Достарыңызбен отырыстарда бірге болғанда және жолға шыққанда уақытты көңілді өткізу үшін әртүрлі ойын ойнауға болады. Төменде берілген ойындардың өз ерекшеліктері бар. Егер бұрын ойнамаған болсаңыздар, ережесімен танысып отырыңыздар.
"Крокодил" ойыны. «Крокодил» ойыны – сөзсіз ыммен атқарылатын ойын. Ережесі өте жеңіл. Ойыншылар екі топқа бөлінеді. Ойын қызық болу үшін тобыңыздың есімін қойсаңыз болады. Бірінші топ өзара ақылдасып, келесі қарсылас топтың бір мүшесіне жасыратын сөзін айтады. Жасырын сөзді естіген адам өз тобына сөзсіз тек ыммен және қимылмен түсіндіруі тиіс. Түсіндіруші адамға сөйлеуге болмағанмен, оның тобының адамдарына сұрақ қойып отыруларына болады. Ал түсіндіруші басын изеу арқылы «иә» және «жоқ» деп ғана жауап бере алады. Сөзді тапқан соң, топтар ауысып, кезекпен сөз жасырып отырады. Сөзді түсіндіруші де әр ойын сайын ауысып отырады. Яғни бұл ойын арқылы адамды басқа қырынан тануға мүмкіндік бар. Және тұйық адамдарға ашылуға көмектеседі. Жасырын сөзді қандай тақырыпта таңдайтыныңызды алдын ала топтар арасында келісіп аласыздар. Егер сіз ойынды бірінші рет ойнайын деп жатсаңыз, жасырын сөзді тұрмыстық техникадан бастасаңыз болады. Одан соң жасырын сөзді қиынырақ етіп таңдағыңыз келсе, абстрактты ұғымдарды алсаңыз болады. Мысалы, ықтималдық. Бұл сөзді қарсыластарыңызға іс-қимылмен көрсету қиынға түсуі мүмкін. Одан соң бірнеше сөзден тұратын, мақал-мәтелдер, кино, ертегілер атауларын да жасыруға болады.
"Маңдайымда қандай сөз жазылған?" ойыны. "Маңдайымда қандай сөз жазылған?" ойынында бірнеше адам дөңгелек болып отырады. Әркім қағазға бір кейіпкердің, жұлдыздың, танымал адамның есімін жазады. Тақырыпты ойыншылар арасында ойын басталмас бұрын ақылдасып аласыздар. Мысалы, Қазақстан немесе шетел әншілері. Есім жазылған қағазды жаныңызда отырған адамға көрсетпей, маңдайына жабыстырасыз. Сол секілді қалғандары да бір-біріне жабыстырады. Одан соң, маңдайыңызда кімнің есімі жазылғанын достарыңызға сұрақ қою арқылы табасыз. Мысалы, "Әйел адам ба?", "Жасы 25-35 аралығы ма?". Ал достарыңыз тек "иә" және "жоқ" деп қана жауап беруі тиіс. Өзінің маңдайында кімнің есімі жазылғанын бірінші тапқан адам жеңімпаз болып есептеледі. Сол секілді соңғы адам таппайынша ойын жалғасады.
"Мерген" ойыны. "Мерген" ойынын көп адам болып ойнаған жөн. Достарыңызбен дөңгелек болып отырасыздар. Одан соң қанша адам бар, сонша қағаз бөлігін аласыз. Екі қағазға "мерген" және "милиция" деп жазасыз, ал қалған қағаз бос болады. Араластырып, таратасыз. Милицияның міндеті - мергенді табу. Ешкім кім мерген, кім милиция екенін білмейді. Мерген адамға қарап, бір көзін қысу арқылы оны ойыннан шығара алады. Көзін өзіне қарап қысқанын байқаған адам қағазын ортаға тастап, мен ойыннан шықтым деп айтады. Ал милиция кім көзін қысып отырғанын аңдып отырады. Милицияның "мерген сенсің" деп бір рет ғана айтуға құқығы бар. Ал мерген милицияның кім екенін білмей, оған қарап көзін қысып қалса, мергеннің жеңілгені болып есептеледі. Себебі, мерген де кімнің аңдып отырғанын байқап отыруы керек. Бұл жерде маңыздысы мерген де, милиция да көз қиығымен жұмыс істеп, өздерінің кім екендерін білдіріп қоймаулары қажет. Ойын барысында көптеген қызықты жағдай болады. Біреулер көзіңізді жай жыпылықтатқанын мергеннің атқаны деп ойлап, ойыннан шығып кетіп жатады. Немесе бір көзін жұма алмайтын адам мерген болып калса да, қызық болады. Ойын көңілді өтеді.
Бұл ойындар әр мекенде әртүрлі атауға ие болуы мүмкін.
Сурет: Макс Галаев
Жалғасы