- Негізгі бет
- Жаднама
- Бос жұмыс орны...
Бос жұмыс орны иесін қалай табады?
Әр мемлекет үшін жұмыссыздар секторын ұлғайтпау, тез арада жұмыспен қамтуда түрлі тетіктер қолдану маңызды. Жұмыссыздық – елдегі еңбекке қабілетті тұрғындардың бір бөлігі өзіне пайдалы еңбекпен айналысатын кәсіп таба алмай дағдаратын әлеуметтік-экономикалық құбылыс болса, Қазақстанда бұл бағытта қандай шаралар қолданылады?
Бос жұмыс орындарын реттеу, үйлестіру жұмыстары мемлекет арқылы жүзеге асырылады. Республика бойынша Жұмыспен қамту орталықтары бос жұмыс орындары жайында деректерді реттеп, еңбек нарығын үйлестіріп отыр. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Enbek.kz атты электронды еңбек нарығын іске қосқан. Алайда нарықтық экономикада бос жұмыс орындарын бір жақты қарау бар. Орталықтардың тиімсіз жұмыс істеуі осыған себеп.
Алдымен жұмыссыздықтың деңгейіне көз жүгіртейік. ҚР ҰЭМ Статистка комитетінің ресми мәліметі бойынша 2017 жылдың қыркүйегіне сәйкес жұмыссыздар саны 438,9 мың адамды құрап отыр. Бұл көрсеткішке 2010-2017 жылдар арасы кескінінде қарасақ, жағдай тұрақты келеді. Бұл тұрақтылық тұрақтылықтың белгісі ме, әлде жүйенің тиімсіздігі ме?
Жұмыспен қамту орталықтар бос жұмыс орны туралы ақпаратты қалай жинайды?
Жалпы республика бойынша 198 жұмыспен қамту орталықтары жұмыс істейді. Негізінен бұл орталықтар «Жұмыспен қамту туралы» Заңындағы 1998 жылы енгізілген (18-бап) нормаға сәйкес кәсіпорындар мен мекемелерді міндеттеу арқылы бос жұмыс орындары жайлы ақпаратты алады.
Аталған нормаға сәйкес жұмыс беруші кәсіпорында пайда болған бос орын жайлы 3 жұмыс күні ішінде Жұмыспен қамту орталығына хабарлау керек.
Айта кетелік, жұмыс берушінің кәсіпорнында барлық бос орындар жайында хабарлауы бойынша норма 1998 жылы ҚР «Халықты жұмыспен қамту туралы» Заңының 18-бабы, кейін 2001 жылғы ҚР «Халықты жұмыспен қамту туралы» Заңның 9-бабы, 2016 жылдың 6 сәуіріндегі ҚР «Халықты жұмыспен қамту туралы» Заңның 28-бабында жазылған. Аталған нормаға 20 жыл болған. Жұмыспен қамту орталықтарына қыруар ақша бөлінеді. Одан бөлек нарықта «HeadHunter», «Naimi.kz» сынды жеке HR компаниялар бар, олар нарықта тиімді жұмыс істеп отыр.
Норма кәсіпкерге тиімді емес
Бұл нормаға сәйкес кәсіпкер 3 жұмыс күні ішінде Жұмыспен қамту орталықтарына ақпарат беруі тіиіс. Егер шарт орындалмаса, кәсіпкер, яғни жұмыс беруші мемлекеттік органдар тарапынан норманы орындамағаны үшін 10 АЕК, екінші рет ескерпте алса 20 АЕК көлемінде әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
«Кәсіпкерлер үшін аталған норма тиімсіз, өйткені әдетте кері байланыс жоқ. Яғни, жұмыс беруші бос жұмыс орындары жайында ақпарат берсе, оның орнына жақсы кадрмен қамтылмай жатады. Мәселен кәсіпкер бос жұмыс орны бойынша есептерін тоқсан, ай сайын орталыққа тапсыруы керек. Бұл да қосымша ауыртпалық. Сонымен қатар аталған норманы шағын кәсіпкерлік субъектілері біле бермейді. Есесінде Жұмыспен қамту орталықтарына бос жұмыс орны жайында ақпарат толық болмайды. Өйткені кәсіпорындар толық ақпарат беремйді. Неге? «Атамекен» ҰКП сауалнама жүргізді. Сонда 100 кәсіпорынның 77-сі бұл норма жайында білмейтін болып шықты. Яғни аталған норма формальді түрде ғана жұмыс істейді. Сондықтан «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бұл норманы ерікті формада болуын ұсынып отыр. Ірі және орта бизнес бұл норманы тіптен алып тастауды сұрап жатыр», – деді Найля Мұхтарова.
