Бүлінген жиһазды қалай қалпына келтіруге болады?

Бүлінген жиһазды қалай қалпына келтіруге болады?

Әр үйдегі ағаштан жасалған жиһаздың немесе есіктердің сызылып, сұрықсыз күйге түсуі әбден мүмкін. Әсіресе көшіп-қонып жүрген кезде немесе оны дұрыс қолданбаған кезде ағаш бұзылады. Балақайлар мен үй жануарлары да жиһазды оңай бүлдіре алады.

Көп жағдайда ағаш жиһаз бен есіктердегі сызылып қалған жерлерді үй құрылыс заттарын сататын дүкендерден алынған арнайы құралдармен кетіруге болады. Бірақ жиһазыңыздың бұрынғы қалыпқа келуі екіталай. Десе де тырыссақ сол бүлінген жиһазды қалпына келтіруге болады. Бүгінгі жазбамыз осы туралы.

Бірінші кеңес: грек жаңғақтары


Ағаш еден немесе жиһаз беттеріндегі сызықтарды кетірудің ең оңай жолы – оның бетін жаңғақтарымен сүрту. Бірақ бұлай жасамас бұрын оны тазалап, екіге бөліп барып қана сызықтарды сүртіп кетіруге болады. Ескеретін жәйт, жаңғақпен сүрту барысында қатты күш салмаңыз. Басты мақсат – сызылған жердің тереңдігіне жаңғақ майын толтыру. Май кепкен соң оның бетіндегі сызық көрінбейтін болады.

Екінші кеңес: Сірке суы (уксус) мен зәйтүн майы


Бұл сұйықтықты үй жағдайында жасау өте оңай: кесеге сірке суының ¼ бөлік мөлшерін және зәйтүн майының ¾ бөлігін құйып, араластырамыз. Осы сұйықтықпен бүлінген жиһаздың бетін сүртеміз. Бұдан кейін құрғақ матамен бетін тағы бір мәрте сүртіп аламыз.  

Үшінші кеңес: Жиһаз балауызы


Ағаштан жасалған жиһаздың бетіндегі сызықтар мен жарықтарды кетіру үшін көп жағдайда жиһаз балауызы қолданылады. Балауызды жиһаз бетіне жақпай тұрып, оның бетін шаң-тозаңнан әбден тазалап алу керек. Бұдан кейін таза матаға балауызды аз мөлшерде құйып, жиһаз бетін айналдыра сүрту керек. Сосын балауыздың құрғағанын күту керек. Балауызды өндірген орын оның шөлмегіне қанша уақытта кеуіп кететінін жазып қояды. Негізінде балауыз 15-20 минутта құрғайды. Осыған қарап отырып, уақыты келгенде арнайы жұмсақ матамен бетін жылтырата сүртіп алу керек. Егер жиһаз беті жылтыр емес, күңгірт болса, оның бетін қырғышпен алып тастау керек. Ал егер жиһаз бетінің, керісінше, жылтырап тұрғанын қаласаңыз, әбден жылтырағанша құрғақ матамен сүрту керек.

Төртінші кеңес: йод немесе көлік майы

Ағаштан жасалған шкаф түсі оның негізгі ағашының түсіне сай әртүрлі болады. Мысалы, қызыл ағаш, емен, жаңғақ ағаштары. Дәл осы ағаштан жасалған шкафтың бетіндегі сызықтарды кетіру үшін оның бетіне көлік майын тамызып, сүрту керек. Жиһаз түсі өте қою, қара қою болса, кәдуілгі йод сізге көмекке келе алады. Ағаш бетіне йодты ескі тіс тазалағыш щеткамен және құлақ тазалағышпен жағуға болады.

Бесінші кеңес: Қарындаш пен маркер


Біле білсеңіз, ағаш түсімен бірдей түрлі-түсті қарындаштар сатылады. Мұны арнайы құрылыс дүкендерінен сұрап көруіңізге болады. Ал егер дәл жиһазыңыздың түсіндей маркерді таппасаңыз, көп түсті маркерлерді де қолдануға болады.

Алтыншы кеңес: Морилка


Бұл ағаштан жасалған жиһаздарды өңдеу үшін арнайы қолданылатын зат. Оның ерекшелігі ол ағашқа сіңіп, беткі бояуынан асып, тереңдегі ағашын бояй алады. Бірақ бұл құралды пайдаланбас бұрын, қауіпсіздік ережесін оқып, абай болғаныңыз жөн. Көп мөлшерде жағудан аулақ болыңыз.

Жетінші кеңес: Қара шәй


Бұл кеңес өте қарапайым болғанымен бүлінген ағашты өңдеуге таптырмас құрал бола алады. Алдымен қою етіп шәй дайындаймыз, бұдан кейін біршама уақыт шәйдің түсі қаныға боялғанша күтеміз. Дайын болғанда құрғақ мақтамен жиһаз бетін сүртеміз.

Дайындаған: Ардақ Құлтай

Сурет: homester.com

A. Mustafina