Сағат 07:00-де сайлау басталғалы бері желі қолданушылары бюллетень фотосуретін жариялап, бөлісіп жатыр. Сайлау туралы заңға сәйкес, сайлаудан бір күн бұрын және сайлау күні үгіт-насихат жұмыстарына тыйым салынған. Ал бюллетень фотосуреті үгіт-насихатқа жата ма?
Бас прокурордың орынбасары Болат Дембаев қай кандидатқа дауыс бергенін көрсеткісі келген желі белсенділері көп дейді.
"Бюллетень фотосуреті жасырын формадағы үгіт-насихатқа жатады. Бұл үшін әкімшілік құқық бұзушылық кодексінедегі 102 бап бойынша жауапқа тартуға болады. Жеке тұлғалар 15 МРП, заңды тұлғалар 30 МРП айыппұл төлейді", - деп, сағат 20:00-ге дейін ірілі-ұсақ үгіт-насихат жұмыстарын жүргізбеуге кеңес берді.
Дембаев сондай-ақ, сайлау бақылаушыларының да сайлау хаттамасын таратуға құқығы жоқ екенін айтады. Хаттама сағат 20:00-дейін жасырын болады, бірақ сайлау барысында бақылаушы оны көріп, тексере алады.