Диктор мен әнші дауысына қалай күтім жасайды?

Диктор мен әнші дауысына қалай күтім жасайды?
Фото: freepik.com

16 сәуір – дүниежүзілік дауыс күні. 1999 жылы АҚШ пен Еуропа  отоларингологтары мен медицина докторы Марио Андреаның бастамасымен бұл күн адам дауысына арналды. Оның мақсаты – дауыс күтіміне назар аудару. Соған орай Massaget.kz тілшісі диктор мен әншілерден дауысына қандай күтім жасайтынын сұрады.

Бүркіт Бекмағамбетов, Алматыдағы орталық стадион дикторы:

Дауысым – табиғи. Көп күтінбеймін, оны күйттеген емеспін. Дегенмен өзімді шектеуге тырысамын. Барлығы ағзаны әдеттендіруге байланысты. Мысалы дәл ұзақ сөйлердің алдында суық, ыстық ішпеген жөн. Шекілдеуік, жаңғақ, тәтті жемеген дұрыс. Ауыз қуысы тым суланады.

Осыған дейін дауысым сыр беріп көрмепті. Баптап, жаттығу жасайтын болсам, тек жаңылтпаштарды қайталаймын.

Айдос Жабағин, Абай атындағы опера және балет театрының солисі:

Дауыс бабында болуы үшін адам ең алдымен режим сақтап, кемінде 7-8 сағат ұйықтауы керек. Қатты ыстық, суық ішкенде абай болған жөн. Өзімді қытырлақ, тәттіашты, қышқыл тамақтан тыйып отырамын.

Дауысымды күту үшін арнайы жаттығу жасаймын дей алмаймын, бірақ күнде таңертең ерте тұрып, денеге қан жүгіртемін. Жаттығудан кейін 15 минут опера әншісі Александра Стрельникованың тыныс алу жаттығуларын жасаймын. Содан кейін фортепианоға отырамын. Ескеретін маңызды қағида – тамақ ішкеннен кейін 2 сағат өткенде ғана ән айту керек.

Әншілердің дәрігері – фониатор. Оның кеңесі бойынша менің дауысыма ең пайдалысы – дұрыс тамақтану, диета ұстау. Себебі таза дыбысқа асқазан, бүкіл ағза әсер етеді. Дауыс – ағзаның айнасы десе болады. Егер әнші көп жыл ән салам десе, репертуарына ғана емес, ішкен асына да мән беруі керек.

Шамшаддин Омаров, Aldaspan тобының солисі:

Әркімнің дауысына күтім жасауы әртүрлі. Мысалы өзім аса бір уайымдап күтім жасамаймын. Себебі тамаққа шектен тыс назар аудара берсе, одан сайын аурушаң болады. Мұның адам психологиясына да әсері бар. Дегенмен дауысқа арналған жаттығулар күнде жасалуы керек.

Дайындықта бірден ән айтпауға тырысамын. Алдымен дауысқа арналған жаттығулар жасап барып әнге көшемін.

Көп әншіге тән менің маңызды қағидам бар – концерттен 2-3 сағат бұрын тойып тамақ ішемін. Себебі 30 минут, 1 сағат бұрын ішсең, ән айтқанда дұрыс тыныс ала алмайсың, ауқымды дыбыс шығара алмайсың. Сонымен бірге жақсы көңіл күйде жүргенді қалаймын. Көңіл күйің нашар болса, дауыстың да берекесі кетеді.

Концерттен кейін дауыс басылып қалатыны бар. Мұндайда тамақты демалтып, жылы су ішіп, көп сөйлемеуге тырысамын. Әйтпесе дауыстан айырылып қалу қаупі бар.

Massaget.kz