Ал «Атамекен» Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, білім беру және инновация комитеті төрағасы Мұрат Әбенов мәселеге тереңнен үңілді:
«Бұл норма мемлекет үшін тарихы қажет болды. Осы кезеңде мемлекеттің қолында болды ғой бәрі. Бүгін жағдай өзгерді. Бүгінде Еңбек кодексі өзгерді, онда жұмыс берушінің құқығы көп, яғни бизнес дамуы үшін жұмыс берушіге еркіндік берілген. Ала мемлекет біреуді бағыттау, сілтеу үйрету бизнеске керек емес, Мәселен, жұмыс беруші біреуді қысқартты, оның орнына ешкімді алғысы келмейді делік, неліктен ол туралы буреуге айтуы керек? Әр бизнестің жүргізку тәсілі басқа, маркетингі бар. Мұндай сызбада сыбайлас жемқорлықта орын алады. Мемлекеттік мекемелер де аталған процедураны орындау үшін өзіне қажетті кадрды ала алмайды жұмысқа. Барлық тараптар уақытты жоғалтады. Бұл мәселе болашақ жұмысшылар үшін де уақыт жоғалтатын мәселе. Тиімділігі де аз. Норманы ерікті формаға көшіру бойынша Үкімтке ұсыныс жасау керек».
Шетелдегі үдеріс
Дамыған және дамушы мемлекеттердің көбінде жұмыспен қамту секторында мемлекет пен жеке агенттіктер арасында әріптестіктің түрлі формалары бар. Көп жағдайда мемлекет жұмыспен қамту агенттіктерімен белгілі бір санаттағы жұмыс іздеушілерді жұмыспен қамту бойынша келісімшартқа отырады. Мәселен, Ұлыбританияда жұмыспен қамту агенттіктеріне ұзақ бойы жұмыссыздарды (12 айдан көп жұмыссыз жүргендер) бөліп береді, ал мемлекеттік қызмет болса 12 айдан аз уақыт аралығында жұмыссыз қалған азаматтармен жұмыс істейді.
Сонымен нарықта жұмыспен қамту үдерісі үздіксіз жүріп отыруы керек. Естеріңізге салсақ, 2016 жылдың 6 сәуірінде Жаңа «Халықты жұмыспен қамту туралы» Заң күшіне енді, Жаңа Еңбек кодексі де бар. Дегенмен, Дүниежүзілік экономикалық форумның Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексі бойынша Қазақстанның еңбек нарығы тиімділігі 2016 жылмен салыстырғанда 15 орынға құлдырап, 35-орында тұрақтаған.
Бәсекеге қабілеттілік индексінде айтарлықтай төмен көрсеткіш әлеуметтік әріптестіктің тиімісіз жүргізілуі, ішкі мәселелер және жұмыс берушілеріне жүргізілетін ақпараттың аздығымен байланысты. Осы ретте тиімділікті арттыру мақсатында жұмыспен қамтудың жаңа жолдары мен механизмдерін жүргізу қажет. Бірінші кезекте бұл жұмысшылардың сұранысын арттыратын және Ұлттық Палатаның қатысуын қамтамасыз ететін белсенді іс-әрекеттер. Жұмыспен қамту мәселелерін шешуде кешенді жұмыстарды әзірлеуде Ұлттық кәсіпкерлер палатасы халыққа жұмыспен қамту саласында қызмет көрсететін жеке агенттіктерді тартуды көздейді. Ол үшін жеке агенттіктерге қызметтердің бөлігі аутсорсингке беріледі. Осы мақсаттарға жоспар бойынша 2018 жылы бюджеттен 1,5 млрд теңге бөлінбек.
Әлия Кемелбекова
Дереккөз: qabylan.kz
Ж. Жұмағұлов