Друидтер жорамалының сыры: мен қандай ағашпын?

Друидтер жорамалының сыры: мен қандай ағашпын?

Друидтер – кельт халқының көне касталарының бірі. Олар біздің дәуірімізге дейін Еуропада өмір сүрген ең қарымды халықтардың бірі болған. Дәл солар ағаштардың қуаты мен күшін зерттеп, оларды болжамдар үшін пайдаланған. Друид абыздары табиғат пен адам біртекті деп есептеген және әр адамның туғанда пешенесіне тағдыры жазылады деп сенген. Сондықтан друидтер жұлдызнамасын жасаудағы басты негіз – адамның туған күні болып саналады. Сол арқылы қай ағашқа жататынын тауып, тағдырына болжам жасаған.

Друидтер үшін ағаштар қасиетті деп саналған, оларды құдірет пен болжам әлемімен байланыстырып, оларды әр түрлі салт-жоралғыларға пайдаланған және олардан тұмарлар мен бойтұмарлар жасаған.

Друдитер жорамалы бойынша адамға мінездеме оның туған күніне байланысты беріледі. Күйзеліс кезінде немесе ұзақ аурулардан кейін өз ағашыңа жақындап, арқасымен сүйеніп, қолымен діңгекті құшақтау қажет. 20-30 минуттан кейін ағашыңыздың қуаты бойыңызға дарып, қуаттанып қаласыз.

Сан – сіздің туған күніңіз, ал жақша ішінде ағашыңыз белгіленген.

Қаңтар

1-10 (Алма ағашы)   11-12 (Шырша)   13-24 (Емен)   25-31 (Грек жаңғағы)

Ақпан

1-08 (Шетен ағашы)   9-18 (Балқарағай)   19-28 (Қарағай)

Наурыз

1-10 (Қызылтал)   11-20 (Жөке ағашы)   21 (Қайың)   22-31 (Ағаш жаңғағы)

Сәуір

1-10 (Алма ағашы)   11-20 (Үйеңкі)   21-30 (Ағаш жаңғағы)

Мамыр

01-14 (Терек)   15-24 (Талшын)   25-31 (Шаған)

Маусым

1-3 (Шаған)   4-13 (Қызылқайың)   14-23 (Інжір)   24 (Қайың)  25-30 (Алма ағашы)

Шілде

1-4 (Алма ағашы)   5-14 (Шырша)   15-25 (Шегіршін)   26-31 (Сауырағаш)

Тамыз

1-4 (Сауырағаш)   5-13 (Терек)   14-23 (Балқарағай)   24-31 (Қарағай)

Қыркүйек

1-2 (Алма ағашы)  3-12 (Қызылтал)  12-22 (Жөке ағашы)  23 (Зәйтүн ағашы)  24-30 (Ағаш жаңғағы)

Қазан

1-3 (Ағаш жаңғағы)   4-13 (Алма ағашы)   14-28 (Үйеңкі)   29-31 (Ағаш жаңғағы)

Қараша

1-11 (Ағаш жаңғағы)   12-28 (Емен)   29-30 (Шаған)

Желтоқсан

1 (Шаған)   2-11 (Қызылқайың)   12-21 (Інжір)   22 (Бүк ағашы)   23-31 (Алма ағашы)

Ағаш күні туылған адамдарға мінездеме

Қайың – әдемі сымбатты ағаш. Жиын, отырыстарда ешкімге салмақ салмауды қалайды, серіктерінің қалтасын қағып алуды ойламайды. Көп нәрсе талап етпейді, әдепсіздікті жек көреді, қиын жағдайларда өзін мықты ұстайды. Сезімге адал. Ақылды, еңбекқор, қиялға жүйрік, сондықтан да елге сыйлы.

Бүк ағашы – сырт келбетінің мінсіздігіне ұмтылады, кейде батыл өмірлік жоспарлар құрып, оларды іске асыруға барын салады. Бүк ағашының белгісінде туылған адамдар үнемшіл, тіпті кейде сараң. Махаббатта қиял жетіспейді, алайда, ол қамқор күйеу және үй күшік.

