- Негізгі бет
- Жаднама
- Егер махаббат бар...
Егер махаббат бар болса...
17 ғасырда өмір сүрген француз халқының әйгілі жазушысы, философ-моралисі Франсуа де Ларошфуконың қанатты сөздерін ұсынамыз:
Біздің жақсы қасиет деп жүргеніміз – көбіне тағдырдың шебер таңдауымен немесе өзіміздің қулығымызбен жүзеге асатын пайдакүнемдікке негізделген тілектеріміз бен әрекеттеріміз; сондықтан кейде әйелдердің пәк, ал ерлердің айбынды болатыны, бұл қасиеттердің шын мәнінде оларға тән екенін көрсетпейді.
Ғұмырымыздың ұзақтығы бізге қаншалықты байланысты болмаса, құмарлықтарымыздың баяндылығына да біздің қатысымыз шамалы.
Құмарлық - үнемі дәлелі бұлтартпас дара шешен.
Біз өз құмарлықтарымызды ізгілік пен жақсылықтың пердесімен қанша бүркемелеуге тырыссақ та, ол бәрібір шымылдықтың ар жағынан көрініп тұрады.
Күштілердің қайырымдылығы көбінесе алпыс айлалы саясат болып табылады, ол саясаттың мақсаты - халықтың махаббатын жаулап алу.
Бақытты адамдардың ұстамдылығы баянды сәттілік сыйлаған сабырдан тарайды.
Ұстамдылық - өз бақытынан басы айналған әркімнің үлесіне айналатын күндеушілік немесе жек көруден қауіптену болып табылады; бұл ақылдың қуатымен мақтанудың бос әурешілігі; ал енді сәттіліктің шыңына жеткен адамдардың ұстамдылығы - олардың өз тағдырынан жоғарырақ көрінсем деген тілегі.
Қызғаныш күмәнмен қоректенеді; күмән сенімділікке айнала бастаған сәтте ол не өледі, не долылыққа айналады.
Біз өз есебімізге сәйкес уәде береміз де, ал уәдені сақтығымызға сай орындаймыз.
Бізге қуанышты қоршаған орта сыйламайды, біздің қоршаған ортаға деген қатынасымыз сыйлайды және біз өзгелер сүюге лайықты деп есептейтін нәрселерге емес, өзіміз сүйетін нәрселерге қол жеткізгенде өзімізді бақытты сезінеміз.
Тағдыр кімнің қолдаушысына айналса, бәрін оған пайдалы болатындай қылып жасайды.
Шынайылық - бұл ақжүректілік.
Көреген адам өз тілек қалауының орнын анықтап, оны рет-ретімен жүзеге асыруы керек. Біздің ашкөздік осы реттілікті жиі бұзып, бір демде бірнеше мақсаттың соңына түсуге итермелейді, сөйтіп, түкке тұрмайтын ұсақ нәрселерді қуамыз деп жүріп мәнді нәрседен айырылып қаламыз.
Махаббатқа анықтама беру қиын; ол туралы тек мынаны айтуға болады: жан үшін ол - билікке деген шексіз құмарлық, ақыл үшін ол - ішкі туыстық, ал тән үшін ол - ұзақ сонар тұспалдаудан кейін сүйетін нәрсеңді иеленудің жасырын да нәзік тілегі.
Өзімізге де беймәлім күйде және жүректің түкпірінде жасырынған махаббат қана басқа құмарлықтардан ада және еркін болады.
Егер махаббат бар болса, ешқандай қулық оны ұзақ жасыруға көмектесе алмайды, ал егер жоқ болса, бейнелей алмайды.
Көп адамның әділеттілікке деген махаббаты әділетсіздікке ұшырап қалмайын деген қорқынышы.
Адамның ақылының қасиетін тану оңай болғанмен, оның жанының қасиетін тану қиын болғандықтан да біз достықта тұрақсызбыз.
Өзіміздің сенбеушілігімізбен біз өзгенің алдауын ақтаймыз.
Қауқары қайтып, абыройсыз іске қабілетсіз болып қалғандықтан да, қарт адамдар кеңес беруге үйір болады.
Ақыл мен сұңғылалық әртүрлі қасиет деп санайтындар қателеседі. Сұңғылалық - ақылдың ерекше саралығы, осы арқылы ол заттың мәніне жетеді, назар аударуға тұрарлық заттың бәрін аңғарады және басқаға байқалмайтынды көре алады. Сондықтан да сұңғылалыққа телініп жүрген барлық нәрсе ақылдың айрықша саралығының салдары болып табылады.
Жүрек үнемі ақылды ақымақ қылады.
Қулық пен сатқындық ептіліктің олқылығынан ғана хабар береді.
Егер айналасын ақымақтар жайламаса, ақылды адам көптеген қиындықтарға душар болар еді.
Харекет пен ойға аған бір біріне сәйкес болуы керек, өйтпеген жағдайда олардың бойындағы бар мүмкіндіктер іске аспаған күйінде қала бермек.
Үміт қанша алдамшы болғанмен, ол бізді өміріміздің соңына дейін жеңіл жолмен жетелейді.
Махаббатқа тұрақтылық - бұл сүйікті адамыңның бірде-бір мінезін, келесіде тағы бір мінезін ұната отырып, оның барлық мінезіне мән беріп өтуден тұратын мәңгі тұрақсыздық.
Махаббатқа тұрақтылықтың екі түрі болады: біз не үнемі сүйікті адамымыздың бойынан сүюге лайық қасиеттер тапқаннан тұрақты боламыз, не болмаса тұрақтылықты ардың ісі санағаннан тұрақты боламыз.
Бізді жаңа танысуларға итермелейтін ескіден шаршағандық не өзгерістерге деген құмарлығымыз емес, ескі таныстардың бізді аз дәріптейдігіне көңіл толмаушылық пен жаңа таныстар бізді көбірек мақтайды деген үміт.
Үнемі басқалардан ақылды боламын деген тілектен асқан ақымақтық жоқ.
Ешкімге ауыртпашылық түсірмейміз деп ойлайтын адамдар көбіне айналасындағыларды ығыр етеді.
Кеңпейілділік бәріне ие болу үшін бәрін көзіне ілмейді.
Шын шешендік - бұл қажетті нәрсенің бәрін айта білу, бірақ асырмау.
Маңғаздық - ақыл кемшілігін жасыру үшін ойлап табылған адам түсініп болмас тәннің қулығы.
Дайындаған: Әкежан Дәкен
сурет: mind.pp.ua
Л. Лига