Бала тәрбиесі: Мария Монтессори технологиясы

Бала тәрбиесі: Мария Монтессори технологиясы
Фото: ©Massaget.kz

ХХ ғасырда бала тәрбиесіне өзгеріс әкеліп, төңкеріс жасаған тұлғалар бар. Солардың бірі – италиялық педагог Мария Монтессори. "Монтессори технологиясы" деген сөзді естіп жүрген боларсыз? Ол – Мария Монтессоридің бала тәрбиесі үшін жасаған әдісі. Бұл жүйенің негізі: баланың өз-өзін қамтамасыз ете алуы, еркіндігі, баланың психологиялық, физикалық, әлеуметтік дамуының еш қысымсыз, табиғи түрде жүруі.

Дүниеге келген сәби еркіндік пен тәуелсіздікке ұмтылады. Монтессори бұл процесті адам өмірінің биологиялық ұстанымы ретінде сипаттайды. Баланың тәні қалай дамыса, рухы да үйренуге бейім тұрады. Бұл жерде ересек адам балаға көмекші ретінде жұмыс істеуі керек. Монтессори педагогикасында ата-ана баланың көмекшісі ретінде қарастырылады. "Өзімнің істеуіме көмектес" – бұл баланың ата-анаға айтатын сөзі. Үйренетін адам – бала болғандықтан, мұғалім – баланың өзі болмақ. Ата-ана баланы оқуға ынталандырып, кейін бақылаушы рөліне өтуі керек. 

Бала оқитын жерін өзі таңдауы тиіс. Ата-ана балаға осындай мүмкіндікті сыйлауға ұмтылуы қажет. Аталған әдіс бойынша, балабақшада өте нәзік фарфор тәрбие құралы ретінде қолданылады. Балалар нәзік затты қалай қолдану керектігін түсініп, оның бағасына жетуді үйренуі керек. 

Мария Монтессори жүйесінің өзегі – әр бала өзінше, арнайы дайындалған ортада, жеке жоспар бойынша дамиды. Ата-ананың міндеті – баланың барынша дамуына көмектесу. Бала қателік жіберсе, қай жерден қателескенін түсінеді, бірақ, ересек адам тарапынан жаман баға алмайды, нашар сөз естімейді. 

Аталған жүйе дәстүрлі педагогикадан бөлек. Монтессори әр баланы қайталанбас, дара тұлға ретінде қарайды, бүкіл кеңістік иесі бала, ал ересек адам –  көмекші және баланың қадамын бақылаушы. 

Р. Роза