- Негізгі бет
- Жаднама
- Баланы үрейден арылтудың...
Баланы үрейден арылтудың жолы
Статистикалық мәліметтерге жүгінсек, 3-7 жас аралығындағы балалардың 88 пайызының бойында үрейдің болуы табиғи заңдылық көрінеді. Көбіне қараңғылықтан, жалғыз қалудан қорқу егер алдын-алмаса олардың мінез-құлқының өзгеруіне әкеліп соғады екен.
Шынында да, баланың көзімен қарағанда қараңғылықтан қорқынышты не бар. Айнала тас-түнек. Көз алдында жарқырап тұрған түрлі-түсті дүние сөнген шаммен бірге бірден жым-жылас жоғалады. Тас қараңғыда өзіне қарай түрлі жамандықтың бәрі төніп келе жатқандай. Күндізгі теледидардан көрген түрі құбыжық зұлымдық иелерінің кескін-келбеті сол сәтте елес береді. Шкафтың ішінде, төсектің астында әлденелер тығылып жатқандай сезіледі. Осындай үрейдің соңы баланың бір бөлмеде оңаша қалудан зәрезап болуына әкеліп соқпай қайтсін.
Мамандар балаларда мұндай қорқақтықтың пайда болуын бірнеше себептермен байланыстырады. Әсіресе, жазалау түрінде сәбиді қараңғы бөлмеге мәжбүрлікпен қамап қою, зіркілдеп ұрсу, тым қатты жазалау, тіпті, ұйықтар алдында майлы, етті тамақты тойдырып жегізу, ащы шай, кофе ішкізу де мазасыз ұйқы мен түнде үрейлене жылап оянудың басты себептері болып саналады.
Ал енді балаңызда осындай мазасыздық болса, одан арылтудың жолы қандай? Ең алдымен баланың жатын бөлмесі көз тартарлықтай безендірілгені жақсы. Жарығы көмескі шам төсекке таяу болып, бала ұйқыға кеткенше сөнбеуі қажет. Сырттағы тасыр-тұсыр, сықыр, шиқылға алаңдамауы үшін баяу әуеннің ойналып тұрғаны жөн. Құран сүрелері тыңдалса тіпті құба-құп. Сонда бала да елегізуін қойып, алаңсыз ұйықтауға бірте-бірте дағдылана бастайды.
Егер балаңыз өз қорқынышы туралы айтып берсе, оны жігерлендіріп, батыл болуға қайраңыз. Өз-өзіне сенімді болуы қажеттігін түсіндіріңіз. Өзіңіздің бала кезіңіз туралы, қорықпайтыныңыз туралы әңгімелер айтып беруге ерінбеңіз. Түрлі сыйлықтар арқылы батылдыққа ынталандыру да жақсы нәтиже береді. Жатар алдында баланы көңілдендіріп, бал қосылған жылы сүт ішкізсе ұйқысы тыныш болады.
Есте ұстайтын жағдай – қорқақтығы үшін балаға ешқашан ұрсып немесе оны басқа балаларға күлкі қылып жасытуға болмайды. Ол қорқақтықтан арылтпай, керісінше оның томаға-тұйық болып, мінез-құлқының бұзылуына әкеліп соғады.
Мамандар пікірінше, баланың үрейден ада-күде арылуына басты керегі ата-ананың мейірімі екен. Күндіз әкесі мен анасының үнемі айналып-толғануына мейілінше бөленген балада мұндай кесел мүлде бола бермейді екен. Сондықтан, баласы қандай қиқар мінезді болса да оның балалығына кешіріммен қарап, әкелік, аналық мейірімін төге білген ата-ана сәбилерін үрейден арылтамын сияқты әбігерге түспейді. Осыны есте тұтайық…
Дереккөз: namys.kz
О. Сансызбай