Тартымдылық — күтімді түр мен стильді киім ғана емес. Біз туралы пікір сыртқы және ішкі қасиеттерден қалыптасады. Біз оларға аса мән бермесек те, кей біздің мінез-құлқымыз бен әдеттеріміз бізді тартымды етеді.
Адамдардың тек жақсы қасиеттерін көре білу
Егер басқа адамдардың тек жақсы қасиеттерін көруге тырыссаңыз, олар оны байқайды. Сондай-ақ, адамды қуанту үшін қошемет сөз айту мүмкіндігін жібермесеңіз, бұл әдетіңіз сізді тартымды көрсетеді. Әрине, мұның бәрі шын көңілден болуы керек.
Этикет негіздерін білу
Этикетті сақтау айналадағыларға жақсы әсер қалдыруға көмектеседі. Мысалы: орнымен «рақмет» және «кешіріңіз» сөздерін айту, кездесуге уақытында келу, әңгіме ортасында ұялы телефонға қарамау және т.б. Адамның сандық этикетті білгені де маңызды. Әңгімелесуші адам алдымен амандасып, қатесіз жазса және дауыстық хабарлама жіберуге рұқсат сұраса, ол оны жағымды етеді. Этикетті білу бізді тәрбиелі көрсетеді және сөйлесуге жайлы етеді.
Әңгімелесуші адамды тыңдай білу
Өзі де сөйлейтін әрі әңгімелесуші адамды тыңдай білетін адаммен басқалар қайта-қайта сөйлескісі келеді. Мысалы, түсінбеген жағдайда нақтылаушы сұрақ қою, сөзін бөлмеу, келіскен жағдайда бас изеу және т.б.
«Жоқ» деп айта алу батылдығы
Кейде бас тарту айналаңыздағы адамдарды ренжітуі мүмкін. Алайда кей адамдар үшін бұл тартымды ерекшелік болып келеді. «Жоқ» деп айта алатын адам — өзіне сенімді әрі шын мәнінде өзіне не керегін білетін адам. Оған қоса, өз ойыңызды айтуға ұялмасаңыз және кез келген жағдайда басқалардың ыңғайына икемденбесеңіз, басқалар сізді құрметтейтін болады.
Өмірге шағымданбау әдеті
Негативті ойлау және шағымдану әдеті көпшілікке ұнай бермейді. Себебі ол тікелей олардың хал-жағдайына әсер етеді. Егер сіз өмірге өкпелі және барлық нәрсеге негативпен қарайтын адаммен жиі сөйлессеңіз, оның көңіл күйі сізге де беріледі. Үнемі әр нәрсеге шағымдану бізді әңгімелесуші адамның көз алдында тартымсыз етеді. Оғақ қоса, өз проблемаларыңызға басқаларды немесе қандай да бір жағдайларды кінәлай берсеңіз, жауапкершілігі жоқ адам ретінде көрінесіз. Ал сабырлық пен оптимистік көзқарасты сақтасаңыз, сізбен араласу оңай әрі жағымды бола түседі.
Әуесқойлық
Әуесқой болсаңыз, сіз әрқашан жаңа білімге, дағдыға және жаңа адамдармен танысуға ашық боласыз. Бұл мінез ерекшелігі сізді жақсы әңгімелесуші етеді. Әуесқойлықтың арқасында қызықты көп нәрсе айтып бере аласыз. Сондай-ақ, әуесқой адамдар батыл келеді. Әдетте, олар саяхатқа шығуға, қандай да бір экзотикалық тағамның дәмін көруге және өзіне таныс емес топпен сөйлесуге қарсы болмайды. Мұндай жалын айналаңыздағыларға беріледі.
Бос жанжалдан алшақ болу
Дау-жанжалсыз адам кез келген себеппен айналасындағылармен сөзге келетін, даусын көтеретін адамдарға қарағанда тартымды көрінеді. Иә, өз ұстанымыңызды қорғау маңызды, бірақ оны істеуді де білу керек. Жанжалдан тыныш шығып, басқаның пікірін қабылдап, кінәлілерді іздемей, проблеманы шешуге тырысу қажет.