Балаңыздың туу туралы куәлігін онлайн алу мүмкін бе?

Балаңыздың туу туралы куәлігін онлайн алу мүмкін бе?
Фото: egov.kz

Электронды үкімет жобасы аясында жасалған egov.kz порталын қолданушылар күн өткен сайын артып келеді. Бұл Қазақстан азаматтарының интерактивті қызметке бейімделе бастағанын білдіреді. Порталға тіркелу арқылы сіз халыққа қызмет көрсету орталығына келіп, өтініш білдіруге кететін уақытыңызды үнемдейсіз. Дегенмен онлайн қызмет алу үшін электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) алуға тиіссіз. Содан мемлекеттік қызмет көрсету үшін төленетін баз салығын төлейсіз.

Электронды үкімет порталында 12 түрлі сала бойынша қажет құжаттарды алуға болады. Олардың ең біріншісі - Отбасы. Бұл батырманы басу арқылы сіз бала, отбасы жағдайы және қамқорлық, қорғаншылық, қолдау бойынша мәлімет алу мүмкіндігі бар.

Онлайн қызмет алу үшін алдымен egov.kz порталына тіркелесіз. Сосын ЭЦҚ енгізу арқылы қызметтерге өтініш бере аласыз.

Бала

Бала айдарында көптің көкейінде жүрген мемлекеттік тапсырыс бар балабақшалар туралы ақпарат алуға болады. Сонымен қатар, баланы асырап алу, Қазақстандағы патронат пен баланы қамқорлыққа алу шарттары мен талаптары туралы мәліметтер де берілген.

Бала айдары арқылы алуға болатын қызметтер тізімі:

• Туу туралы куәлікті қайталап алуға өтініш алу 
• Патронат тәрбиешiлерге берiлген баланы (балаларды) асырап-бағуға ақшалай қаражат төлеуді тағайындау 
• Жетім баланы және (немесе) ата-анасының қамқорлығынсыз қалған баланы асырап алуға байланысты біржолғы ақшалай төлемді тағайындау 
• Алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін медицина ұйымдарына тіркелу 
• Ұлды/қызды асырап алу туралы куәлікті қайталап алуға өтініш беру

Отбасы жағдайы

Отбасы айдарындағы екінші негізгі айдарша арқылы сіз некені тіркеу үшін аймақтық АХАТ бөлімшелері туралы мәліметті аласыз. Сонымен қатар, мұнда Қазақстандағы неке келісімшарты мен олардың ортақ мүлкіне қатысты құқықтар мен талаптар туралы білуге болады.

Одан бөлек, "отбасы жағдайы" онлайн қызметтер түрі мынадай:

• Баланың тууын тіркеуге электрондық өтінішті беру 
• Некенің бұзылуы туралы тіркеуге электронды өтініш беру 
• Туу туралы куәлікті қайталап алуға өтініш алу 
• Аты, тегі, әкесінің атының ауысқаны туралы анықтама алу 
• ЖСН туралы мәліметтер алу

Қамқорлық, қорғаншылық, қолдау

Бұл батырмаға өтіп, сіз Қазақстандағы балаларды асырап алу талаптары, асырап алушы ата-аналар мектебі, сондай-ақ, балалар қамқоршысыз қалған балаларды мүлкін сақтау туралы мәліметтермен танысасыз. Одан бөлек, Алматы, Астана қалаларындағы және ҚР облыстарындағы балалар үйінің мекенжайлары мен байланыс нөмірлерін алуға болады.

Ал, бұл айдар бойынша онлайн қызметтің 5 түрі бар. Олар:

• Кәмелетке толмағандарға меншік құқығы негізінде тиесілі мүлікпен жасалатын мәмілелерді рәсімдеу үшін қорғаншылық немесе қамқоршылық бойынша функцияларды жүзеге асыратын органдардың анықтамаларын алу 
• Жетім баланы және (немесе) ата-анасының қамқорлығынсыз қалған баланы асырап алуға байланысты біржолғы ақшалай төлемді тағайындау 
• 18 жасқа дейінгі балалары бар отбасыларға мемлекеттік жәрдемақылар тағайындау 
• Бала тууға және бала бір жасқа толғанға дейін оны күтуге жәрдемақы тағайындау (тағайындаудан бас тарту) туралы ақпарат алу 
• Патронат тәрбиешiлерге берiлген баланы (балаларды) асырап-бағуға ақшалай қаражат төлеуді тағайындау

Электронды үкімет - Қазақстанның сандық технологияны дамыту мақсатында жасаған бастапқы жобаларының бірі. Оның өзге де мүмкіндіктері жайлы кезекті мақаламызда тоқталып өтеміз.

Ж. Өрісбай