- Негізгі бет
- Жаднама
- Дәрі-дәрмектің әсерін төмендететін...
Дәрі-дәрмектің әсерін төмендететін 6 қателік
Көпшілік жіберетін ең үлкен қателік — өздігінен емделу. Қандай да бір жағымсыз белгіні байқаған кезде уақытында дәрігерге қаралу маңызды. Емделу процесі тиімді өтуі үшін дәрігер ұсынысын және нұсқаулықта жазылған ережелерді сақтау қажет. Адамдар дәрі ішу кезінде жіберетін қандай қателіктер емнің әсерін төмендетеді?
Берілген курсты өздігінен тоқтату
Ауру түріне және оның даму стадиясына қарай дәрігер қандай да бір дәрі-дәрмекті нақты қанша күн ішу керегін айтады. Кей дәріні бір-екі күн ішу жеткілікті болса, басқаларын бірнеше ай ішу қажет болуы мүмкін. Алайда кей адамдар емді өз беттерімен тоқтатуды шешеді. Мысалы, тұмауратқан адамға дәрігер антибиотикті 5 күн ішуді тапсырады, ал емделуші 3-ші күні жақсарғанын сезіп, оны тоқтатып тастайды. Ал шын мәнінде, ол әлі толықтай жазылмаған болуы мүмкін. Сондықтан бірнеше күннен соң ол тұмаудың белгілерін қайта байқайды. Емделуші арасына уақыт салып, сол дәріні қайта жалғастыруды қолға алған кезде, ол дәрі әсер бермей қалуы мүмкін. Себебі бактерия бұл аралықта ол дәріге төзімді бола түседі.
Дәрі мөлшерінен қателесу
Бактериялардың дәрілерге төзімді бола түсуінің және жалпы денсаулықтың нашарлауының бір себебі — дәрілерді дұрыс мөлшерлемеу. Әдетте, дәрігерлер дәрілік құралдың қанша мөлшерін ішу керегін нақты жазып береді. Егер бұл ұсынысқа мән бермесеңіз, қауіпті проблемаға жолығуыңыз мүмкін. Мысалы, дәрінің өте аз мөлшері патогенді бактериялардың барлығынан арылуға көмектеспейді. Ал дәрінің көп мөлшері патогенді микрофлорамен бірге пайдалы микробтарды да өлтіреді.
Ем кезінде алкоголь ішу
Мұндай қателік ағзаның улануына және есекжем, Квинке ісігінің пайда болуына әкелуі мүмкін. Егер антибиотик пен алкогольді жиі үйлестірсе, уытты гепатит пайда болып, ол жылдам бауыр циррозына айналуы мүмкін. Әсіресе, алкогольді психотропты дәрі-дәрмекпен үйлестіру қауіпті. Алкогольді қысымды түсіретін дәрімен үйлестірсе, қатты әлсіздік, бас айналу және жүрек соғуының ырғақсыздығы пайда болуы мүмкін.
Дәріні дұрыс уақытта ішпеу
Биожетімділік — ағзадағы әсер ету жеріне жететін дәрінің мөлшері тек қолайлы дозалаумен емес, сондай-ақ оны ішу уақытымен де анықталады. Кей дәрілер таңертең, басқалары күндіз немесе кешке жақсы сіңеді. Мұндай талапты өндіруші, әдетте, дәрінің нұсқаулығына жазады. Егер нұсқаулықта ондай қатаң талап болмаса, дәрігердің ұсынысын сақтаңыз. Мысалы, асқорыту ферменттерін тамақ ішу кезінде, ал кей гормонды дәрілерді тамақтың алдында ішу ұсынылады. Мұндай ережелерді сақтамау дәрінің әсерін төмендетіп қана қоймай, қосымша әсер пайда болу қаупін арттыруы мүмкін.
Дәріні судан басқа сұйықтықтармен ішу
Көп жағдайда жұту керек дәрілерді бөлме температурасындағы сумен ішу керек. Себебі су — ең қарапайым және әмбебап еріткіш. Құрамында химиялық заттары бар басқа кез келген сусындар дәрі компоненттерімен реакцияға түсуі әбден мүмкін. Ол дәрінің әсерін баяулатуы немесе төмендетуі мүмкін. Мысалы, шырындар мен минералды сулардың құрамындағы қышқылдар дәрінің қабығы мен әсер ететін заттарын бұзады. Сүт антибиотиктердің әсерін тежейді.
Үйлесімсіз дәрілерді бірге ішу
Егер бірден бірнеше дәрігерге қаралып жүрсеңіз, әр дәрігерге қандай дәрі ішіп жүргеніңізді міндетті түрде ескертіңіз. Әйтпесе, олар бір-бірімен үйлеспейтін дәрілерді жазып беруі мүмкін. Мысалы, антигистаминдік дәрілерді тұмауға қарсы дәрілермен бірге ішсе, ұйқышылдыққа және жүйке жүйесі проблемасына әкеледі.
А. Жапатова