Баланы өтірік айтуға тәрбиелейтін – өзіміз

Баланы өтірік айтуға тәрбиелейтін – өзіміз
Фото: 4tololo.ru

Біз бала күнімізден өтірік айтудың жаман екенін жақсы білеміз. Бізді үйде де, мектепте де солай тәрбиеледі. Дегенмен кей кездері үлкендер жағы балалардың өтірік айтуына байланысты асығыс шешім қабылдайды. Себебі кішкене бала өтірік айта алмайды. Ол оның мәнісін әлі түсінген жоқ. Психологтар балалар өтіріктің мәнісін білмей, оны сезінбей жалған айтуға барады дейді. Ол қалай? 

1-мысал

Менің балам 2 жастан асқан шағында үйде тұрған аквариумның термометрін біреудің сындырып қойғанын түсіндім. Күдікті адам менің балам екені анық. Өйткені үйде екеуіміз ғана болдық. Мен баламнан «термометрді сен бе сындырған?»,-деп сұрадым. Ол: «жоқ, мен емес»,-деп жауап берді. Бірақ жүзінен жалғанның ызғары ұрып тұр. Кейін қайтадан «сен сонда не істедің?»,- деп сұрадым, ол: «мен тексердім»,-деп жауап берді. 

Шындығында бала өтірік айтты ма? Жоқ. Ол болған жағдайды қалай бар, солай баяндап тұр. Ол шынымен де аквариумге бір нәрсені тексеру үшін барды. Ол сол кезде термометрдің өзінің әсерінен суға түсіп, сынғанын білген жоқ. Болған істі күрделі дүниеге айналдырмай-ақ, аквариумге қол салып, термометрді алып жөндей салуға болар еді. Бірақ біз балаға «өтірік айттың» деген сылтаумен тәрбие бергіміз келеді. Ұрсуымыз керек. 

2-мысал

Бес жасар Алмасты әкесі қолғабының сыңарын таба алмағаны үшін жазалайды. Бірақ Алмас қолғапты алмағанын айтып жылайды. Әкесі оған сенбейді. "Тағы да өтірік айтып тұр" деп ойлайды. Ақыры жазаланған Алмас кешке әжесімен жылыған күйінде үйде қалды, қалғандары киноға кетті. Арада біраз уақыт өткеннен кейін әкесі іздеген қолғабын табады. Әрі баласының алмағанына көзі жетеді. Бірақ баласынан кешірім сұрап, қателігін мойындаудан бас тартады. Әкелік абыройды сақтау мақсатында. 

Бала өзінің айтқанына әкесін сендіре алмаса, бұдан былай шындық айтудың не керегі бар деп түсінеді. Бұл - үлкен қателік. "Шындықты айтсам да, өтірік айтсам да жазалы болатын - мен" деп түйген бала өтірік айтуға мәжбүрлі түрде баратын болады. 

3- мысал

Жеті жасар Жібектің аллергиясы бар. Оған шоколад жеуге болмайды. Тіпті мүлде жеуге болмайды. Бірақ оның әжесі Жібекке сабақтан қайтқан сайын шоколад алып береді. Немересін алдағысы келгені. Екеуара келісім жасайды: «Ал біз шоколад жегенімізді ешкімге айтпаймыз! Анаңды ренжітіп қайтеміз, бұл біздің сырымыз болсын!»,-деп. 

Осындай сыр Жібек пен әжесінің арасында жиі болып тұрады. Ал анасы болса, қызын емдеумен әлек. Уақыт өте келе әжесінің: «анаңды ренжітіп қайтеміз» деген сөзінен кейін, Жібек сабақтан келген соң күнделігінен жаман бағасы бар беттерді жыртып тастауды әдетке айналдырды. Мұны көрген әжесі "қазіргі жастар үлкендерді сыйламайды, өтірік айтады" деп реніш білдірді. Бірақ Жібекті алдымен өзі өтірікке тәрбиелегені әжесінің ойына кірген жоқ. 

Біздің балаларымыздың қандай болатыны бізге байланысты! 

М. Ақан