- Негізгі бет
- Жаднама
- Дүниежүзілік мейірімділік күні...
Дүниежүзілік мейірімділік күні қалай пайда болды?
Қазіргі әлеуметтің негізгі проблемаларының бірі – адамдар жүрегінің қатаңдығы, қатыгездігі және бейжайлығы. Осыған орай, 13 қараша Дүниежүзілік мейірімділік күні болып белгіленді.
Дүниежүзілік мейірімділік күні (World kindness day) – салыстырмалы түрде, жас мереке. Ол 1998 жылы бастау алды. Бұл жылы Жапония астанасында Дүниежүзілік мейірімділік қозғалысының алғашқы конференциясы өтті. Оған Канада, Ұлыбритания, АҚШ, Сингапур, Тайланд және Жапония өкілдері қатысты. Осы шараға қатысушылар жаңа пайдалы мерекені қабылдау туралы шешімге келіп, жыл сайын тойланатын нақты күнді белгіледі. Бұл күн ресми мәртебесін 2000 жылы Дүниежүзілік мейірімділік қозғалысының үшінші конференциясында алды.
Жалпы, бұл ұйым 1998 жылы Жапонияда пайда болды. Оған ерікті адамдар әлемнің әр бұрышынан жылдам жинала бастады. Бұл еріктілер адал ниетпен мейірімді істер жасайды және сол әрекеттерімен басқаларға үлгі болады. Дүниежүзілік мейірімділік қозғалысына кез келген адам қосыла алады. Олардың сайты бар, сол жерде қатысушылар бір-бірлерімен сөйлесе алады.
Сонымен қатар, Дүниежүзілік мейірімділік қозғалысының ресми құжаты бар. Ол "Мейірімділік Декларациясы" деп аталады. Мейірімділік күнінің бірнеше мақсаты бар. Біріншіден, халықаралық дәрежедегі бұл керемет мереке ғаламшар тұрғындарының қоғам игілігі және өзінің тұлғалық дамуы үшін мейірімді істер жасау қажеттілігін түсінуге көмектесу керек. Екіншіден, мереке діни, идеологиялық және тілдік кедергілерден құтылып, түрлі ұлттардың тату болуына ықпал ету қажет. Әрине, бастысы, әр адам таза ниетпен мейірімділік жасауды қалауы тиіс.
Мейірімділік жасау арқылы денсаулығыңды нығайт!
Көптеген зерттеулер барысында ғалымдар мен дәрігерлер мынадай шешімге келген: мейірімді істер жасау адамның психологиялық та, физикалық та жағдайын жақсартады. Адам біреуге жақсылық жасаған кезде өзінің маңыздылығын сезінеді. Ол әр мейірімділік жасаған сайын нығая береді. Соның нәтижесінде, өзін-өзі бағалауы мен сенімділігі артады. Сонымен қатар, жақсылық жасаған адамның әрқашан көңіл күйі жақсы болады. Мейірімді іс жасаудың пайдалы физиологиялық әсері бар: жиі мейірімділік жасаған адамдардың иммунитеті жоғары, жүйке жүйесі шыдамды әрі сау болатындығы байқалған. Яғни, мейірімділік жасау тек жағымды емес, сонымен қатар тиімді. Ғалымдар мейірімді адамдар өзімшіл адамдарға қарағанда ұзақ өмір сүретінін және жас көрінетінін анықтаған.
Өз мейірімділігімен атақты болған адамдар
Әлемде мейірімді адамдар бар. Бақытқа орай, мейірімді жандардың саны тасжүрек тұрғындарға қарағанда әлдеқайда көп. Қандай да бір деңгейде атақты болған кей мейірімді адамдарды ұсынамыз.
Назир Собхани – 27 жасар Мельбурн тұрғыны. Ол шаштараз болып жұмыс істеп, аптасының 6 күнін сұлулық салонында өткізеді. Ал қалған бір күнін, яғни, жетінші күні қаланы аралап, үйі жоқ көшедегі адамдардың тегін шашын қиып, сақалын қырып береді екен. Сонымен қатар, ол өзінің ерікті жұмысын атқарып жатқанда кездескен адамдармен көңілді сөйлесіп, оларды да жаңа өмір бастауға шақырады.
Бри Дредж – мұғалім. Ол зияткерлік телевизиялық шоуына қатысып, ақшалай 20 мың доллар ұтып алады. Ол ақшаны өзіне немесе туыстарына емес, өз оқушыларына арнайды. Бри әрбір оқушысына жаңа аяқ киім алып берген.
Холли Кристенсен – балалар онкологиялық ауруханасының бұрынғы қызметкері. Химиятерапия салдарынан шашынан айырылыған досының кішкентай қызына көмектескісі келген ол "Рапунцель" ертегісіндегі кейіпкердің шашына ұқсайтын парик алып, қыздың басына тағып береді. Кішкентай қыздың қуанышында шек болмайды. Содан соң Холли ерікті адамдармен қосылып, The Magic Yarn Project жобасын ашады. Бұл жобаның мүшелері ракпен ауыратын қыздарға Дисней ханшайымдарына ұқсайтын парик жасап, сыйға тартады.
Мұндай мейірімді іс жасайтын адамдар әлемде аз емес. Мейірімді адамдардың таза ниетті істерінен шабыт алыңыздар және олардың қатарына қосылыңыздар. Мұндай игілікті іске достарыңыз бен туыстарыңызды шақырыңыз. Бастысы, жақсылықты тек 13 қараша күні емес, әр күні жасаңыз!
А. Жапатова