- Негізгі бет
- Жаднама
- Бізді бақытсыздыққа бастайтын...
Бізді бақытсыздыққа бастайтын не?
Адам өмірі өз қолында, қылқаламы мен бояуы қандай болса, сондай сурет салады. Тағдырын қалай бүлдіріп алғанын өзі де аңғармай қалуы мүмкін. Болмашы бір әрекеті бүкіл болашағына балта шабуы ғажап емес. Сондықтан әр қадамды аңдап басқан абзал.
Біз әдетте таңдау жасарда терең ойланбаймыз. Барлығына белгілі сүрленген бір жолмен жүре береміз: алдымен мектеп табалдырығын аттаймыз, одан соң университет, содан кейін жұмысқа тұру, шаңырақ құру... Осы сызбаны тез аяқтаған жан жеңіске жетеді деген түсінік қалыптасқан. Ал бұл жолға қалай жетеміз, ол маңызды еместей.
Бізді бақытсыздыққа бастайтын не?
Әрекетсіздік. Өмірде көп нәрсеге көңіліңіз толмайды, бірақ өзен ағысымен жылжи бересіз, ағысқа қарсы жүзер шамаңыз жоқтай. Жанға жайсыз жағдайға төзіп, үнемі тағдырға шағымдана беруден не ұтасыз? Оның орнына өмірді өзіңіз өзгертіңіз. Күшіңізді қалаған ісіңізге жұмсап, таңғажайып орнатуға болады. Құр қол отыра берер болсаңыз, өміріңізді күл-талқан етесіз! Сынған шыны құрастырылмас.
Мейірімсіздік. Сезіміңізді сыртқа шығарудан тайсалмаңыз. Кейде жақындарыңыз сізге қымбат екенін сезінуге, тіпті оларға бір жымиып қарауыңызға мұқтаж болады. Жаныңызда жүрген жандарға жақсы көретініңізді айтсаңыз, олардың бал-бұл жанған жүзі мен шаттыққа толы көзі есіңізде ұзақ сақталады.
Лайықсыз адамды таңдау. Ер ретінде де, әйел ретінде де, жалғыз қалудан қорқып, алдыңызға келген жанның етегінен ұстай салар болсаңыз, тірліктің мәнін құртасыз. Қазіргі жастардың жиі ажырасуының да бір себебі осы шығар. Ұзақ сапарға бірге аттанбас бұрын серігін жақсылап танып алар болар. Махаббат екі адамға қатар бақыт сыйлауы тиіс. Өзіңізді жалғыздықта да жақсы сезініп үйреніңіз, сонда өз адамыңыз сізге өзі келеді.
Ұмытпау. Өткен-кеткенді бүге-шүгесіне дейін естен шығармайсыз, соның ішінде жағымсыз сәттер естен кетпейді. Өкпе-реніш, жағымсыз жағдайлар адамды тек кері тартып, қазіргі мінезіне әсер етеді. Жаңа жұмысқа орналасарда, жаңа серік таңдарда бұрынғы қателігіме қайта баспайын деген қорқыныш санаңызды жаулап алады. Өткеніңізге қош айтып, тек жақсылықты ойлаңыз.
Салыстыру. Өзіңізді үнемі өзгелермен салыстырып жүрсеңіз, нағыз бақытсыздықты қолдан жасайсыз. Әркімнің өз тыныс-тіршілігі бар. Басқалармен ісіңіз болмасын. Өзіңізді үнемі дамытып, кешегі күннен жақсырақ болуға, кешегі өзіңіз бен бүгінгі өзіңізді салыстыруға тырысыңыз. Жеке тұлға боп қалыптасуыңызға өзгелердің қатысы жоқ.
Бұл қағидаларды бала кезден бойға сіңіріп, әркім өзін өзі тәрбиелеуі тиіс. Өміріңіз қандай болғанын қалайсыз, солай өзгертіңіз. Сіз ең жақсыларына лайықсыз!
@. @assel_assanova