Біз осының алдында ғана жоспарды қалай құру жөнінде айтқан болатынбыз. Бүгін өздеріңізбен мақсатқа жету жайында ой бөліспекпіз. Мақсат деген не өзі? Мақсатыңызға қалай жетуге болады?
Қарап отырсаңыз, қазір барлық адам баласы асығыс. Қайда асығып бара жатқанын өзіңіз де білмейсіз. Оның сырына үңіліп көрдіңіз бе? Кейде тіпті өзіміз де үнемі бір жаққа асығып жүреміз. Оның басты себебі адам өмірдің бір-ақ рет берілетінін түсінеді. Бір рет мүмкіндік берілгеннен соң осынау тіршілікте әйтеуір бір межеге жетсем, артымда тындырған ісім қалсын деп талпынады.
Мақсат дұрыс қою үшін "менің қолымнан келмейді" емес, "мен жасай аламын" деген сөз сіздің басты назарыңызда болуы қажет. бұл ретте сізге ең қымбаты – алтын уақыт. Уақытыңызды құр босқа керексіз нәрселерге кетірмеңіз. Уақыт құрту арқылы біз мақсатымызға жету жолында кешігіп қаламыз. Ең әуелі уақытыңызды реттеп алыңыз.
Мысалы: Мен бүгін уақытымның көп бөлігін ағылшын тілін үйренуге, кітап оқуға, қарым-қатынас жасауға, қызыққан салама байланысты әр түрлі видеоларды көруге арнаймын. Әлеуметтік желілерге аптасына 2 рет 15 минутқа ғана бас сұғамын. Бұл жерде уақыттың көбі үйренуге жұмсаланады. Жарқын болашақтың сұлбасы осылай жасалады.
Меже уақытын қойыңыз. Әдетте сіздің жету процесіңіз ұзаққа созылып, бастаған жұмысыңыз мәресіз жарыс секілді боп қалуы мүмкін. Сол себепті нәтижеге жеткен жетпегеніңізді білу үшін нақты меже уақытын белгілеңіз. Мысалы, 01.09.2016 бастасам, 31.12.2016 дейін бітіру керек. 4 ай сізге ұзақ көрінбесе де, белгілі бір жетістікке жетуге болады.
Мақсатыңыздың қаншалықты маңыздылығын анықтап, саралаңыз. Оны анықтау үшін үлкен мақсаттарыңызды кіші мақсаттарға бөліп, жіктеңіз.
– Аралық мақсат қоямыз.
– Оны кіші мақсаттарға бөлеміз.
– Әр кіші мақсаттарды кезеңдерге жіктейміз.
– Кезеңдерге жеке-жеке нақты қадамдар жазамыз.
– Содан соң іске асыру!
Кедергілер. Мақсатыңызға жетуде жолыңызда қандай тосқауылдар барын ойланыңыз. Сізді не тежеуі мүмкін?
– Уақыт тапшылығы
– Тәжірибенің аздығы
– Біліктілік жетіспеу
– Тізімді өзіңіз ары қарай жалғастырыңыз. Тағы не бар?
Сондай-ақ, сізге мына дүниелер өте қажет. Бұларсыз жақсы нәтижеге жету қиын.
Еңбекқорлық. «Еңбек – түбінде бәрін жеңбек» деген бекер сөз емес. Әр біткен істің артында үлкен еңбек жатады.
Табандылық. Табандылық пен шыдамдылық бар жерде ғана жетістікке жетуге болады. Орта жолда сынып кетпеу, бастаған ісіңізді тастамау үшін де табандылығыңыз басты орында болмақ.
Таза ниет. Ең бастысы сіздің ниетіңіз таза болуы. Кіршіксіз көңіл, таза ниет арқылы бәріне жете аласыз.
Шынайы ләззат. Алдыңызға қойған мақсатыңызға жетуден бұрын одан ләззат ала білуіңіз керек. Кез келген қолға алған іс сізге шынайы ләззат сыйласа жақсы.
Мақсатыңа қандай жылдамдықпен келе жатқаның маңызды емес, бастысы – тоқтамау. Осыны бір сәт есіңізден шығармаңыз. Оның орындалуы сіздің басқан қадамдарыңызға байланысты. Тоқтамай, сабырлық танытып, бастаған ісіңіздің соңына дейін жетуге білек сыбана кіріссеңіз, сіз алмайтын қамал қалмайды. Ендеше, іске сәт!