Қызылтал – адамдармен қарым-қатынаста тым сезімтал және тым әсершіл, саяхаттағанды жақсы көреді. Оның бойында екі болмыс бар: 1- сезімтал, 2 – уайымшыл, құбылмалы. Мінезі мейірбан, бірақ онымен өмір сүру оңай емес. Ол кірпияз, талапшыл, кейде долы. Жеке өмірінде көп азаптанады, өзін түсініксіз адам деп есептейді және көпке ұнамаймын деп ойлайды.

Шегіршін – салмақты, байсалды, шыдамды, өзін еркін билейтін, өзіне көп талап қоятын және өзгенің кемшілігі мен қателіктерін көтере алмайтын адам. Денсаулығы төзімді, мейірімді, бауырмал жан, бірақ кейде озбырлық танытуы да мүмкін. Өз өмірін саналы түрде жоспарлайды. Әзіл-қалжыңға жақын.

Қызылқайың – түр-сымбатына көп мән береді. Парасатты және тәртіпті өмір салтын ұстанады. Сүйкімді, адал және өте ұқыпты. Атақты болуды армандайды, көпке сыйлы, үлгілі болуды қалайды, жұрттың оған масаттана қарағанын жөн көреді. Махаббатта ерекше бір сезімді бастан кешіргісі келеді, көбіне өзі ғашық болғаннан, оған ғашық болатындар көп. Жеке өмірі жайлы көп сыр ашпайды.

Грек жаңғағы – берік ағаш және кереғарлыққа толы. Адамдармен қарым-қатынаста көбіне қатал және мейірімсіз. Күтпеген әрекеттерге барып жатады және шектен тыс талапшыл болатыны бар. Жағдайға байланысты икемделе алмайды. Абыройлы, сыйлы, алайда көпке ұнамсыз. Өзі демалмайды және өзгелерді демалтпайды. Ой-өрісі кең және жан-жақты білімді. Ымыраға келуді жақтырмайды. Онымен кездескен адамдар тым көп жақсылығына бөленеді немесе мүлде жауласып кетеді.

Емен – физикалық тұрғыда да, адамгершілік тұрғысынан да өміршең, ержүрек, мықты адам. Дәрі-дәрмек, сырқаттану, қыңқылды ұнатпайды. Кез келген жағдайда ержүректік танытады. Махаббатта бір көзқарастан-ақ ғашық болып, қарым-қатынастың өмірлік екеніне сенеді. Әрекеттің адамы.

Шырша – қатал тұрпаттағы сымбатты адам, алайда әрдайым сырбаз және біртума. Қоғамда адамгершілігімен және байсалдылығымен ерекшеленеді. Ұзақ өмір сүреді, бірақ кейде созылмалы ауруларға тап болатындары да бар. Қыңыр және кірпияз. Заманауи өмір мен қарым-қатынас үшін мінезі икемсіз. Атаққұмар, намысқор, алғыр, дарынды және еңбекқор. Махаббатта әрдайым қанағат жетіспейді. Атаққа жеңіл жетеді.

Талшын – әділеттікке жаны құмар. Кез келген сұрақтың шешімін табады. Махаббатта талғампаздыққа ұрынып, өзіне лайық серік табуда қиналады. Көбіне бір рет қана сүйеді. Отбасылық өмірде адал, тапқыр, өнертапқыш, пысық, парасатты, ақылды. Оның тағдыры жағдайларға байланысты: немесе биікке көтеріледі, немесе өмір бойы кедергілермен алысып өтеді.

Балқарағай – байсалды, көрнекті, салмақты, маңызды және бойшаң ағаш. Ерекше сымбатты адамдар. Денсаулығы мықты. Өзіне сенімді, өзін сыйлата алады. Еңбекқор және шығармашылық қабілеті бар. Серіктестері оның сенімінен нәр алады. Күй таңдағыш және талғампаз. Бәлкім, ол өмірін жалғыз махаббатын аңсаумен өткізеді. Қызметте басшылыққа бейім. Музыкаға бейім.

Сауырағаш – сымбатты, берік ағаш келесідей мінездемеге ие: бақытты болуына көп нәрсе қажет емес, кез келген жағдайда риза, сабырлы, оптимизмге толы. Жалғыздықты сүймейді, жанында әрдайым жақындары болғанын қалайды. Өзіне бағынышты адамдарға қаталдық танытады. Қызметте ретсіз, махаббатта сабырсыз, желікпелі. Игілікті, жайдары, достыққа адал.

