БАЖА – Басы Алтыннан Жасалған Адам

Қазақ халқы ежелден туыстық қарым-қатынастарға, бауырмалдылыққа аса көп мән берген. Жаңа түскен келін қайын інілерімен қалжыңдасып, сыр шертісетін болса, күйеу бала балдыздарымен әзілдесіп ойнап, кейде бір-бірін әжуа етіп жататын кездері де болады. Мұның негізінде отбасына жаңа енген адам, яғни келін, я күйеу бала тезірек сол отбасына сіңіп, жақындасып кетсін деген сипат жатыр. Бұл қазақ халқының басқа жұртқа ұқсамайтын ерекшелігі.

Әсіресе қазақы туыстық қарым-қатынастарда бажалардың, яғни апалы-сіңлілі немесе туысқан қыздарға үйленген жігіттердің бір-біріне деген құрметі ерекше болады. Ежелден келе жатқан «Төрт аяқтыда бота тату, екі аяқтыда бажа тату» деген мақалы бажалардың көңіл жақындастығын айқын сипаттайды.

Замандас екі, я одан да көп күйеу жігіттер қыздың төркініне келген уақытта немесе туған-туыстардың жиындарында бас қосып, әңгімелері жарасып, атқарар істерді бірге атқарып, көмек сұрағанда қол ұшын созып, әлі де таныс емес ортада бір-бірлерінің жалғызсырамауларына мүмкіндік берген. «Бажа бажаны көрсе басы қышиды», «Құс жаманы шажа, Ілік жаманы бажа», «Бажалар бас тырнаспайды», «Балдыз болса қаншалық, Бажа болар соншалық» деген мақал-мәтелдер осындай татулық қарым-қатынас негізінен шықса керек. Сонымен қатар, қалжыңы жарасқан әзілқой күйеу балалардың БАЖА сөзін аббревиатура етіп, Бас Ауырғанда Жазатын Адам деп заманауи тілге аударылған түрі ел аузында кеңінен таралған.


Жақында қазақстандық арналардың бірінде бажалардың туыстық қатынастарына негізделген «Бажалар» комедиялық телехикаясы көрерменге жол тартқан еді. Хикая қазақтың тыныс-тіршілігін айқын суреттегендіктен көптің көңілінен шығып, көзайымына айналды. Телехикая шықпас бұрын «Бажа» сөзіне түрлі аббревиатура және мәтелдер ұсынудан әлеуметтік желілерде байқау өткен болатын. «Өнер - халықтыкі» демекші, жұрт жапа-тармағай түрлі мәтелдер ұсынып, қызықты түсініктемелер жазды. Солардың біразын назарларыңызға ұсынамыз:

БАЖА - Балдыздың Аяғына Жығылмайтын Адам

БАЖА - Бауырмал-Ақкөңіл-Жанашыр-Адам

БАЖА - Барлық Адамдарды Жақындастыратын Азамат

БАЖА - Балдызы Арқылы Жақындасқан Адамдар

БАЖА - Бірге Ауру Жұқтырған Адам

БАЖА - Барлық Айлықты Жоғалтатын Адам

БАЖА - Барын Аямайтын Жомарт Адам

БАЖА - Балдызының Алдында Жорғалайтын Адам

БАЖА - Білгенін Айтудан Жалықпайтын Адам

БАЖА - Бетіне Айтқанды Жақтырмайтын Адам

БАЖА - Басы Алтыннан Жасалған Адам

БАЖА - Бірігіп Алса Жатпайтын Адамдар

БАЖА – Бауыр, Ағайыннан да Жақын Адам

БАЖА - Басқалары Алыстағанда Жақындайтын Адам

БАЖА - Басты Ауыртпайтын Жалғыз Адам!

"Бажа бажамен бажаша сөйлессін" Б.Бажабаев

Балалы үй базар, бажалы үй асарда жер қазар!

Бажаң болса қасыңда, талтаңдасаң талтаңда.

Бір ауылда мың туысың болғанша,
Әр ауылда бір бажаң болсын.

Кірпі баласын жұмсағым дер,
Бажа бажасын "Бажухам" дер.

Бажаның айтқаны, жарының айтқаны!

Жақсы бажа – бажа,
Жаман бажа – жаза.

Туысы бірдің қонысы бір,
Бажасы бірдің уысы бір.

Бажаның қадірін бажалы болсаң білерсің.

Бажада өкпе бар да, кек жоқ.

Адамның сырын адам білмесе де, бажаның сырын бажа білер.

Бажалар тату болса үйді күлкістан етеді, апалы-сіңілі тату болса үйді гүлстан етеді.

Бажалар жиналса – жұдырық.

Бір бажа - самал, екі бажа - амал, үш бажа - жамал, төрт бажа – қамал.

Бажа көбейсе, дұшпан аяқ астында.

Бажаға барар жол балдыздың аяғының астында.

Бажаның аузы жесе де қан, жемесе де қан.

Сурет: twitter.com, vk.com

Дайындаған: Анар Мұстафина