- Негізгі бет
- Жаднама
- Бала екпеден қорықпауы...
Бала екпеден қорықпауы үшін
Бала кезіңізде сіздің де ата-анаңыз дәрігер кабинетінің алдында: «Шыда, уколды ауыртпай салады, тек маса шаққан сияқты шым етеді, болды» деп алдаусыратты ма? Бірақ сіз бірнеше минуттан кейін алданғаныңызды біліп, біраз уақыт бойы ақ халатты адамды, піспені көрсеңіз қорқып қашып жүрдіңіз, солай ма? Тіпті балалық шақтан қалған қорқынышты есейгенде де жеңе алмаған адамдар бар.
Балаға түсіндіру
Тіпті екі жасар бала болса да, оны «масамен» алдамай, шындықты айтып түсіндіруге болады. «Балам, қазір саған екпе салады (саусағыңнан қан алады), сонда сен ешқандай ауруға шалдықпайсың. Саған жақсылық ойлағандықтан осы жерге келдік. Мен жаныңда боламын», «Сәл ғана ауырады, жыламай шыдасаң бірнеше секундта ауырғаны бірден басылады» деген секілді сөздермен баланы дайындауға болады. Процесті рет-ретімен айтып шықсаңыз да артық етпейді. Алдымен дәрігерге кіреміз, ол сенің қолыңды уқалайды, содан кейін укол салады, одан соң ауырғаны басылсын деп қызыл дәке жабыстырады, болды, шықаннан кейін екеуміз ойнаймыз деген секілді сөздерді айтып қойсаңыз ол алдын ала қорықпай, тынышталады.
Дем беру
«Жарайсың, жақсы шыдадың», «Не деген батыл бала едің», «Аздап қорықсаң да уколдан қашпай салғызудың өзі ерлік», «қандай батыл екеніңді міндетті түрде әкеңе айтамыз» – деген секілді мақтау сөздердің өзі құшақтау секілді бірден жанын тыныштандырады.
Батылдығы үшін марапаттау
Укол салғызудан алдын ала бала жақсы көретін тәттіні не жаңа ойыншықты алып қойып, укол салғаннан кейін беруге болады. Кей емханаларда бала қан тапсырғаннан кейін оған үрленетін шар не печенье береді. Ал сіз баратын мекемеде ондай жағдай қарастырылмаған болса, балаңызға көрсетпей тосын сыйыңызды алдын ала дәрігерге тапсырып қоюға болады.
Назарын басқаға аудару
«Ауырды ма? Өткен жолы екеуміз көрген мультфильм есіңде ме? Сонда мысық қызық мияулап еді ғой», «Мәссаған, қарашы, шкафтан тышқан қашып шықты» – осылай баланың назарын басқаға аударуға тырысу тәсілі жақсы көмектеседі. Ол үшін балаңыздың жасы кіші, әлі толық есін білмейтін болуы керек.
Процеске қызықтыру
Кей ата-ана образды ертегі құрастырады: саусақтан қан алып жатқанда – «әне, пойыздар кетіп бара жатыр, пу-у-уп». Болмаса: «Дәрігер укол салғанда сенің ішіңе микророботтар кіреді, олар сені үнемі қорғап жүреді, осылайша сен супер күшті қаһарманға айналасың».
Позитивке шақыру
Ал енді бір ата-ана балаға уколдың ауыртатынын айтып әуре болмайды. Дәрігерлерге баланың оң көзқарасын қалыптастыру үшін медициналық құралдардан құралған ойыншық сатып алып, бала өзі дәрігер болып ойнауына мүмкіндік жасайды. Яғни қолына ойыншық уколды алып, ата-әжесіне, ата-анасына, бауырларына екпе жасап шығады.