Бақытты болуды әркім әртүрлі түсінеді десе де, ең басты бақыт – ойыңа алған арман-мақсаттарыңа жету екені анық. Әрдайым арман-мақсаттарының биігінен көрінетін адам ең бақытты адам. Ал мақсатқа жетуге не кедергі? Оған қалай жетуге болады? Назарыңызға ұсынып отырған өзін өзі жетілдіруге арналған қарапайым он кеңес арман-мақсаттарыңызға жетуге игі ықпалын тигізері даусыз.
Ерте тұрудың пайдасы
Бүгінгі ғылым ересек адам үшін толыққанды демалуға 6 сағаттық ұйқы жеткілікті екенін анықтап отыр. Өкініштісі сол, көп адамдар 8, одан да көп сағат ұйықтайды және сорақысы сол, түні бойы теледидар көріп, немесе қонақта болып түс ауғанша ұйықтайтындар көп. Бұның денсаулыққа ғана емес, адам санасына да айтып жеткізгісіз зардабы бар дейді ғылым.
Сондықтан, деніңіз сау, өзіңізді сергек сезінгіңіз келсе, ең бастысы санаңыз ашық болсын десеңіз, ерте жатып, ерте тұрыңыз. Таңғы сағат 6-ға дейін оянып кетуге тырысыңыз. Ерте тұру сізге күнұзақ сергектік сыйлайды, екіншіден, ерте тұрғандықтан сол күні істейтін шаруалараыңызды пысықтап, жоспарлап алуға мүмкіндігіңіз болады. Ал, бұл мақсатқа жетудің ең басты және негізгі қадамы.
Өзіңе көңіл бөл
Әр күні таңертең белгілі бір уақыт өзіңіздің болашағыңызға ой жүгіртіп, ертеңгі күніңіз туралы ойлаңыз. Бұны ғылыми тілде медитация немесе визуализация деп түрлі атаулармен атайды. Мәселе оның атында емес, затында. Болашақта кім боламын, нендей мақсатқа жетуім қажет, бақытты болу үшін не істеуім керек деген сияқты сауалдарға жауап табуға тырысыңыз және өзіңіздің бақытты, бақуатты болашағыңызды көз алдыңызға келтіріңіз. Бұл ертеңгі биіктерге құлшындырып, бұлыңғыр арман-қиялдарыңызды нақты мақсаттарға, ал оны жоспарларға айналдырады. Бұл – мақсатқа жетудің екінші шарты.
Басым бағыттарды анықта
Әрбір күні атқаратын жұмыстарыңызды жоспарлай отырып, ең бірінші кезекте атқаратын басым бағыттарыңызды дәл анықтаудың маңызы зор. Американдық профессор Стив Джобс Стендфорд унивреститетінде оқыған лекциясында: «әр күні таңертең егер менің кешке дейін ғана өмірім қалса бірінші кезекте не істер едім деген сауалды қойып, атқаруға тиісті ең маңызды шаруаларыңызды анықтап, соны атқарыңыз» деген еді. Мұндай өміріңіз үшін ең маңызды шаруаларды атқару сізге міндетті түрде жетістік әкеледі. Рокфеллердің «егер байығыңыз келсе, бірінші кезекке ақшаны қоймаңыз, ең алдымен көңіліңіз қалаған шаруаны қойыңыз, сол сүйікті ісіңіз сізге байлық әкеледі» деген сөзін есіңізден шығармаңыз.
Жағымды ойларды серік етіңіз
Көңіліңізді көтеретін жағымды ойларды әрдайым айнымас серік етіңіз. Сонда сәттілік сізбен бірге болады. Адамдардың көбі ақыл-ойларын өздеріне қиындық әкелетін түрлі проблемалар мен түйткілді мәселелерге аударып, үнемі солар жайында ойлап жатады. Бұлай жасау сізге сол қиындықтан құтылуға көмектеспейді, керісінше, ақыл-ойыңыз арқылы қиындықта мәңгі қалуға жағдай жасайды. Қиындықты ойлап, содан неғұрлым құтылсам деп қашқан сайын, ол сізге желімдей жабыса түседі. Одан құтылу үшін – ол жайында ойламай, керісінше көңіліңізді көтеретін жағымды ойларға беріліңіз.
