- Негізгі бет
- Жаднама
- Байлық деген не?...
Байлық деген не?
Күндердің бір күнінде қоржынын алтынға толтырған бір бай шаттық іздеп жолға шығыпты. Тау асып, тас басса да өзі іздеген дүниесін таба алмапты. Оның үстіне қоржын толы алтыны оның жолдағы әурешіліктерін барынша көбейтіп, қарс адым аттап басу мұң болады.
Бір күні қалаға қарай түсіп бара жатқанда таудан отын алып келе жатқан бір шаруаға кездеседі: «Әй, шаруа, сен неткен көңілдісің? Мен сол көңілді өмірді іздеп алтын толы қоржын арқалап жүрсем де, таба алмадым. Оның сыры неде?» депті ентігіп.
Шаруа қарқылдап күліп: «Шаттықты тапқың келсе, арқаңдағы жүгіңнен құтыл» депті.
***
Бірде аяқ астынан ауылды тасқын суы басып, үй-жай, қора-қопсы жермен-жексен болып. Екі жұдырықтай алтынын қолтығына қысқан бір ауылдың байы ағаш басына өрмелеп шығып алыпты. Қараса, ағаштың келесі бір бұтағында қолында бір дорба пісірген картобы бар дихан отыр екен. Байекең күліп: «Ей, ақымақ, андағы аз ғана картобың не, өте күлкілі ғой, мынаны қарашы» деп алтынын көрсетеді. Дихан үнсіз отыра береді. Тасқын суы екі күн бойы қайтпай қояды. Ауыл байының қарны аша бастайды. Төртінші күн болғанда аштық меңдеткен байда әл-дәрмен қалмайды. Ал шаруа картоптарын сүйсініп жеп отыра береді. Шыдамы таусылған бай: «Алтынымның бірін берейін, картоптарыңды маған сатшы» деп жалына бастайды. Шаруа басын шайқайды. «Екі алтынды қоса берейін, картоптың қалғанын маған берші» дейді жыламсырап. Аптаға жалғасқан тасқын қайтқан соң ағаш басындағы алтыны бар бай аштан өліпті. Азығын жеп аман қалған шаруа байдан қалған алтынды алып жолына түсіпті.
Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы
Сурет: nipic.com
M. Auelkhan