- Негізгі бет
- Жаднама
- Бал ашуға құмарсыз...
Бал ашуға құмарсыз ба?
Адам тағдыры өте күрделі. Пешенеге жазылған немесе тағдырдың маңдайға жазылғаны бар деп жатады. Әр адам өз тағдыры үшін, болашағы үшін алаңдайды. Жақсылықтан үміттену, таңғажайып нәрселерге сену, түрлі қатердің алдын алу адамзат үшін қызық нәрсе. Осындай жағдайлардан болса керек, адамдар арасында бал ашу дәстүрі қалыптасқан. Бал ашудың қоғам арасында қалыптасқан бірнеше түрі бар. Ата-бабаларымыз айға, жұлдызға қарап келер күнді жорамалдаған болса, шығыста шайға немесе кофеге қарап болжам жасайды екен. Кім неге сенсе, сол болады.
Шайға қарап болжам жасау Қытай елінен бастау алады. Бұл тәсіл өте қарапайым, көп уақытты қажет етпейді. Егер шай ішкен кесеңнің сол жағында бір шама шай қалдығы, (кей жерлерде шәмбі немесе сама деп те атайды) ал оң жағында екі шама қалса, бұл – бақыттың белгісі. Махаббатта, сабақта және қаржы мәселесінде сені табыс күтіп тұр деген сөз. Егер екі шама кесенің екі жағынан бетіне қалқып шықса, жамандықтың белгісі. Сүйікті адамыңмен ұрысып қалуың мүмкін. Қысқасы келеңсіздікке тап болу қаупі бар. Егер кесенің екі жағынан сопақ пішіндес болып екі шама қалқып шықса, жағдайың жақсаратынының белгісі. Ал егер шама шай түбінде жатса, жағымды жаңалықтар күтіп тұрғаны.
Қоюланған кофеге қарап болжау. Бұл – бал ашудың ең танымал түрі. Ресейде кофе ішу дәстүрге айналған күннен бастап, болжаудың бұл түрі кеңінен таралып кеткен. Қарапайым адамдарға кофе өрнектері жай ғана мәнсіз қалдық болып көрінуі мүмкін. Десе де, зер салып қарайтын болсақ, көп нәрсені аңғаруға болады екен. Кофе құйылған кесені екі жағынан екі қолыңмен ұстап тұрған жөн. Болжау жасау үшін кофені түбіне дейін тауысу керек. Қалған қалдықты кесе түбінде бірнеше мәрте шайқап, кесені бетін табақшамен жауып, төңкеру қажет. Қалған сұйықтық толығымен табақшаға ағып түскенше күту керек. Кеседе қалған қалдық өрнектері болашақты, ал табақшадағы өрнек өткен күнді көрсетеді. Өрнектен адам көзінің бейнесін байқасаңыз, ғашықтардың кездесуі мүмкін, жоғалған заттың табылмайтынын айтқысы келгені. Бейнелер ағаш, орман, өсімдікке ұқсас болса, ұрыс-керіс, сәтсіздік, қайғы, жалғыздықты білдіреді. Ал шабындық, егіндік, алқаптар – ұзақ саяхат, сауық-сайран салу деген сөз. Шіркеу, мұнара, зәулім сарайлар ауқаттыларға көрінсе – үлкен табыс, кедей-кепшікке көрінсе – бар дүниеден айрылу, бойдаққа үйлену керектігін болжайды. Жан-жануар бейнесі жау-дұшпандардың ұятқа қалуын көрсетеді. Құс мүсіні – жайсыз хабарды, ит – адал достықты білдіреді.
Барлығы да тағдырға жазылған, жорамал жасау жай ғана жақсылыққа сенуден шыққан.
Ә. Жутаева