалыңыз. Тыныс алу 2 секундтан кем боламағаны дұрыс. 1-2 секунд демді ұстап, 4 секунд көлемінде ауаны аузыңыз арқылы шығарыңыз. Мұны бірнеше рет қайталау арқылы миды тынықтырасыз. Артық ойдан арылып, көру бен тыныс алу жүйесін реттейсіз.