Әрине, дайын тағам жоқ. Тек тағамның рецептілері ғана бар. Сондықтан баланы ойыншық жинатуға үйретудің тек әдістерін ғана баяндаймыз. Бұл әрекетті үнемі, кезең-кезеңімен жасау арқылы балаңызды әдеттендірсеңіз ғана еңбегіңіз жемісті болады.
Біріншіден, ойыншықтарды шашып тастағаны әрі оны жинамағаны үшін дауыс көтеріп, ұрыс көрсетпеңіз. Балаға агрессия жасалған сайын табиғи инстинктісі кері әсер беріп, өзіңізге агрессия танытатын қырсық бола бастайды. Балалар қашанда айналасындағы адамдардың іс-әрекетіне, амал-әрекетіне мән береді. Сондықтан ойыншықты жинауды баламен бірге бастаңыз. Көбінде ата-аналар ойыншықты өзі жинайды да, осылай жинау керек деген тәрізді нұсқау береді. Алайда бұл жай ғана нәтиже ғой, қалай жинау керектігі жайында ақпарат, мағлұмат беріп отырған жоқсыз. Салдардың дұрыс еместігі жайында айту балаға ешқандай да ақпарат бермейді. Керсінше, осылай жасау керек деп бағыттауыңыз – нағыз мағлұмат.
Алғаш болып өзіңіз жинай отырып, балаға да ойыншық жинатыңыз, яғни баламен бірге жинаңыз. Басында бала тек 1-2 ойыншықты ғана жинауы мүмкін, ал қалғанын өзіңіз жиыстырыңыз. Кейінгі уақыттарда бала одан да көп ойыншықты жинауға ұмтылдыру қажет. Мұндай уақытта сіз тек 1-2 ойыншықпен тоқтаңыз, қалғанын бала реттесін. Бұл жұмысты баламен үнемі атқару қажет. Есіңізге түсіп кеткенде не жинау керек болғанда ғана әрекет етпей, баланың да, өзіңіздің де әдетіңізге айналдырыңыз. Үнемі, кезең-кезеңімен жасалған жұмыс нәтижесіз болмақ емес.
Ойыншықтарды жинауды ойын формасында өткізсеңіз болады. Яғни, жарыс түрінде өткізгеніңіз құба-құп. «Кім көп жинайды?» немесе «кім тез жинайды» тәрізді шарт қойыңыз. Ойын процесі балаларға қашанда стимул.
Немесе балаларға ойыншықтың да ұйықтауы, өз орнына жатуы, тұруы керектігі жайында ұқтырып, қуыршақтарды қорапта ұйықтайды деп, ал мәшинелер гаражда тұрады деп ескертсеңіз болады.
Сонда да бала ойыншық жинауға көнбесе, жиналмаған ойыншықтарды жеп қоятын «құбыжық қорап» ойлап табыңыз. Ал жиналмаған ойыншықтарды сонда тастаңыз. Олар тек аптасына бір реті қана беріледі деп ескертіңіз.
Бала айтқандарыңызды орындаса, міндетті түрде мақтаңыз, жылы сөздер айтыңыз. Баланың құштарлығы артады.
Кеңестеріміз мінсіз емес, әрине. Бірақ орындап көруге болады. Бала тәрбиесі оңай формула ғой дейсіз бе?! Үнемі жұмыс жүргізумен болу керек. Ата-анаға сол себепті бірінші кезекте шыдамдылық пен сабырлық қажет.