Біз Жер атты алып ғаламшардың тұрғындарымыз. Онда тіршілік етеміз, өз бақытымызды іздеп ғұмыр кешеміз. Өмір бізге уақытпен бірге көп дүниені үйретеді. Оның бізге беймәлім тұсы қаншама. Қанша адам өмірден мағына таппай баз кешті, қаншасының үміті өлді. Дүниенің бізге мәлім тұсын біле тұра, оны аңғармайтынымыз бар. Олар не дейсіз ғой? Олар...
Үш нәрсе бар артқа қайтып келмес: уақыт, айтылған сөз, өткен күн.
Уақыт
Уақыттың тоқтаусыз екені анық ақиқат. Егер сіз ойға алған дүниеңізді бүгін бітірмесеңіз, ертең бәрі де кеш болуы әбден мүмкін. Уақыттан ұтылдым дегенше, бәрінен ұтылдым дегеніңіз дұрыс. Сондықтан уақытыңыздың қадіріне жетіңіз. Өмір мен уақыт біз үшін екі ұстаз секілді. Өмір – уақытты дұрыс пайдалануды үйретсе, уақыт – өмірді бағалауды үйретеді.
Айтылған сөз
Халқымыз "Айтылған сөз – атылған оқ" деп бекер айтпаған. Сөздің де айтылар орны, өзіндік жүйесі бар. Аузым бар деп сөйлей беру әдепті адамға жат қасиет. Құрғақ уәде адамды (жақыныңызды, досыңызды) алыстатады. Егер айттыңыз ба, оны орындай біліңіз.
Өткен күн
Күн де уақыт дейтін құдіреттің бір бөлшегі деп қарастырсақ болады. Яғни, бұл өмірде барлығы уақытқа тәуелді. Күн ертең қайта атпауы мүмкін. Бүгін барсыз, ертең жоқсыз. Сол себепті әрбір күніңізді қызықты, есте қаларлықтай етіп өткізіңіз.
Үш нәрсе бар өмірде тұрақсыз: байлық, бақыт, билік.
Байлық
Сізге өмірде ең керегі не? Байлық па, бақыт па? Байлықты бәрі жақсы көреді. Десек те, бай адамның бәрі бақытты ма деген сұрақты өзіңізге қойып көріңіз. Бай адамның барлығы "бай" емес.
Бақыт
Өмірде мына сұрақтарды өзіңізге қойған боларсыз: "Бақыт деген не?" және "Бақыттың бар мәні неде жатыр?". Ұстап алуға соншалықты құмартатын, иеленгіміз келіп жүрген көзге көрінбейтін елес секілді, бірақ сол уақытында, баянсыз екендігі анық ұғынылатын... Бақыт артынан қуа отырған күннің өзінде өздері үшін бақыттың не болып табылатындығын білмейді. Жай ғана сөз, жай ғана секунд, минуттар мен сағаттар. Демек, бақыт та тұрақсыз.
Билік
Адам үшін ең қиыны билік, мансап. Өмірде кейбіреулер билікке қолы жеткен кезде өзгеріп сала береді. "Адамды сынау үшін басына билік беріңіз" деген сөз де тегіннен тегін айтылмаса керек-ті. Ақша, билік, мансап, бәрі-бәрі уақытша дүниелер. Билікке жеттім деп, жақындарыңызды менсінбей кетпеңіз.
Үш нәрсе бар адамды құртатын: ішімдік, тәкаппарлық, ашу.
Ішімдік
Қай кезде де ащы су ешкімді жақсылыққа жетелемеген. Ішімдік барлық бақытсыздықтың кілті. Ол сізді абыройыңызды түсіріп, отбасыңызды ойрандап қана қоймай, ең ақыр аяғы өміріңізді жалмап тынады. Сондықтан бұған мүлде жоламаңыз.
Тәкаппарлық
Тәкаппарлық – адам бойындағы ең жаман қасиеттердің бірі. Тәкаппар адам – ең төмен адам екеніне күмәніңіз болмасын. Өзін биік санап, өзгені қор санау адамның қай дәрежеде екенін көрсетеді.
Ашу
Ашу да ең ұнамсыз қасиеттердің бірі деп айтсақ болады. "Ашу – дұшпан, ақыл – дос". Адамды ашу қысқан кезде ол өзін-өзі басқара алмай қалады. "Ашу бар жерде ақыл тұрмайтынын" ешқашан есіңізден шығармаңыз.