Шығыс жоспарын құру ақшаны дұрыс басқаруға мүмкіндік беретін алғашқы қадам. Сондықтан шығындарды жоспарлауға көмектесетін қарапайым ережелерді ұсынамыз. 1. Өз шығындарыңыздың есебін жүргізіңіз Қолдай немесе арнайы қосымшамен болсын, міндетті түрде күнде шығындардың есебін жасаңыздар. Бұл ақпарат негізгі шығынды анықтауға және үнемділік облысын білуге көмектеседі. Яғни, бір ай бойы жазып жүрген есебіңізге қарап, ақшаның негізгі бөлігін қайда жұмсағаныңызды, нені азайту керектігіңізді көре аласыз. Мүмкін, ақшаның көп бөлігі сізге байқалмайтын күнделікті алатын тәттілерге немесе бала ойыншығына кетіп жатқан болар. 2. Жоспарлағаннан артық жұмсамаңыз Кенеттен жасалған сауда қаражат мәселесінің бастамасы, себебі ойлағаннан да көбірек жұмсап қоясыз. Дүкенге барарда тізім жазып шығуды әдетке айналдырыңыз, ал ірі зат сатып аларда алдын ала түрлі тиімді әдістерін ойластырыңыз. Мысалы, әр азық-түлік аларда тізіммен шығып, шамамен қанша кететінін біліп тұрсаңыз, келесі айға да сондай бағаны жоспарлап алып қоясыз. 3. Бюджетті шынайы кіріске қарай жоспарлаңыз Есепке тұрақты келетін қолда бар қаражатты ғана алыңыз. Жақындарыңыздың көмегі, мүмкін сыйлықақы деген секілді тұрақсыз кірістерді есептеу қаражаттың жетіспеушілігіне әкеледі. Қосымша қаражаттың келуі жағымды тосынсый болып қала берсін. 4. Қысқа мерзімге арналған бюджетті анықтаңыз Бастапқы кезде айға емес, аптаға жоспарлаңыз. Егер жоспарланған қаражатты бір аптаға жеткізе алмасаңыз, шығындарды және әрекетіңізді қайтадан ойластырып, артық нәрселерді алып тастаңыз. 5. Міндетті шығындар басымды болуы керек Бюджетті жоспарлау кезінде бірінші реттегі шығындарды есептеңіз: тамақ, коммуналдық қызметтер, жол және т.б. Қалған қаражат көңіл көтеруге немесе жинауға арналған ақша. 6. Шотты уақытында төлеңіз және қарызды уақытында жабыңыз Бұл айқын ереже болса да, жиі бұзылады. Мысалы, несиені уақытында төлемесеңіз, процентін төлеу үшін артық ақшаңыз кетеді, есеп жоспарыңыз бұзылады, несие тарихы нашар болады және қарызыңыздың артуы уайымды көбейтеді. Сондықтан, несиені, коммуналдық қызметті, салықты және басқа да қарызды уақытында төлеуді әдетке айналдырыңыз. 7. Тиімді шешімдер іздеңіз Тиімді ұсыныс немесе жаппай сатылым деген жазуы бар барлық тауар немесе қызмет бірдей тиімді емес. Сондықтан, тауардың бастапқы бағасын білген дұрыс. Ол бұрыннан өзіңіз қарап жүрген зат болуы мүмкін. Шынымен де, бағасының түскенін байқасаңыз, оны алуға болады. Жаппай сатылымға барып, киім алуды жоспарласаңыз да тізім жазып шығыңыз және тек сол тізімдегі киімдерді ғана алыңыз. 8. Оқып, сол білімді тәжірибеде қолданыңыз Егер қаржы саласында ешқандай біліміңіз болмаса, оны кәсіби мамандардан іздеңіз: мақалалар оқыңыз, табысты адамдардың тәжірибесін зерттеңіз, сізге сай келетін әдістер мен шешімдерді таңдаңыз. Түрлі әдісті тәжірибеде қолданып көріңіз. Соның нәтижесінде, өзіңізге сәйкес келетін түрін анықтайсыз. 9. Ұзақ мерзімді мақсатттар қойыңыз Болашаққа қаржы салуды әдетке айналдырыңыз. Аз мөлшерде болса да, бала білімі, отбасылық демалыс немесе балалық арманыңызды орындау секілді мақсаттарға қаржы жинаңыз. Өр мақсаттардан қорықпаңыз! Ол ұзақ уақыт бойы жинау үшін ұзақ мерзімді мақсат деп аталады. Қазір ұзақ мерзімді жинағыңыз еңбекақыңыздың аз бөлігін ғана құрағанмен, ауқатыңыз көбейіп, қарызыңыз біткен кезде оған одан да көбірек қаржы бөле аласыз.