Кейде бастаған ісің өнбей кететін сәттер болады. Болмаса бірнеше істі қатар бастап, қайсысына жүгіреріңді білмей, екі ортада қалып қоятын кездер де болады. Бастысы - бастаған істі соңына дейін жеткізу керек.
1. Ең алдымен тізім жасаңыз
Шын мәнінде бұл жеңіске жету мен дамудың негізі. Ойды қағазға түсіру адамға өз мақсаттарын айқындау, нақты қадамдарды ойластыру үшін жақсы көмектеседі. Дәл қазір қолыңызға қалам алып, бар ойыңызды ақ қағазға түсіріңіз. Содан кейін жарты сағаттан кейін қайта қарап, артық қадамдарды алып тастаңыз. Қалған маңызды істер мен жоспарларды аптаға, айға, жылға бөліңіз. Және осы мерзімдерде өз-өзіңізден есеп алып отырыңыз.
2. Бастаған істерді аса маңыздылығына және мерзіміне қарай бөлу
Ең алдымен маңызды әрі шұғыл істерді атқару қажет. Бұлардың басым бөлігі оңайға соқпайды. Бірақ жасамаса тағы болмайды. Содан кейін маңыздылығы төмен және ұзақ мерзімді істерді атқару қажет.
3. Ұсақ-түйек істерді кейінге қалдырмау
Егер әлдебір істі бес минутта орындауға болатын болса оны бірден жасап, тізімнен сызып тастаңыз. Жетістік ұсақ-түйектен басталады. Үйдегі, тұрмыстағы ұсақ істерді кейінге қалдырмай, бірден орындап тастауға дағдыланыңыз.
4. Үлкен әрі қиын істерді кезең-кезеңге бөлу
Осылай бөлу арқылы үлкен істі жеңілдетеміз. Кезең-кезеңге бөлінген әр іс неғұрлым тез орындалса соғұрлым жақсы. Ең бастысы арасында кідіріп қалмау керек.
5. Әр істі атқарғаннан кейін өз-өзіңізді мақтап отырыңыз
Бір жұмысты аяқтағанда оны тізімнен сызып, өзіңізді мақтаңыз. Осындайда өз-өзіңізге деген сенімділігіңіз артады. Және демалуға, қыдырып келуге немесе жаңа киім сатып алуға болады.
6. Қорытынды шығару
Аптасына, айына, жарты жылда және жылына бір рет қорытынды шығарып тұрыңыз. Бұл сіздің артықшылықтарыңыз бен кемшіліктеріңізді, осал тұстарыңызды анықтауға көмектеседі.
Дереккөз: reactor.inform.kz