Әрдайым күлімсіреп жүріңіз
«Күлкіден сайтан қашады» деген сөз бар. Күлімсіреп жүру, тіпті ол жасанды болса да сізге көңілді көңіл күй сыйлайды. Жапон, қытай халықтарының арасында кездескенде міндетті түрде күлімсіреп амандасу сияқты жақсы дәстүр бар. Бұл бәлкім жасанды шығар, десе де ол айналасындағы адамдарға жылылық сыйлап, күлімсірей амандасқан адамды жұртшылыққа сүйкімді көрсетеді. Бұл адамның айналасындағылармен қарым-қатынасын жақсартады, екіншіден, жасанды болса да жағымды көңіл күй сыйлайды. Ал жағымды ойларды серік еткен адам міндетті түрде жақсылыққа жолығады. Яғни, магнит сияұқты жақсылықтарды өзіне тартады.
Жақсы идеяларды жазып жүріңіз
Әрдайым қол астыңызда қойындәптер болғаны дұрыс. Санаңызға келген жақсы идеялар болса бірден қойын дәптеріңізге жазып отырыңыз. Жақсы идеялар үнемі келе бермейді. Сондықтан оны жазып отырсаңыз және жазғандарыңызды оқып, сол идеяларды жүзеге асыруға тырыссаңыз өмір баспалдағы биіктерге бастары даусыз.
Күн сайынғы жоспар
Күнде кешкілік телесериалдар көріп, достарыңызбен сыра ішіп қыдырғанша, оңаша отырып сол күнгі атқарылған істеріңізді қортындылап, ертеңгі шаруаларыңызды жоспарлап алсаңыз, мақсат биіктерінен көрінетініңіз анық. Қайыршыдан ханзадаға айналған атақты тұлғалардың өмір тәжірибесі осыны айғақтайды.
Адамның күні адаммен
Сіз фәни жалғанда жалғыз емессіз, әрдайым өзге адамдардың арасында өмір сүріп, солармен араласуға тура келеді. Сондықтан, сіздің жетістікке жетуіңіз басқалармен дұрыс қарым-қатынасыңызға және олардың жақсы тәжірибелерінен үйренуіңізге байланысты болмақ. Сондықтан әрдайым өзіңіз мақсат етіп қойған биіктерге жеткен адамдармен араласып, солардың тәжірибелерін үйренуге көңіл бөліңіз. Бұл міндетті түрде сізді жетістікке жеткізеді.
Ең бастысы – мақсат, нәтиже емес
Адамдардың көбі алдарына қойған мақсаттарына жетудің басты өлшемі – нәтижеге жету деп санайды. Сөйтіп олар үнемі нәтиже туралы ойлап, ол қашан келеді деп тағаттарынан айрылып жатады. Шындығында, ең бастысы нәтиже емес — мақсат. Мақсатыңыз бар екен, онда сол мақсат туралы ойлап, соған жететін әрекеттерді жасаңыз. Ал нәтиже күндердің күнінде өзі келеді. Фейсбук желісінің негізін қалаған миллиардер Марк Цукерберг бір сұхбатында ақша туралы ешқашан ойламағандығын, бар ой-арманы интернет арқылы жұртшылықтың қарым-қатынасын жақсартуға қол жеткізу болғанын айтады.
Күніңіз күлкімен басталсын
Әр күні таңертең ұйқыңыздан оянған соң айна алдына келіп өзіңізге қарап тұрып күліңіз. Осылайша, күніңізді күлкімен бастаңыз. Мейлі ол жасанды күлкі болсын, бәрібір күлкімен басталған күніңіз күлкімен аяқталатын болады. Жасанды күлкі ақырындап санаңызға берік еніп, табиғи күлкіге, жағымды көңіл күйге ауысады. Ал жағымды көңіл күй міндетті түрді жағымды жаңалықтар мен сәттіліктерді тартады. Арманға жетудің басты қадамы да осы.
Түйін: Сізге ұсынылған қарапайым осы 10 кеңесті нақты жүзеге асыру, оны кәдеңізге жарату сізден көп уақыт пен күш-қуатты қажет етпейді. Оның есесіне мінез-құлқыңызды өзгертіп, мақсат биіктерінен көрінуге жетелейді. Бұл жәй айтыла салған сөз емес, өмірде армандарының асқақтарынан көрінген атақты тұлғалардың тәжірибелерінен алынған шындық.
Дереккөз: alashainasy.kz