Психологияда 21 күн деген ұғым бар екенін барлығыңыз білетін боларсыздар. Яғни бір әрекетті 21 күн қатарынан үздіксіз, еш тоқтап қалмай қайталау арқылы сол әдетті бойға қалыптастырып, етімізді үйретуге болады. Ал бақандай үш апта өтуін күтіп жүрмей, 20 минут ішінде өзімізге қандай пайда әкелуге болады?
Адамдар арасындағы кикілжің бірін бірі түсінбеуден туады. Ал бірімен бірі ашылысып сөйлесе алмаған адамдар ешқашан түсінісе алмайды. Ашылып әңгімесін айтуы үшін, сіз жоқта не істеп, не қойғанын баян етуі үшін жұбыңызға 20 минут беріңіз. Сонда келіспеушілік туралы ойыңызға да алмайсыз.
Кейде адамдар бір іске үлгермей жатқанда, шаруамды бас алмай орындасам дереу тындырамын деп ойлайды. Алайда арасына үзіліс жасап, демалып алмасаңыз, бірнеше сағат тапжылмай отырып жұмысымды аяқтаймын деу бекер әурешілік. Арасында 20 минут қана тынығып алыңыз, сонда еш шаршамайсыз.
Кітап оқымайтын адамдардың басты сылтауы – уақыт тапшылығы. Арғы жағында қызығушылығы аз екенін адам өзіне мойындағысы келмейді. Кітапқа күніне 20 минут уақыт арнасақ та жетіп жатыр. Одан ары қарай сізді тапжылтпай ұстап отыра ала ма, жоқ па – кітаптың еншісінде.
Біздің ештеңеге уақытымыз жоқ. Жұмыстан шаршап келгенде үй тазалауға да уақыт бөле алмаймыз. Ойланып көріңіз, бір тәуліктегі 1440 минуттың 20 минутын ғана жан тыныштығына, тазалыққа арнай алмайсыз ба? Үйіңіз тап-тұйнақтай болып жиналып қалғаннан кейінгі рахаттану сезіміңізді еске түсіріңізші.
Бар зейінін бір арнаға шоғырландыруға 20 минут жұмсаған адам шығармашылық тоқырау жөнінде ойламай-ақ қоюына болады.
Ішкі үніне құлақ түріп, күнделік жазуға, өзіне өзі есеп беруге 20 минутын қиған жан кез келген шешімді ұзақ толғанусыз-ақ қабылдай алатын жағдайға жетеді.
Күніне 20 минут уақытты қаражатыңызды қайда жаратқаныңыз туралы есеп жасауға арнасаңыз, айдың аяғында жалақы жетпей қалатын, шығындарды ойлап бас қатыратын жағдайлардың алдын аласыз.
Барлығына уақыт бөлгенде деніңізді саулыңғына, мүсініңіздің сымбатты болуына алтын уақытыңызды қия алмайсыз ба? Спортпен айналысуға да күніне жиырма-ақ минут арнаңыз.
Кез келген іс бастамасында қиындық туғызуы мүмкін. Ол тірлікті істеуге құлшынысыңыз болмай, мойыныңыз жар бермей тұрса да, 20 минут шыдап бағыңыз. Артынша бойыңыз үйреніп, талпыныспен істей бастайсыз.