Үйеңкі – біртумалығымен ерекше. Бұл адам жасқаншақ, ұялшақ, ынжық, өте сақ. Тәкаппарлығы мен өзін жақсы көретіндігімен ерекшеленеді, алайда көбіне салғырт. Ерекше ақылды және зерек, есте сақтау қабілеті жақсы. Махаббатта қиын адам, өзін сыйлата білгісі келеді және сонымен қатар серігінде үрей тудырады.

Ағаш жаңғағы – мұндай адам сыпайы және көп көзге түспейді, алайда айналасындағыларға ықпал ете алады. Жеке сүйкімділігі мен көз тартарлығының арқасында мақсатына жетеді. Айналасындағылармен өте жайдары. Көпшіліктің ортасында жүргенді қалайды. Ақылды, білімді, зиялы. Түйсігі жақсы дамыған.

Жөке ағашы – мұндай адамның мінезі жақсы. Жолы болғыш, сыйлы және сүйікті. Көпшілік ортаны жақсы көреді, тиянақты және көнгіш. Махаббатта бақытқа кенелетіндері аз, кейбірі әрдайым зарланып, шағымдануға құмар. Олардың көбі қызғаншақ және іштар болады.

Зәйтүн ағашы – адамдармен қарым-қатынаста сүйкімділігімен, зерделілігімен және әдептілігімен көзге түседі. Мінезі салмақты және жайлы. Махаббатта қызғанышқа бой алдырмайды, серігінің ісі дұрыс емес болса да, оның құқығын жақтайды. Терең ойланғанды, кітаптар, қоғамдық орта, ақылды адамдарды жақсы көреді. Үйдің берекесін келтіретін адам.

Шетен ағашы – сырт келбетінің нәзіктігі мен жіңішкелігіне қарамастан, берік, мықты және төзімді ағаш. Тағдырдың қатал сынына қажымай және ерше жауап бере алады. Бұл белгінің астында туылғандар пәлсапаға құмар, суретшілік дарыны бар, құмарлықпен сүйеді, серіктерін жиі ауыстырады. Адамға үйір.

Қарағай – мұндай адамдар өзінің сұлулығына сенімді. Көбіне өзін жақсы көреді. Айналасында өзіне ұнайтын адамдар жүргенін қалайды. Дөрекілікке дейін бара алатын қайсар. Жақсы серіктес, бірақ көңілі тез қалады. Жұмыстан қанағат таба алады, ұйымдастырушылық қабілеті бар.

Терек – сәнді, көрнекті, қартаймайтын ағаш. Бұл белгінің астында туылған адамдар өзіне сенімсіз, әрдайым біреудің тілектестік білдіруіне зәру. Мінезі қыңыр, кірпияз және талғампаз, өте әсершіл, сондықтан адамдармен қарым-қатынасы қиын. Жүрегі үлкен махаббатты қалайды, бірақ сезімге әрдайым көңілі толмайды. Қиын-қыстау сәттерде серігіне қорған бола алады.

Інжір – мықты тұлға. Ой-пікірін білдіруде тәуелсіз, отбасылық өмірді жақсы көреді. Балалар мен жануарларға мейірімі ерекше. Зерек, кемелденген, қабілетті, білімді, зиялы. Жалқаулығы басым. Әзіл-қалжыңға құмар.

Алма ағашы – сымбаты мен сүйкімділігімен баурап алатын адам. Өмірін шытырмандар мен албырттыққа жұмсауға дайын, бірақ отбасылық өмірден қанағат тапса, барлық қызығушылығынан бас тартуға дайын. Керек болса, соңғы тиынын да бере салады. Оның осы мейірбандылығын пайдаланып кететіндер де көп. Ғылымға қабілеті бар. Қызықты, қызу, қозғалысқа толы өмір сүреді.

Шаған – сүйікті, талапшыл, діттеген мақсатына оңай жетеді, бірақ егер қолынан келмесе көлеңкеде жасырынуды қалайды. Зерек, қабілетті, жарқын. Атаққұмар, алғыр, оның «бұтақтарының» көлеңкесінде жату өте ыңғайлы, тіпті дауылды күндері де. Бірегей адам, алайды кейде өзімшіл. Махаббатта адал.

Сурет: 4gameforum.ru

Дайындаған: Анар Мұстафина

A. Mustafina